Жастардың бастамалары қолдау табады

28 шілде 2022
Жастардың бастамалары қолдау табады

Еліміз жастарының мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған «Zhas Project» жобасы аясындағы шағын гранттар конкурсына өтінімдер қабылдау басталды. Биыл жоба Алматы, Жетісу, Қарағанды, Ұлытау, Маңғыстау және Түркістан облыстарында іске асырылмақ.

Zhas Project – «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан», деп Абай атамыз үндегендей, еліміздің өркенді дамуы жолындағы үлкен іске өзіндік үлес қосып, өмірден өз орнын табуға ұмтылған жастарымыздың қол созған арман-мақсатына жету­дегі мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған жоба. «Zhas Project» жобасы аясында Алматы, Жетісу, Қарағанды, Ұлытау, Маңғыстау және Түркістан облыстары жастары­ның бастамаларын қолдауға Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі 250 шағын грант бөлді. Әр гранттың мөлшері 1 миллион теңгені құрайды. Жобаның операторы – Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы.

Жобаға қатысушылар «Zhas Project» арқылы өз өңірлерінде үздік деп танылған әлеуметтік идеяларды жүзеге асыра алады. «Осындай қолдаудың арқасында біз жастардың көшбасшылық қасиеттерін дамыта аламыз, олардың әлеуметтік және кәсіби білімін арттыруға, өз дағдыларын жетілдіруіне көмектесіп, менторлық қолдау көрсете аламыз», – дейді Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы басқарма төрағасының міндетін атқарушы Ғалым Құрман.

 «Zhas Project» аясында өткі­зілетін шағын гранттар конкурсына әлеуметтік жобалар ұсынатын NEET санатындағы 18-29 жас ара­лығындағы қазақстандықтар немесе жастардың осал топтарын қолдауға және жергілікті жерлердегі әлеуметтік проблемаларды шешуге бағытталған жобаларды іске асыруды көздеген жастар қатыса алады.

Жобада әлеуметтік жағынан аз қорғалған санатындағы азаматтарға, атап айтқанда, жұмыссыз деген ресми мәртебесі бар қыз-жігіттерге, аз қамтылған отбасыларда тұратын жастарға, жетім және мүгедек жас азаматтарға, мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға, көпбалалы отбасыларға, сондай-ақ «Алтын алқа» және «Күміс алқа» медальдарымен марапатталған көпбалалы аналарға ерекше басымдық беріледі, деп хабарлайды Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының баспасөз қызметі.

Айта кетейік, өтінімдер 10 та­мыз­ға дейін қабылданады.

БЕКЕТ КӨКЕНАЙҰЛЫ

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

Жастардың бастамалары қолдау табады · Мұрағат