Тамшылатып суарып, толағай өнім алып отыр

Биыл Жетісу облысында 23 мың тоннаға жуық алма жиналады деп күтілуде. Жалпы бақтардың алаңы 5200 гектардан асады, соның 3700 гектары – алма бағы.
Ескелді ауданындағы бір ғана «Савченко» шаруа қожалығында алманың 15-тен астам түрі өсірілсе, соның басым бөлігі – отандық сорт. Соның ішінде «Алматы апорты», «Алматы Синабы», «Рубин», «Айдарет»,«Рашида», «Золотое превосходное», «Алатау арайы» және т.б. түрлері бар.
Владимир Савченко 30 жылдан астам уақыттан бері алма бағымен айналысады. 1990 жылдары колхоздан бөлініп шығып, дөңнің үстінде қараусыз жатқан шағын бақты пай есебінде алған. Тынымсыз еңбектің арқасында бірте-бірте бақ жемісін бере бастады. Алманың ала түспен бояп қойғандай көрінетін отандық «Салтанат» сорты бірінші болып жемісін жегізді. Владимир Алексеевич алма ағаштарын күтіп-баптаудың жайын өз бетімен үйренді, қатесінен сабақ ала жүріп, тәжірибесі толысты, түрлі семинарларға қатысып,мамандармен пікір алмасып, әр қилы әдебиеттерді оқып, бағбандық шеберлігін жетілдірді. Бүгінгі күні Теректі ауылында орналасқан бағы 38 гектарға жеткен. Жалпы бір маусымда одан 100-120 тонна алма жиналады.
«Ниет болса бәріне қол жеткізуге болады. Оған қоса төзімділік пен еңбекті серік етсең, дегеніңе жетесің. Жалпы біздің табиғи-климаттық жағдайымыз бақ өсіруге, соның ішінде алмаға өте қолайлы. Теңіз деңгейінен 900-1200 метр биіктік – алмаға нағыз керегі осы емес пе?! Су бізге тартылған каналдар мен құбырлар арқылы тау өзендерінен өз ағысымен келеді. Сонымен қатар тамшылатып суару әдісін пайдаланамыз. Әрине, алғашында қиындық болады. Бірақ еңбек бәрін жеңеді. Мұны осы кәсіпті енді бастап жатқан бағбандар білуі керек. Әсіресе алғашқы үш-төрт жылда бақты күтіп-баптауға көп көңіл бөлген жөн. Сол бастапқы кезеңде біз мемлекеттен субсидия алдық. Ол да әжептәуір көмек болды. Дегенмен бақтың жемісін кемінде бес жылдан кейін көре бастайсың», – дейді ол.
АЙЖАН ЖАСБАТЫРҚЫЗЫ







