ERG: Қуатты турбиналар – құтты орында

26 тамыз 2022
ERG: Қуатты турбиналар – құтты орында

Хромтау қаласы тұрғындарының көбі Дөң тау-кен байыту комбинатында жұмыс істейді. Сондықтан өндіріс орнындағы тұрақтылық, экологиялық қауіпсіздік, технологиялық даму әркез назарда ұсталып келеді. Осы бағытта ERG Ақтөбе облысындағы ең қуатты жел электр станциясының құрылысын бастады.

Қуаттылығы 115 МВт болатын жел электр стансасы жобасы ERG кәсіпорындарының декорбонизация бағдарламасы аясында әрі ESG қағидаттарына сәйкес салынып жатыр.

40 мыңнан астам тұрғыны бар Хромтау маңындағы 150 гектар аумақта жел генераторының паркі бой көтереді. Жел электр стансасын салу кезінде тың инжиниринг әрі жоғары технология қолданылады. IEC S санатындағы қуатты турбиналар жергілікті ауа райына бейімделеді. Олар желдің секундына 3 метрден 25 метрге дейінгі жылдамдығында қуат алады. Нәтижесінде еліміздің батыс аймағындағы күрт құбылмалы ауа райы жағдайында қажетті көлемде қуат өндіруге мүмкіндік тумақ. Электр қуаты «Қазхром» ТҰК» АҚ Дөң тау-кен байыту комбинатына жеткізіліп тұрады. ERG алғашқы жел электр стансасы жобасына шамамен 110 млрд теңге көлемінде инвестиция салды. Құрылыс кезеңінде мұнда 300-ге тарта жұмыс орны ашылады. Станса іске қосылғаннан кейін 30 адам тұрақты жұмыс істейді.

«Мемлекет басшысы «жасыл экономикаға» өту аясында энер­гияның баламалы және қалпына келтіріліп жатқан түрлерін өндіру жұмыстарын дамыту міндетін қой­ды. Аталмыш тапсырманы орындау аясында біздің өңірде үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осындай қуатты жел электр стансасы­ның құрылысы – облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуын­дағы маңызды оқиға», – деді Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин капсула қалау салтанатында.

ERG директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевич президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі бастамасын толық қолдаумен, Дөң тау-кен байыту комбинатын жел электр қуатына көшіруге нық қадам жасалға­нын айтты. «Кейін бұл сәтті кейсті ERG-дің өзге де кәсіпорындарында қол­данамыз деген ниеттеміз. Жел электр стансасын салу бойынша тәжірибеміз Қазақстанның өзге де ірі кәсіпорындарына үлгі болса дейміз», – деді ол.

Ал қазіргі кезде Дөң тау-кен байыту комбинаты 45 МВт-қа жуық электр қуатын тұтынып отыр. Келешекте өндіріс қуаты ұлғайып, жаңа жобалар жүзеге асатынын ескерсек, сұраныс 80 МВт-қа дейін артуы мүмкін. Стратегиялық бағдарлама аясында қуат тапшы­лығы мүлде болмайды, әрі эколо­гиялық жағынан өте тиімді. Жел электр стансасы көмірден қуат алуды азайтуға мүмкіндік береді. Яғни, көмірқышқыл газының атмосфераға шығарындылары жылына 520 мың тоннаға дейін азаяды. ERG экологиялық стратегияны негізге алып, СО2 шығарындыларын 2 млн тоннаға дейін азайтуды жоспарлап отыр. 2030 жылға қарай шығарындылар көлемі – 56%, төкпелер көлемі – 30%, су тұтыну мөлшері – 33% тө­мен­детіледі.

ERG-дің экологиялық стратегия­сы бар. Топ 2030 жылға дейін 900 млрд теңге бөліп, Дөң тау-кен байыту комбинатында шлам өңдейтін байыту комбинатын салуды жос­парлап отыр. Бұл кәсіпорында жиналған шлам көлемін азайтуға септігін тигізеді, әрі жылына 700 мың тонна өнім алынады. Сонымен бірге концентрат сапасы 48,5%-дан төмен болмайды деп күтілуде. Жылына 1,7 млн тонна шикізат қайта өңделмек. Жобаны жүзеге асыру арқылы биылдан бастап концентрат тапшылығы азаяды деген болжам бар. Фабриканы 2023 жылы толық қуатына шығару көзделген. Жобаға құйылған жалпы инвестиция көлемі – 50 млрд теңге. Мұнда 270 тұрақты жұмыс орны ашылады. Ақтөбе хром қосындылары зауытында да ферроқорытпа газынан электр қуатын алатын жобаның құрылысы басталады. Оның қуаттылығы 100 МВт болады. Сөйтіп, алдағы бес жылда шығарындыларды тағы 50% азайту көзделіп отыр.

Бүгінде Дөң тау-кен байыту комбинатында «Қазақстан Тәуелсіз­дігінің онжылдығы» шахтасының екінші кезеңі салынып жатыр. Шах­таның жаңа кезеңі хром кенінің өндіріс көлемін жылына 7,5 миллион тоннаға дейін жеткізуге мүм­кін­дік береді. Сәйкесінше, орта және ұзақмерзімді перспективада ферроқорытпа зауыттарының үз­діксіз жұмысын қамтамасыз етеді. Мұнда дәстүрлі өнімділігі төмен игеру тәсілдерін жаңасына алмастыру көз­дел­ген. Шахтаның екінші кезеңін іске қосу нәтижесінде мың жұмыс орны ашылады. Құйылған инвестиция көлемі – 877,6 млрд теңгеден асады.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

ERG: Қуатты турбиналар – құтты орында · Мұрағат