Цифрлы Қазақстан
2 мин оқу 17,179

Сандық теңге сынақтан өткізілмек

7 шілде 2022
Сандық теңге сынақтан өткізілмек

Мемлекет басшысының тапсырмасын  жүзеге асыру мақсатында Ұлттық банк цифрлық теңгені енгізу қажеттілігі туралы ұсынылатын шешімді әзірлеу үшін және кешенді зерттеуді қамтамасыз ету, сондай-ақ ұлттық цифрлық валютаны ықтимал енгізуден түсетін пайда мен шығындарды айқындау мақсатында цифрлық теңгені енгізу жөнінде шешім қабылдау моделін әзірледі.

Былтыр Ұлттық банк қаржы нарығы қатысушыларымен, сарапшылар қауымдастығы­мен және халықаралық серік­тестермен ынтымақтаса отырып, «Цифрлық теңге» қа­натқақты жобасын жүзеге асырды. Биыл сандық платформаны енгізу бағытындағы зерттеу жұмыстары жалғасын тауып, күні кеше Ұлттық банк пен Төлем және қаржылық технологияларды дамыту орталығы «Цифрлық теңгені енгізу бойынша шешім қа­былдау моделі» баяндамасын жариялады. Осы реттегі зерттеу нәтижелерінің негізінде биыл жылдың соңына дейін  елімізде  Орталық банктің цифрлық валютасын енгізу туралы қо­ры­тынды шешім әзірленеді. Цифрлық теңгені іске қосу ту­ралы шешім қабылдауда­­ғы басымдық – төлем қызмет­те­рін тұтынушылар үшін нәти­женің  тиімді болуы. «Талдау құралдары ретінде техно­ло­гиялық эксперименттер, экономикалық модельдеу, мүдделі тараптармен дизайн-сессиялар қарастырылған. 2022 жылдың 4-тоқсанында на­рыққа қатысушылармен және тұты­нушылармен цифрлық теңгенің технологиялық плат­фор­масын өтпелі тестілеу жос­­­­парланған. Зерттеу нәти­­желерін объективті түсіндіру мақсатында тәуелсіз халық­аралық сарапшылар мен ха­лық­аралық қаржы ұйымдары қызметкерлерінің қатысуымен «Цифрлық теңге» жобасының консультативтік кеңесі құры­лды», делінген Ұлттық банк ха­бар­­ла­масында.

Қаржы нарығы қатысу­­шы­ларымен цифрлық теңгенің экожүйесін құру да жобаны дамытудағы табыс­тылықтың маңызды факторы болып табылады. Осы мақсатта ұлттық цифрлық валютаны енгізу мәселелерін бірлесіп зерттеу үшін барлық мүдделі тарап­тарды біріктіретін Digital Tenge Hub коллаборативті алаңы іске қосылды. Оған на­рық қатыс­у­шылары, инфра­құрылымдық ойыншылар, халық­аралық се­ріктестер қаты­сады.

Цифрлық теңгені енгізу төлем мен қаржылық қызмет­тердің қолжетімділігін арттырады десек, офлайн төлеу мүмкіндігі арқылы бұл тиімділік тіпті жақсара түспек. Цифрлық теңге инфрақұрылымы қаржы нарығына қатысушылар мен мемлекеттік органдар үшін  смарт-контракт технологиясы негізінде инновациялық қызметтерді құруға мүмкіндік беретін қосымша құралға айналады. Цифрлық теңгені енгізу  болашақта трансшекаралық төлемдердің де тиімділігін  еселей түспек.

БЕКЕТ КӨКЕНАЙҰЛЫ

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

Сандық теңге сынақтан өткізілмек · Мұрағат