Жаңа даму көкжиектері айқындалды

Жаздың алғашқы айының соңғы жұмыс күндеріне, 27-30 маусымға тұспа-тұс келген «Астана» халықаралық қаржы орталығы орнықты даму, әлеуметтік жауапкершілік және өсу мәселелеріне арналған «Astana Finance Days – 2022» (Астана қаржы күндері – 2022) V конференциясы өткен бейсенбіде өз жұмысын қорытындылады. Бүгінгі шолуымызда екінші және соңғы күнгі жекелеген маңызды мәселелерге тоқталмақпыз.
Конференцияның жұмысындағы өзекті тақырыптардың бірі де бірегейі – әлеуметтік жауапкершілік болғасын, екінші күні талқыланған мына мәселені назардан тыс қалдыруға әсте болмайды. Атап айтқанда, 28 маусымда Astana Finance Days (AFD) халықаралық конференциясында «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО), Tech Hub цифрлық төлемдер индустриясының әлемдік көшбасшысы Visa-мен бірлесіп, «Әйелдерді ел экономикасына белсенді қосу арқылы Қазақстандағы шағын және орта бизнес секторын нығайту» панельдік сессиясын өткізді.
Сесия жұмысында Қазақстанда микро, шағын және орта бизнесті дамыту тақырыбында панельдік пікірсайыс спикерлері ретінде Visa-ның Орталық Азия мен Әзірбайжандағы вице-президенті, аймақтық менеджері Кристина Дорош, Парламент Мәжілісінің депутаты Лаззат Рамазанова, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ербол Есқақов, Қазақстан бойынша ЕҚДБ бас менеджері Алма Қасымова, Techno Women Kazakhstan бірлескен құрылтайшысы Әсем Нұрғалиева және Halyk Bank басқарма төрағасының орынбасары, Басқарма мүшесі Дәурен Сартаев сөз сөйледі.
Кәсіпкерлік саласында әйелдер қаншалықты бастамашыл? Бүгінгі таңда Қазақстанда әйелдер ШОБ дамытуы үшін қандай бағдарламалар мен драйверлер бар? Технология саласында әйелдер қаншалықты сәтті? Осы және басқа да мәселелер AFD 2022 кезінде Fin&Tech форумында жан-жақты талқыланды.
Кездесудің модераторы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Лаззат Рамазанова болды. Панельдік сессияны аша отырып, ол елдегі әйелдер кәсіпкерлігі бойынша статистикамен бөлісті және табысты кейстер мен кәсіпкерлік орталықтары туралы айтты.
Visa-ның Орталық Азия елдері мен Әзірбайжандағы вице-президенті, аймақтық менеджері Кристина Дорош әлемдегі шағын және орта бизнес (ШОБ) дамуының перспективалық трендтерін ұсынды, сондай-ақ Қазақстандағы ағымдағы жағдай туралы деректерді мысалға келтірді.
«Visa-дағы әйелдер көшбасшылығын қолдау басым бағыт болып табылады, сондықтан біз осы панельдік пікірталастың серіктесі болуға өте қуаныштымыз. Жаһандық зерттеулер көрсеткендей, егер әйелдер әлемдік экономиканы дамытуға ерлермен тең негізде тұрақты қатысатын болса, онда 2025 жылға дейін ЖІӨ-нің жыл сайынғы әлемдік деңгейі 28 триллион доллар пайдамен 26%-ға артады. Бұл деректер әйелдерді бизнеске тартудың, оларға сараптамалық білім беру, қаржылық қолдау көрсетудің жоғары маңыздылығын көрсетеді. Сондай-ақ бүгінгі пікірталас Қазақстандағы әйелдер шағын және орта бизнес секторының дамуын тағы қалай ынталандыра алатынымызды талқылауға арналды», – депКристина Дорош атап өтті.
Өз тарапымыздан айтарымыз: елімізде шағын және орта бизнес саласындағы әйелдер, саны жағынан кейбір секторларда басымырақ болғанына қарамастан, әлі де толық деңгейде ерлермен бірдей белсенді іс-қимыл танытуда деп айта алмаймыз. Бұған тіпті құқықтық тұрғыда кемшін түсіп жатқан жайттар да орын алып жатады. Осы мәселелер алдағы уақытта, нақ осындай – халықаралық деңгейдегі шаралар арқылы бұл проблемаларға қоғам назарын ғана аударып қоймай, өзге елдердегі оңды тәжірибелерді бөлісу арқылы тіпті бұған енді үкіметтің өзін мойын бұруға мәжбүрлері даусыз. Әрине, мемлекет тарапынан әсіресе соңғы жылдары әйелдердің шағын және орта бизнес секторында белсендірек танылуына жасалып отырған игі қадамдар да бар. Тек соларды орнықтыра түсу, әсіресе жергілікті жерлерде, соның ішінде ауылдық өңірде әйелдер жүргізіп отырған бизнесті жан-жақты қолдауды қатаң бақылауға алу қажет дегіміз келеді.
Енді «Astana Finance Days – 2022» конференциясындағы айтылған маңызды мәселелерге қайта оралсақ. Пікірсайысқа қатысушылар елдегі әйелдер кәсіпкерлігін дамытудың негізгі векторларының бірі – электрондық коммерцияға көшуге ерекше назар аударды. Сонымен қатар әйелдер арасында IT-индустрияға, технологиялық өнімдерді әзірлеу мен іске қосуға қызығушылықтың артуы туралы сөз қозғады.
Айта кету керек, спикерлер тек Қазақстан ғана емес, сондай-ақ Орталық Азиядағы кәсіпкер әйелдерді қолдау жөніндегі жаһандық бастамалар мен халықаралық бағдарламаларды да талқыға салды. Панельдік пікірталас аясында Visa ұйымы осы жылы Орталық Азияда She’s Next Empowered by Visa бастамасының екінші толқынын іске қосу ниетін жариялады. Жаһандық деңгейдегі бұл бастама жеке бизнесін басқаратын, қаржыландыратын, дамытатын немесе бастауды жоспарлап отырған бизнестегі әйелдерді қолдау үшін құрылған.
«Астана қаржы күндері – 2022» конференциясында «Венчурлік капитал нарығының әлеуетін ашу» сессиясы аясында тағы бір маңызы зор мәселе –венчурлік индустрияны дамыту перспективалары талқыланды. Талқылау тақырыбы – аймақтағы венчурлық капиталдың өсуінің келесі толқынына әсер етудің және стартаптардың әлеуетін ашудың жолдарын іздеу. Қазақстандық және шетелдік венчурлік инвестициялық қорлардың өкілдері елдегі және Орталық Азиядағы индустрияның болашағын талқыға салды.
Сесия жұмысында Quest Ventures басқарушы серіктесі Джеймс Тан венчурлік инвестициялаудың 5 компоненті туралы баяндады. Біріншісі – стартаптар, яғни сапалы стартаптар санының артуы. Екіншісі – жоғары білім беру институттары, оған талантты жастарды тарту, кадрларды дайындайтын университеттер, зерттеулер жүргізу және коммерцияландыру кіреді. Үшіншісі – тәуекел капиталы, яғни кейінгі кезеңдердің қорларын тарту. Спикердің айтуынша, бұл бағытта АХҚО мен Astana Hub кәсіпкерлер үшін кейінгі сатыларға шығуға түрткі бола алады. Төртіншісі – корпоративтік инвестициялар, сатып алулар қызметтерін ұсынатын корпорациялар. Бесінші – үкіметпен байланысты ведомстволардың болуы. «Қазақстан үкіметінің инвестиция салуға әлеуеті бар әлемнің қатысушыларын қарсы алып жатқанын көріп отырмыз», – деп атап өтті Джеймс Тан.
Бұл тезисті Vitosha Venture Partners серіктесі Макс Гурвиц растады. «Қазақстан – осындай талантты және білімді жұмыс күшінің негізінде тез және көп нәрсені істеуге болатын санаулы елдердің бірі. Біз саяси тұрақсыздықты жеңгіміз келеді. Нәтижесінде еуропалық венчурлік капитал Орталық Азияда, атап айтқанда, Қазақстанда тұрақты әріптес болады деп үміттенемін», – деп ойымен бөлісті Макс Гурвиц.
Дэниел Сил, White Hill Capital серіктесі, инвесторлар мен кәсіпкерлерге абай болу керек және стартаптарды бағалау кезінде консервативті тәсілді сақтау керек екендігі туралы ойымен бөлісті. Сонымен қатар, ол ынтымақтастық пен бірлескен жұмыстың маңыздылығы туралы айтып, «Қазақстан – Орталық Азиядағы Сингапур» екенін атап өтті.
Uzcard инновациялар жөніндегі директоры Дильшод Зуфаров Өзбекстанда венчурлік капиталды ілгерілету жобалардың өсуін ынталандыруға бағытталған инкубация, акселерация, инвестициялар бағдарламалары есебінен жүзеге асырылатынын айтты. «Өзбекстанда капитал қозғалысын реттеу бар. Егер резиденттер шетелдік кәсіпорындарға инвестиция салғысы келсе, олар қатаң реттеуге тап болады. Біз осы реттеуді жеңілдету жолдарын табуға тырысамыз. АХҚО белгілі бір мүмкіндіктер мен шешімдерді ұсынады. Бізде венчурлік инвестицияларда экзитке (компаниядағы немесе бизнестегі үлестерін сату) мүмкіндіктер жоқ, бірақ АХҚО-мен бұл жүзеге асырыла алады», – деп атап өтті Дильшод Зуфаров.
Сонымен қатар, MOST Ventures/MOST Бизнес-инкубаторының бас директоры Алим Хамитов өз сөзінде Орталық Азиядағы IT-мамандардың тапшылығы және ашылмаған әлеует туралы айтты. «Қазір 5000 000-нан астам стартап бар, олардың көпшілігі 3-6 айда шарықтау шегіне жетіп жұмысын тоқтатып жатады, бірақ бұдан соншалықты қорқатындай ештеңе жоқ. Жалпы, бұл енді хайп емес, бұл – тұрақты үрдіс. АХҚО-ның венчурлік инвестициялау жөніндегі заңнамалық-құқықтық базасын қазақстандық деңгейге көшіру – венчурлік инвестициялау үшін халықаралық деңгейде мойындалған бөлек бір заң», – деп түсіндірді ол.
АХҚО Әкімшілігі басқармасының төрағасы Ернұр Рысмағамбетов өз сөзінде: «Венчурлік капитал – бұл жай ғана цифрлар, сомалар емес. Бұл ақылды капитал. Венчурлік инвестор – бұл кәсіпкерлік рухты дамытуға мүмкіндік беретін адам. Венчурлік қаржыландыру жаңа стартаптар құруға, жаңа модель қалыптастыруға мүмкіндік береді. Біз, шынымен де, елімізді өзгертуге тырысудамыз», – деп түйіндеді ол.
MyVentures компаниясының бас директоры Шахбоз Рахманов та өз ойымен бөлісіп: «Стартаптарды іздестірудің еш қиындығы жоқ. Кәсіпкерлердің көпшілігі дұрыс фандрайзинг таңдауды, инвестиция тартуды дұрыс жүргізу жолын таппай жатады. Бірақ бұл уақытша үрдіс. Біз бұл кедергіні тез еңсеріп, халықаралық деңгейге шығамыз», – деді.
Қатысушылардың көпшілігінің пікірі бойынша, Орталық Азияның стартап-экожүйесі жетекші стартап-хабтармен табысты бәсекелестікке үміттене отырып, қарқынды дамуда. Бүгінгі таңдағы маңызды міндеттердің бірі – венчурлік инвестициялардың оң серпіні бар ортаны қолдау, өңірлік стартаптардың жаңа деңгейге шығуы үшін дарындарды дамыту.
Үш күнге созылған конференцияның тағы бір өте маңызды мәселені қозғаған шарасы –28маусымда «Astana Finance Days – 2022» аясында өткен – AIFCLaw Conference шеңберіндегі «Құқық. Технологиялар және Болашақ» панельдік сессиясы.
Панельдік сессияның модераторы «Астана» халықаралық қаржы орталығы Заң технологияларын дамыту кеңесінің төрағасы Марк Бир болды. Сессия барысында спикерлер Қазақстанның сот жүйесін цифрландырудың негізгі жетістіктері және заң саласы үшін GovTech-ті дамыту туралы айтып берді. Спикерлер қатарында Қазақстан Республикасы Жоғарғы соты жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Наиль Ахметзакиров сессия қатысушыларын сот төрелігін цифрландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар және соттардың қызметіне енгізілетін соңғы IT-әзірлемелер туралы хабардар етті.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асқар Жамбакин әріптестерімен GovTech-ті дамыту және заң тәжірибесіне қатысты өзгерістер туралы жоспарларымен бөлісті.
Еуропалық құқықтық технологиялар қауымдастығының президенті Хольгер Цшайге мен Bryan Cave Leighton Paisner заң фирмасының серіктесі Роман Ходыкин LegalTech саласындағы халықаралық тәжірибе туралы баяндама жасап, заңгерлердің жаңа цифрлық күн тәртібіне қалай бейімделетіні туралы жеке тәжірибелерімен бөлісті.
Холгер Цшайге: «Заң бизнесінің цифрлық трансформациясы басталды, сондықтан заңгерлер LegalTech-ті қолдануы керек. 21 ғасырда адвокат жасанды интеллектпен алмастырылмайды, бірақ оны жұмыста жасанды интеллектті қолданатын басқа заңгер алмастыруы мүмкін», – деп түйіндеді.
Қорыта келе айтарымыз, Astana Finance Day конференциясы әлемдік деңгейдегі экономикалық дамуда орын алған пандемияға байланысты шектеулер және биылғы ақпан айының аяғында туындаған Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстар шұғыл шешімдер қабылдауға мәжбүрлеп отыр. Оның үстіне цифрлық технологиялар қоғамдық өмірге ендеп кіргені өз алдына, ең бастысы, қаржылық қарым-қатынаста маңызды рөл атқара бастағаны да – даусыз ақиқат. Енді біздің елімізде осымен бесінші рет ұйымдастырылып, әлемнің белді де беделді компанияларының, бизнес өкілдерінің басын қосқан Астана халықаралық қаржы орталығы бастамасы көп көңілінен шығып отыр. Дамудың жаңа көкжиектері айқындалған бұл шара Қазақстанның әлем деңгейіндегі абыройын да асқақтата түскені сөзсіз.
ИСАТАЙ ҚАМБАРОВ







