КҮРІШ БАР ЖЕРДЕ ЫРЫС БАР

Ал өндірістің қысқару себебі – судың тапшылығында
Жер шарындағы күріш өсіруге қолайлы өңірдің бірі – біздің Сырдарияның жағасы. Күріш өсіру қазақтың қолынан келеді. Алысқа барудың қажеті жоқ, күріш өсіруден Социалистік еңбек ері атағын екі мәрте алған атақты Ыбырай Жақаевтың атын атасақ та, жетіп жатыр. Ол аз десеңіз, күріш өсіруден Одақтық деңгейде рекорд жасап, СССР Жоғарғы кеңесінің депутаты болған Ұлбала Алтайбаева тағы бар.
Жасыратыны жоқ, планета халқы соңғы геосаяси жағдайларға байланысты азық-түлік пен тағамның, табиғи өнімдердің бағасын енді біле бастағанға ұқсайды. Соңғы кезде жер жүзін аштық қатерінің күтіп тұрғаны туралы дабыл Біріккен ұлттар ұйымы тарапынан да айтыла бастады. Оның үстіне алдағы уақытта жарты әлемді асырап отырған Шығыс Еуропа бидайының біраз елдерге жетпей қалуы мүмкін деген қауіп те бар. Азық-түлік проблемасы дәл осы тұстан ушығады.
Қазір қазақ үкіметі азық-түліктің тапшылығына, қымбаттауына байланысты өзіндік құны біршама төмен отандық өнімдер өндірісіне айрықша көңіл бөліп отыр. Оның ішінде, әлбетте, күріш бар. Ал елдегі күріш өндірісінің, оның қайтарымының жайы қалай?
Биыл елімізде күріш өндірісі біршама қысқаратынға ұқсайды. Бұл туралы таяуда ауыл шаруашылығы министрлігі ресми мәлімдеме жасады. Әрине, қазіргі жағдайдан алып қарағанда, бұл – қуанарлық жаңалық емес.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің болжамына сәйкес, биыл күріш өндірісі былтырғы 473,6 мың тоннадан 30,2 мың тоннаға қысқармақ. Күріш алқаптарының көлемі – 91,1 мың гектар. Бұл былтырғы көлемнен 5,3 мың гектарға аз.
Аталмыш ведомствоның берген деректеріне қарағанда, былтырғы күріш өндірісінің көрсеткіші соның алдындағы 2020 жылғыдан әжептәуір төмен болыпты. Демек, елдегі күріш өндірісі жыл сайын қысқарып келе жатыр деген сөз.
Ежелден белгілі ақиқат – ішкі өнім өндірісі халықтың сұранысына сәйкес болуы шарт. Басқаша жағдайда кез-келген мемлекет импортқа тәуелді болмақ. Қазақ үкіметі осы жайды да есепке алды. Қазіргі жағдайда ел тұрғынын күрішпен толық қамтудың мүмкіндігі бар. Бүгінгі таңдағы күріш өндірісінің көлемі ішкі нарықтағы сұраныстың 220 пайызы болып тұр. Сондай-ақ биылдың 1-ақпанындағы деректер бойынша шикізаттың артық 228,8 мың тоннасы бар көрінеді. Әрине, қазіргі жағдаймен алып қарастырғанда, бұл – дәтке қуат ететін жағдай. Ол аз десеңіз, біздің үкіметтің күрішті сыртқа экспорттайтын қауқары да бар.
Соңғы деректерге қарағанда, елімізде азық-түліктің жалпы қымбаттау деңгейі 20 пайызға жуықтапты. Ішкі өнім өндірісін біржақты қолға алудың қажеттілігі осы жерден көрініс береді. Алайда үйдегі көңілді базардағы нарық бұзбақ, ішінде біз сөз етіп отырған күріш те бар, азық-түліктің қымбаттауы күмәнді ойларға да себеп болып отыр.
Мәселе алдымен сол тауар бағасына байланысты.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің берген деректеріне қарағанда, бағаның көтерілуіне көп фактор әсер етпек. Оның ішінде, тауар мен қызмет түрі бағасының көтерілуі, тиімсіз делдал қарасының көбеюі, сауда объектілері тарапынан бағаны көтеру, көрші елдердегі және әлемдік нарықтағы дәл сондай өнімнің бағасының қымбаттауы бар. Ішінде күріш те бар, ауыл шаруашылығы өнімін өсіріп, жинап алуға алдымен техника, сосын жанармай және жағармай қажет. Мәселе дәл осы тұстан ушығады. Атап айтқанда, былтырдың қаңтар және желтоқсан айлары аралығында дизель отыны 46,5, электр қуаты 9,3, газ тасымалы 5,5, бензин 19,6, көмір 9,5 пайызға қымбаттаған. Осының бәрі жеме-жемге келгенде күріштің, сондай-ақ басқа да өнімнің күрт қымбаттауына әкеліп соғады.
Көктемде ғана ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев биыл суармалы алқаптардағы егіс көлемі 2,6 миллион гектардан 1,4 миллион гектарға дейін қысқаратынын айтқан еді. Қазіргі жағдаймен алып қарағанда, бұл – қуанатын жағдай емес.
– Суармалы дақылдардың диверсификациясы одан әрі жалғасуда. Мәселен, күріш алқаптарының көлемі былтырғымен салыстырғанда 8,7 мың гектарға қысқарады. Оның ішінде Қызылорда облысында 5,3 мың, Түркістан облысында 2,9 мың және Алматы облысында 600 гектарға қысқармақ. Мақта алқаптарының көлемі 115 мың гектарға дейін ұзартылады. Әрі бұл былтырғыдан 5 мың гектарға көп, – деп атап көрсеткен болатын министр.
Оған қоса Е.Қарашөкеев мырза суғарылатын алқаптар мөлшерін диверсификациялау жөніндегі жұмыстардың министрлік пен жергілікті әкімдіктердің тұрақты бақылауында болатынын атап көрсетті. Осы мәселеге байланысты премьер-министр Әлихан Смайылов экология және сыртқы істер министрліктеріне су дипломатиясына байланысты берік ұстанымдар қабылдауды тапсырған.
Өйткені суы аз, тіршілік көзі үшін Орта Азия елдеріне әжептәуір тәуелді біздің еліміз үшін бұл мәселе – өте өзекті. Тау өзендері бастау алатын Қырғызстан мен Өзбекстанның қит етсе су көздерін бітеп тастайтын оқиғалары да бастан өткен.
Енді қазақ үкіметі қазіргі таңда негізгі тамақтың біріне айналып отырған күріш өндірісін неліктен қысқартпақ, дегенге келейік. Ең басты себеп – судың тапшылығында. Соның әсерінен алдағы уақытта елдегі күріш өндірісі 9 мың гектрға дейін қысқармақ.
Мұндай тенденцияның бұрын да байқалғанын аңғару қиын емес. Мәселен, осының алдындағы жылы Түркістан облысының Мақтарал ауданындағы күріш егістігінің көлемі 1200 гектар болса, биылғы көлем – 800 гектар ғана.
Осылай жалғасып келе жатыр...
Дегенмен, күріш бар жерде ырыс бар, сондықтан қазақ үкіметі алдағы уақытта негізгі азық түрінің бірі саналатын күріш өндірісін қолдайтын болар деген үміт әлі де жоқ емес.
ӨМІРЗАҚ МҰҚАЙ







