Ұлттық өнім
6 мин оқу 652

Текеліде өндіріс өркендеп, отандық өнім көбейді

26 тамыз 2022
Текеліде өндіріс өркендеп, отандық өнім көбейді

Отандық нарықта 70 жылдан бері іркіліссіз жұмыс істеп келе жатқан «Текелі сүт зауыты» жуырда стакандағы тұзды айран мен дәстүрлі рецептпен құрт шығара бастады. Сөйтіп зауыттың шығаратын өнім түрлері оннан асты, яғни сары май, сүзбе, қаймақ, майлылығы әртүрлі сүт пен айранның қатары жаңа өнімдермен толықты. Сонымен қатар эксперимент ретінде «Сулугуни» ірімшігін өндіруді де қолға ала бастады. Алдағы уақытта балмұздақ шығаруды жоспарлап отыр.

Кәсіпорын директоры Денис Дёнің айтуынша, жазғы маусымда зауыт өңдейтін сүттің көлемі тәулігіне 13 тоннаға жетеді, ал қыста бұл 7 тонна шамасында. Шикізат ретінде «Хильниченко», «Райманов», «СПК» сияқты ірі фермерлік шаруашылықтардан күніне 2 тоннадан 3,5 тоннаға дейін сүт қабылданады. Сол сияқты 100-ге тарта жеке ауладан да сүт сатып алынады. Қа­былданатын сүттің бағасы сапасына қарай 160 теңгеден 213 теңгеге дейін. Ол алдымен арнайы зертханада тексеріліп, 3 фильтрден өткізіледі, тек жарамды сүт қана ары қарай пастерлеуге жөнелтіледі.

Дайын өнімдер негізінен Текелі, Талдықорған және Алматы қалаларында саудаланады, сонымен қатар аздаған бөлігі Ескелді ауданы Қарабұлақ ауылында және Көксу ауданының Балпық би ауылында сатылады. Мәселен, өткен жылы бір айда Алматы қаласына Текелі сүт зауытының 3 тонна өнімі өткізілсе, биылғы жылы бір айда сатылған өнім көлемі 5 тоннаға жетіпті.

Кәсіпорынның іргесі 1953 жылы қаланған. Содан бері қандай қиын кезеңдерді бастан кешсе де, тоқтаусыз жұмыс істеп келеді. «Зауытқа 1990 жылдары жұмысқа келдім. Алғашында шебер болып бастадым. Содан бері зауытты сақтап қана қоймай, өнім көлемін арттыруға да қол жеткіздік, мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіп­орынымыз жаңғыртудан өтті», – дейді отыз жылдық тәжірибесі бар маманның бірі, технолог Валентина Курбак.

2015 жылы зауыт «Өндіріс-2» мемлекеттік бағдарламасы­ның «Даму» бағыты бойынша жеңілдікпен 171 млн. теңге несие алған. Бұл қаржыға заманауи құралдар сатып алынды. Алынған заем қарызынан келесі жылы кәсіпорын толық құтылды. «Сары май өндірісі қашаннан шығыны көп өндіріс саналады, сондықтан біз сары май үшін субсидия аламыз. Өздеріңіз қарасаңыздар, 1 келі май алу үшін 25 литрдей сүт кетеді. Қазір оның 1 келісін дайындауға кететін шығын бізде шамамен 5300 теңге.

Бұл электр энергиясын тұтыну мен жолға кететін шығындарды қоспағандағы есеп. Ал мемлекеттік қолдаудың көмегімен біз дайын майдың килограмын 4 мың теңгеден сатамыз. Әрине, бұл да арзан емес, бірақ біз өз өнімдеріміздің сапасына зор жауапкершілікпен қараймыз. Біздің майымыз – таза сары май, былайша айтқанда әжелеріміздің ешқандай қоспасыз табиғи жолмен дайындайтын рецептіндегідей дайындалады. Өкінішке қарай Талдықорған қаласындағы сауда дүкендерінде Текелінің майы деп 1600 теңге мен 2000 теңгенің аралығында сапасы төмен майларды саудалайтынын білдік. Сатушылардан неге олай жасайтынын сұрағанда, олар Текелі сүт зауытының майы десек, тауар тез өтеді дейді. Бірақ бұл біздің имиджімізге нұқсан келтіреді. Біз сапасыз өнім шығармаймыз» , – дейді зауыт директоры Денис Дё.

Директордың мәліметіне қарағанда, өткен жылдан бері зауыт ассортиментті көбейте түскен. Алдын ала жүргізілген зерделеу жұмыстарының қорытындысында халықтың тұзды айранға деген сұранысы көп екенін анықтаған. «Өнімнің осы түрін шығару үшін қосымша құрылғы сатып алудың қажеті болмады. Тек рецепті таңдауға келгенде біраз ойландық. Алдымен оның бірнеше түрін жасап көрдік. Оған 3 айдай уақыт кетті. Ақыры дәмі неғұрлым үй айранына ұқсас түріне тоқталдық. Жаңа өнімнің құны – 90 теңге. Сол сияқты құрт шығара бастадық. Кәсіпорынға құрт жасауды жақсы меңгерген жергілікті әйелдердің бірін шақырып, ол үй жағдайында құрттың қалай жасалатынын түгелдей көрсетіп берді. Қазір құрт өндіруде ауқымды көлемге шыға қойған жоқпыз, «Аз болса да саз» дегендей, әзірше эксперимент түрінде шығарып жатырмыз. Әзірге дүкендерге әрқайсысында 30 құрт салынған пластик ыдыстарда өткіземіз», – деді зауыт директоры.

Кейінгі жылдары өнімнің сырт­қы қаптамасына да көп көңіл бө­ліне бастады. Дизайнын Алматы қаласындағы жастар ұйымы әзірлеген. Бір қызығы, жастар жұмысты бастамас бұрын Текеліге арнайы келіп, өнімнің сапасына көз жеткізген. Алған жақсы әсерлері оларға дизайн жасауда жаңаша серпін берген сияқты. Соның нәтижесінде зауыт ұжымы бірнеше нұсқаның ішінде қызылды-жасылды түстермен көркемделген, Текелі тауларының шыңы мен сүт тамшыларын әдемі үйлестіре сызған дизайнға тоқталды. Ұжымның «иә», «жоқ» деп дизайн түрлеріне дауыс берген кезде көтерген плакаттары директордың кабинетінде әлі күнге тарих ретінде сақталып тұрған көрінеді.

Жалпы кәсіпорын сұйық өнім­дерге арналған финпак пен пластик стакандарды Ресейден сатып алады. Қазір олардың бағасы 2-2,5 есе өскен. Жол тасымалының да шығындары бұрынғыдан едәуір ұлғайды. Сондықтан өнеркәсіптің іргесін одан әрі кеңейту үшін мем­лекеттің қолдауы қажет дейді кәсіп­орын басшысы.

Қазір зауытта 50 адам жұмыс істейді, олардың орташа жалақысы – 90 мың теңге. Жұмысшыларға тегін таңғы ас пен түскі ас беріледі.

Жетісу өңіріне қарасты Текелі моноқаласы барлық жағынан дамып келеді. Мәселен, Текелідегі кәсіпорындар елдегі мәрмәр ұнтағына деген қажеттіліктің 80 %-ын қанағаттандырып отыр.Жетісу өңірінде мәрмәр ұнтағын алғаш­­қылардың бірі болып шығара бастаған кәсіпорын – Текелідегі «Art-KZ» ЖШС. Серіктестіктің өнімі құрылыстағы түрлі құрғақ қоспаларға, бояуларға қосылады. Жалпы Текелі өңіріндегі кәсіп­орындар еліміздегі мәрмәр ұнта­ғының сұранысын 80%-ы жа­уып отыр. Бұған дейін бұл өнім шет елдерден тасымалданатын.

Серіктестіктің атқарушы директоры Евгений Майерленің айтуынша, кәсіпорын 2008 жылы құрылған, дегенмен мәрмәр ұнтағын шығару бастамасы «Алатау мәрмәр» ұйымынан басталған. Бүгінде «Art-KZ» ЖШС 15 мың тонна шикізат өндіреді, сонымен қатар айына 300 тонна дайын құрғақ қоспа шыға­рады. «Біз шығаратын мәрмәр ұнтақ «AlinEX» брендінің өнімдері «Белоснежка», «Радуга», «Selena» сияқты танымал бояулардың құрамына қосылады. Біз дайын құр­ғақ қоспаларды өзіміз өндіре бастадық. Біздің шикізаттарымыз бен өнімдеріміз негізінен Талдықор­ған, Алматы және Нұр-Сұлтанға жіберіледі. Инвестор осыдан 3 жыл бұрын өз қаржысына құрал-жаб­дықтарды жаңартты», – деді Евгений Майерлен.

Оның айтуынша, қазір зауыт 15 адамды жұмысқа алуға дайын, кәсіпорындағы диірменге машинист керек. Машинистер 218 мың теңгеге дейін жалақы алады. Зауытта 3 бригада бар, ондағы әр жұмысшы айына 15 күн жұмыс істейді, еңбек демалысы 30 күн. Оған қоса кәсіпорын өз тарапынан жұмысшы жалақысының 5% көлемінде жұмыс беруші есебінен қосымша зейнетақы жарнасын төлейді. Нысанның өз карьері бар. Қазір зауытта 50 адам еңбек етеді, ал жалпы мәрмәр кластерінде 500-дей адам жұмыспен қамтылған. «Бүгінгі жастар қол еңбегінен қашады, одан гөрі блогер болып, интернетте отырғанды ұнатады. Бірақ біздің жаңа құрылған облысымызға өнеркәсіпті көтеріп, құрылысты ұлғайту керек. Экономика үшін оның маңызы зор. Біз өз тарапымыздан қолымыздан келгенше отандық құрылыс саласын дамытуға үлес қосып келеміз, жұмыс орындарын ашып, өндірісті жолға қойдық. Қазір кәсіпорынның ең жас маманының жасы 22-де, ең үлкені мен, 72 жастамын. Мен өмірімнің елеулі бөлігін осы салаға арнадым», – деді Евгений Эмильевич.

Жалпы Текелі моноқаласының облыс өнеркәсібі өндірісіндегі үлесі 13,1% болып отыр. Мұнда құрылысқа қажетті құрғақ қоспалар, ашытқы, бордюр, таурит, сүт өнімдері шыға­рылады. Өткен 7 айда қала экономикасына 2909,6 млн. теңге инвестиция тартылған. Сол сияқты Текеліде шағын және орта бизнестің 1500 субъектісі бар, оларда 3800 адам жұмыс істейді. Өткен 7 айда шағын және орта бизнесте 6425,0 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, қызметі көрсетілген.

НҰРЛАН ҚҰМАР

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

Текеліде өндіріс өркендеп, отандық өнім көбейді · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар