ҚАЗАҚ КӨМІРІ ЕУРОПАҒА МОЛЫНАН ШЫҒАРЫЛМАҚ

Еуроодақ елдері Украинадағы соғысқа байланысты тамыз айынан бастап Ресейдің көмірін сатып алмайтын болды. «Біреу өлмей, біреуге күн жоқ» дегендей, Еуразиялық кеңістіктегі көмірі мол елдің бірі есебінде бұл тенденцияның елімізге оңтайлы әсер етуі мүмкін, деген болжамның да шеті шыға бастады.
Расында да, біздің ел жылдың басынан мамыр айына дейін көмірді Еуропаға былтырғыдан анағұрлым мол экспорттады. Еуроодаққа шығаратын көмір мөлшерін қазақ өкіметі соғыс басталысымен арттырғаны белгілі. Жылдың басында ай сайын 140-200 мың тонна болған көмір экспортының көлемі наурыз айында 300-400 тоннаға жетті. Ал бұрнағы жылдары біздің ел бұл құрлыққа сәуір және мамыр айларында небары 60-70 мың тонна көмір ғана жөнелтетін.
Еуразиялық одақтағы басты әріптестің қарсылас тарапты әлсірету үшін өзінің мұнайымен қоса қазақ мұнайын да Батысқа жібермеудің әрекетін бастағаны мәлім. Каспий теңізі арқылы өтетін КТК мұнай құбыры кідіріспен жұмыс істеп тұр. Рас, соғыстың аты – соғыс, қарсы тарапты шикізат қорыннан тарықтыру – заңды стратегия. Алайда Мәскеу Қазақстан өзінің басты одақтасының бірі екенін қаперге алмайтын сияқты...
Еліміз көмірді Еуропа елдеріне негізінен Ресей мен Прибалтика порттарынан теңізбен тасымалдайды. Биылғы осы жолмен жеткізілген көмірдің мөлшері – 782 мың тонна. Оған қоса теміржолмен 635 мың және автожолмен 90 мың тонна көмір жөнелтілген көрінеді. Былтырдың көмір экспортына көз жүгіртсек, еліміздің Ресейге 19 млн., Швейцарияға 4,8 млн. және Белоруссияға 1,9 млн. тонна көмір экспорттағанын байқаймыз.
Кен өндіруші және кен-металлургия кәсіпорны қауымдастығының басшысы Николай Радостовецтің айтуынша қазақ өкіметі бұл орайдағы ықтимал проблемаларды алдын-ала ойластырғанға ұқсайды.
– Жалпы, біз біртұтас экономикалық кеңістікті, Ресеймен және Белорусьпен экономикалық одақты теңізге шығу мақсатында осы елдердің транзит аймақтарын пайдалану үшін құрғанбыз, – дейді ол.
Биылдың бірінші тоқсанында Еуроодаққа жеткізілген энергетикалық отынның көбі, яғни 51 пайызы Ресей арқылы өткізіліпті. Соған қарағанда қазақ көмірі тасымалының КТК-ның кебін құшуы екіталай сияқты. Осыдан төрт ай бұрын Еуропа елдері Еуроодақтың бесінші санкциялық топтамасына енген ресейлік көмір импортына қарсы шектеу қоюға келісті. Соған сәйкес, Еуроодақ 10-тамыздан бастап Ресейден апарылатын көмір мен басқа да отын түрінің импорты мен транзитіне тыйым салды. Деректерге қарағанда, бұл шектеудің ресейлік көмір импортының төрттен біріне қатысы бар. Соның салдарынан Ресей жыл сайын 8 млрд. еуродан қағылмақ. Санкция арқылы Еуропа елдеріне көмір тасымалы тәртібінің өзгеретіні де белгілі.
Кейбір сарапшының пайымынша, Еуропаның көмір нарқын игеру оңай емес. Себебі, орыс өз көмірін батыс елдеріне барынша төмен бағада өткізіп келді. Ал басқа экспорттаушы ел үшін ондай төмен бағаның тиімсіз болуы да мүмкін көрінеді.Дегенмен Еуропа елдерінің Ресей көміріне деген сұранысы жоғары болғаны белгілі. Бір ғана Англия өткен жолы Ресейден 267 млн. доллардың көмірін импорттапты.
Осының алдында «Ресей теміржолы» акционерлік қоғамы қазақ көмірін Ресей арқылы тасымалдауға байланысты біздің тараптың жоспарына келісуден бас тартты. Соған сәйкес «Қазақстан теміржолы» көмірді проблемалы аймақтарды айналып өтіп, Латвия мен Беларусь арқылы жаңа тасымал жолын іздестіруге кірісті. Рас, елімізде көмір жеткілікті. Бұған дейін Кузбастың сапалы көмірімен бәсекеге түсе алмаған, соған сәйкес сұранысы аз болған біздің шикізат үшін жаңа нарықтың пайда болуы, әлбетте, қуанышты жағдай.
Алайда ішкі сұранысты да ұмытпау керек. Себебі, еліміздің көп жері суық, аязды. Көп аймаққа газ құбыры тартылмаған. Халық жаппай көмір жағады. Еліміздің биылғы ішкі сұранысы 7 млн. шамасында. Әлбетте, Қазақстан сияқты көмірлі мемлекет үшін бұл анау айтқандай көп мөлшер емес. Оның үстіне ішкі тасымалдың құны да арзан. Себебі, мемлекеттің өз ішінде көмір көбіне автожолмен тасымалданады.
Сонымен, еліміз теміржолмен Еуропаға көмір тасымалын арттырды. Соған орай индустрия министрлігі көмірді автомобильмен тасуды шектеу туралы шешім қабылдады. Бұл тыйым жарты жылға созылмақ. Ол жылыту маусымының жақындауы мен қуат көздеріне деген сұраныстың артуына байланысты.
Қазақ көміріне деген сұраныс Ресейде де бар. Өткен бес айда Ресейге біздің елден 8,4 млн. тонна көмір жеткізілген. Ал былтырғы еуропалық елдердің үлесіндегі жалпы экспорт көлемі – бүкіл өндірілген көмірдің 18 пайызы.
Биылдан бастап жағдайдың өзгеретіні байқалып отыр. Өткен бес айда Еуропаға Қазақстанда өндірілген көмірдің үштен бірі жөнелтілді. Мемлекеттік кірістер комитетінің деректері бойынша қаңтар-мамыр айларында Еуропаға тасымалданған көмірдің мөлшері былтырдың сәйкес мерзімінен 2,5 есеге артыпты. Атап айтқанда, ақпанда 1,48 млн. тонна, наурызда 904 мың тонна, сәуірде 1,46 млн. тонна, мамырда 697,4 мың тонна, маусымда 868,1 мың тонна қазақ көмірі кәрі құрлыққа жеткізілген. Жалпы алғанда биылдың 5 айында Еуропаға экспортталған біздің көмірдің жалпы көлемі – 4,5 млн.тонна. Ал былтырдың сәйкес мерзімінде бұл көрсеткіш 1,8 млн. тонна болған.
Бұған дейін қазақ көмірінің жолын бөгеп, бәсекелес болған Ресей көміріне салынған санкцияның, айналып келгенде, біздің ел үшін пайдалы болатын түрі бар. Ендігі мәселе осы мүмкіндікті тиімді пайдалану болып тұр.
ӨМІРЗАҚ МҰҚАЙ







