Руханият өрісі
6 мин оқу 193

Мемлекеттік тіл – ел мерейі

14 сәуір 2022
Мемлекеттік тіл – ел мерейі

1989 жылдың 22 қыркүйек күні мемлекеттік тіл ретінде өз мәртебесін алғанда халқымыз бөркін аспанға атып, мәре-сәре болып қуанғаны рас. Содан бері де 33 жыл уақыт зымырап өте шығыпты.

«Тіл – ақылдың өлшемі, ұлттың жаны» деген қағидалы сөзге сүйенсек, бүгінгі таңда мемлекеттік тіл мәселесінің жағдайы көңіл көншітпейді. Қазіргі жастардың қазақ тілінде сөйлеуден ұялатыны байқалады. Алкөшеде кетіп бара жатқандардың көпшілігі орыс тілінде шүйіркелесіп бара жатқанын жиі байқаймыз. Жастар – ел ертеңі десек, өзге тілде сөйлеп жүрген қандастарымыз болашақта еліміздің дамуына қандай үлес қосады деп осындайда ойға қаласың. Себебі адам қай тілде сөйлесе, сол ұлттың менталитетін, салт-дәстүрін, танымын өзінің бойына сіңіріп алатыны жасырын емес.

Бұдан басқа елімізде жоғары дәрежелі лауазымды қызметте жүрген қазақ азаматтарының басым көпшілігі – орыс мектептерінің түлектері. Бұрынғы Кеңес Одағы заманында орыс тілі қандай маңызды тіл болғанын бәріміз білеміз. Орысша білмеген адам ол кезде жұмысқа орналаса алмайтын. Тіпті кез келген қоғамдық орында жұрттың күлкісіне қалмау үшін қандастарымыз қазақша сөйлеуге қысылатын. Егер орысша дұрыс сөйлемесең,«говори на человеческом языке» деген өктем дауысты айналадан еститінің анық.

Тәуелсіздік алғаннан кейін еліміздің терезесі басқа елдерге де ашылды, түрлі шетелдік компаниялар көбейді. Олар өздерімен бірге мәдениетін де, салт-дәстүрін де ала келді. Ағылшын тілі дүниежүзіне ортақ тіл екенін айғақтаудың нәтижесінде қазақ тілі артқа шегініп, қазан ошақтың төңірегінде ғана қалып қоя жаздады. Әрине, үкіметіміз қазақ тілін дамыту мақсатында көптеген шаралар жүргізуді қолға алды. Өзге ұлт өкілдерімен қатар өзіміздің қаракөздеріміз де тіл сындырды. Біраз нәтиже болды. Бірақ өкінішке қарай 100 пайыздық күткен нәтижедей болмады. Ұлт зиялылары, билік басындағылар, шен-шекпенділер қазақ тілін біліп қана қоймай, сол тілде ойлайтын, сол тілде мұң кешіп, сол тілде қуанатын болып, осы тілде адами болмысы сомдалғанда ғана қазақ тілінің көсегесі көгеріп, өсіп-өркендейтіні анық. Ал қазіргі жағдайда қазақ тілін білуді міндеттеген нақты талап болғанымен, тіліміздің қолданылу аясы кеңеймей тұр. Мәселе осында.

Иә, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін елімізде түрлі тілде оқытатын курстар ашылды. Бұрынғы Кеңес одағы кезінде бізге таңсық болып келген испан, қытай тілінде оқытатан орталықтар көбейіп кеткенін көргенде таңғалмасқа шара қалмады. Сонымен тіл оқытатын курстар көбейген соң, жастардың шетел тілін оқуға деген құмары артқаны жасырын емес. Әсіресе, бірінші кезекте мектеп қабырғасында оқып жүрген жасөспірімдердің ағылшын тіліне деген ынтасы күннен-күнге артып келеді. Бұған сай кез келген жерде халықаралық тілде оқытатын мекемелер алдыңыздан шығады. Оқу курсының бағасы да әртүрлі. Тіпті қымбат болғанына қарамастан оқып жүрген қандастарымыздың көп екенін байқауға болады. Ал жаппай ағылшын тілін игеруге құлшынып жүрген жастардың көксегені белгілі. Тіл оқыту орталықтарында азаматтардың ағылшын тілі курсына сұранысы өте жоғары.

800 миллионға жуық адамның күнделікті тіліне, ал бүкіл әлемде 1 миллиард 500 миллионнан астам адамның аздап хабары бар тіліне айналған ағылшын тілі күннен-күнге қанат жаюда. Тек ағылшынша сайрасам болды, болашақта шетелдік жоғары оқу орындарында немесе фирмада жұмыс істеп, нанымды тауып жесем болды деген ой берік қалыптасқан. Бұндай жастардың мемлекеттік органдарда жұмыс істеуге, еліміздің көркеюіне деген ынтасы төмен. «Ағылшын тілінде кез келген ұлт өкілі сөйлейді», «егер бұл тілді білсем жалақысы көп жұмысқа орналасу мүмкіндігі жоғары болады» деген пікір қалыптасқаны көпшілікке аян.

Әлемде кең таралған тілдердің бірі болып саналатын, Біріккен Ұлттар Ұйымының 6 тілінің біріне жататын, аудиториясы 300 миллион адамға жуықтайтын орыс тіліне деген сұраныста аз емес. Бір қызығы, аудиториясы 300 миллионнан да аз, француз, кәріс, жапон, түрік, португал тілдеріне деген қызығушылық артуда. Әлемде кең таралған тілдердің бірі болып саналатын, Еуропа, Латын Америкасында өте кең таралған, БҰҰ-на кіретін, аудиториясы кем дегенде 427 миллионды құрайтын испан тілін оқытатын арнайы курстар бір кезде өте аз болатын. Ал қазір елімізде бұл тілді білсем дегендердің саны көбеюде. Тіпті, статистикалық мәліметке сүйенсек, елімізде 20 мың адам испан тілін еркін меңгерген екен.

Түркі халықтарының ішінде түрікше 71 миллион, әзірбайжанша 33 миллион, өзбекше 28 миллион адам еркін сөйлейді. Бұдан басқа бұл ұлттарда біздегідей тіл мәселесі жоқ. Бәрі де рет-ретімен шешіліп қойған. Ал халқы 1 миллиард 300 миллионнан асып жығылатын Үндістан халқының негізгісі болып саналатын хинди тілінде небәрі 290 миллион адам сөйлейді. Бұл елдің құрамында болып өз ана тілін сақтаған ұлттарды көруге болады. Статистикаға сүйенсек, Үндістандағы телугуше 74 миллион 200 мың, маратхише 71 миллион 800 мың, тамильше 67 миллион 800мың, урдуша 60 миллион 290 мың, панджабише 57 миллион, гуджаратша 46 миллион, каннадаша 35 миллион, орияша 33 миллион адам еркін сөйлейді екен. Әлі де тәуелсіздігін алмаған бұл халықтардың тілдік аудиториясы біздің мемлекеттік тілімізден бірнеше есе көп екенін байқауға болады.

Жаhандану заманында ағылшын тілі жылдан-жылға өз үстемдігін жүргізуде. Шабуыл жан-жақты сипат алып ұлттық тілдерге қауіп туғызуда. Француз тіліне де өз тазалығын сақтау оңай болмай тұр. Тіл саясаты үшін оларды шовинист, басқа тілдерді сыйлай алмайды деп кінәлауда.

Елімізде ересектұрғындардың 70 пайыздан сәл астамы мемлекеттік тілді біледі деген мәлімет шындыққа жанаспайтын сияқты. Қазақ тілін білетін жастардың саны статистикалық мәліметтерге қарағанда анағұрлым аз болуы мүмкін. Статистикалық мәліметке сүйенсек, дүниежүзінде 13 миллионға жуықтаған адамның ана тіліне айналған қазақ тілінде әлі де көптеген мәселелер бар. Ал іргелі ел боламыз, елдігімізді сақтаймыз десек, мемлекеттік тілді меңгеріп, қолдану аясын кеңейтіп, өркен жаюына әрбір ұлтжанды азамат өз үлесін қосқаны абзал. Болашақта елімізде қазақ тілінің мәртебесі биік болатынына сенімдімін. Себебі, біріншіден елімізде демографиялық өсім жергілікті халықта жоғары екендігі байқалып келеді. Мәселен, 2021-2022 жылғы оқу маусымында бірінші сыныптар арасында тіпті «ю»-ге дейін сыныптардың бар екендігін көрдік. Бұл бүлдіршіндердің барлығы қаладағы қазақ мектебін таңдағандар болып шықты. Екіншіден, елімізде славян тектес орыс, украин, беларусьтардың саны жылдан-жылға азайып, халқы қартайып бара жатқаны жасырын емес. Үшіншіден, елімізге Қытай,Өзбекстан, Ресей және басқа да мемлекеттерден келіп жатқан қандастарымыздың да мемлекеттік тілдің көркеюіне қосып жатқан үлесі аз емес.

Иә, бәрі де уақыттың еншісінде. Құдайға шүкір, еліміз барлық мемлекеттермен терезесі тең дәрежеде иық тіресіп келеді. Еліміз жылдан-жылға көркейіп келеді. Осыған сай, мемлекеттік тілдің де мәселесі өз шешімін тауып, біртіндеп реттеліп келе жатқанына қуанамыз.

Салтанат ҚАЖЫКЕН

 

Пікірлер:

 

Ескен ДӘУЛЕТКЕРЕЙ, құрылысшы:

–Мемлекеттік тілдің проблемасы бір күнде шешілетін мәселе емес. Бұл олқылықты жөндеуге қарапайым халықтан бастап, жоғарыда отырған көкелерімізге дейін шешуі қажет. Өзім құрылыс саласы бойынша оқыдым. Осы салада жұмыс істеймін. Шындығын айту керек, құрылыс тілінде қазақша жазылған оқулықтар өте аз. Сондықтан мемлекеттік тілде техника саласы бойынша оқулықтар көбейсе джақсы болар еді...

 

Виталий ЦЫГУНОВ, IT маманы:

–Алматы қаласында туып, өстім. Әке-шешем орыс болғандықтан мені ресми тілде оқытты. Алайда бойымда тілді меңгеруге лайықты қасиетім болғандықтан, қазақ тілін еш қиналмастан үйрендім. Әсіресе, әртүрлі байқайлар мені шыңдады. Конкурстардан аса жоғары нәтиже көрсете алмасам да, алайда тілді меңгеріп акцентсіз сөйлеуіме көп пайдасын тигізді. Меніңше, елімізде әртүрлі ұлт арасында байқау өткізген дұрыс. Бұл тілді меңгеруге өз үлесін қосады. Бұдан басқа қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін, көптеген игі жолдарды қоюға болады ғой. Мәселен, мемлекеттік тілді білмейтіндерді жұмысқа алмаймыз деген қатал талап болса, көптеген азаматтарымыз өздері-ақ ізденіп аз да болса меңгерер еді.

 

 

Қайырбек КЕНЖӘЛІ, кәсіпкер:

–Иә, елімізде қазақ тілінің әлі де болса шешілмеген мәселесі көп. Балаларым орысша сөйлей бастаса барынша тыйым салуға тырысамын. Өз басыма келсем тоқсаныншы джылдардың өзінде-ақ тегімдегі «ин» жұрнағын алып тастағанмын. Арамызда әлі де «ов, ова, ев, ева» болып жүрген қазақтар көп-ақ. Нағыз үлгі көрсету отбасынан басталады емес пе?! Балаларым қалада туып, өскеніне қарамастан бір-бірімен ана тілінде шүлдірлеседі. Қазақ мектебінде оқиды. Егер барлық отбасы мемлекеттік тілге жанашыр болса бұл мәселе көп ұзамай-ақ өз шешімін табатынына сенімдімін.

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

Мемлекеттік тіл – ел мерейі · Мұрағат