Егін орағы
2 мин оқу 880

Шаруаға арналған тиімді шарттар

21 шілде 2022
Шаруаға арналған  тиімді шарттар

Елорда маңында Jana Dala-Green Day мамандандырылған көрмесі өтті. Мұндай заманауи ауылшаруашылық технологияларының, жоғары өнімді жабдықтардың, селекциялық жетістіктердің ең үлкен көрсетілім алаңы тәжірибе алмасудың, отандық және шетелдік фермерлер арасындағы іскерлік байланыстарды дамытудың мол мүмкіндігін ұсынады.

Шараға «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі және Аграр­лық несие корпорациясы мен ҚазАгроҚаржы еншілес компаниялары қатысады. «Көрмеге келушілер біздің қандай қаржы құралдарын, қандай мерзімге беретіндігімізден хабардар болады. Жалпы, агробизнес, көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына несие беру, шағын несие беру сияқты бірнеше қаржылық бағдарламалар бар. Аграршылар қаржыландыру шараларына үлкен ықыласпен келеді. Қаржы институттарымыз фермерлерге тиімді қаржыландыру шарттары болуы үшін көмектесуге бағытталған», – деді «Бәйтерек» холдингінің басқарушы директоры Нияз Көшкімбаев.

Холдингтің негізгі міндеті – қазақстандық фермерлерді қаржылай қамтамасыз ету. Мемлекет сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауы есебінен несиелік қаражат шаруа қожалықтары үшін арзанға түседі. Олардың несие мерзімі айтарлықтай ұзақ. Кейінгі жылдары фермерлерді несиелендіру үлесі артып келеді. Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін холдинг институттарына 3,5 мыңға жуық аграршы өтініш білдірген. Жерді қамту да өсті. Мәселен, егер өткен жылы 3,3 млн гектар қолдаумен қамтылса, биыл 4,5 млн гектардан астам қолдау көрсетілді. Биылғы жылға 140 млрд теңге қарастырылған: көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына бюджеттен 70 млрд теңгеге қысқа мерзімді несие, одан кейін осы мақсаттарға қосымша 70 млрд теңге бөлінді. Осылайша, бұл мақсаттарға арналған қаржыландыру сомасы биыл екі есе артты. Егер өткен жылы несиелер көктемде беріліп, 1 желтоқсанға дейін қайтарылса, биыл бұл бағдарлама кеңейтілді, енді фермердің бұл несиені 1 желтоқсанға дейін емес, келесі жылдың 1 наурызына дейін қайтаруға мүмкіндігі бар. Тиісінше, ол өз өнімін асықпай жақсы бағамен сата алады.

Холдинг өкілінің айтуынша, фермерлер несиені негізінен көктемгі егіс жұмыстарына, сондай-ақ инвестициялық жобаларды іске асыруға, соның ішінде сүт-тауар фермаларын, ет бордақылау алаңдарын, жылыжайларды, астық қоймаларын, көкөніс қоймаларын, бақшаларды салуға қолданады екен. Аграрлық несие корпорациясы ауыл шаруашылығы саласындағы жобаларды несиелендіруге бағытталған. Осылайша, биылдың бірінші жартыжылдығында корпорация шамамен 7 мың фермерді қаржыландыруға 182,5 млрд теңге бағыттады. Жалпы, биыл корпорация фермерлерді қаржыландыруға 330 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр.

Корпорация тікелей кредит беру арқылы 57,9 млрд теңге және қаржы институттарын қорландыру арқылы 124,6 млрд теңге берді. Сонымен бірге ол аграрлық сақтандыру бойынша агенттік қызметтерді жүзеге асырады. Егістіктерді ылғалдың жетіспеушілігі мен артығынан, жайылымдардан сақтандыру жөніндегі бағдарламалар, сондай-ақ ірі қара малды, жылқыларды, құстарды сақтандыру жөніндегі бағдарламалары жұмыс істейді. Фермерлер үшін сақтандыру құны субсидиялау есебінен төмендейді: сақтандыру сыйлықақысының 50%-ын мемлекет төлейді.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

Шаруаға арналған тиімді шарттар · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар