Жабдықтар өндірісі дамып келеді

Қазақстанда өндіріс орнын таңдау ірі еуразиялық нарыққа шығу перспективасымен ғана емес, сондай-ақ қолайлы инвестициялық ахуалмен, саяси-экономикалық тұрақтылықпен байланысты. Осындай тұжырыммен француздық PCM трансұлттық компаниясы Ақтауда сорғы жабдықтарын өндіретін зауытты іске қосты.
Жаңа зауыт жұмысы Kazakh Invest пен Қазақстанның Франциядағы елшілігінің қолдауымен және жергілікті атқарушы органдардың белсенді атсалысуымен жүзеге асырылып отыр. Оған еліміздің Сыртқы істер министрлігі мен PCM Europe S. A. S. компаниясы арасында жасалған ынтымақтастық туралы меморандум негіз болды. Құрылысқа салынған инвестициясы 5 млн еуродан асатын өндіріс орны өнеркәсіп салалары үшін сорғы жабдықтарының көптеген түрін шығаратын болады. Жоғары экспорттық әлеуеті бар Ақтау қаласындағы зауыттың ағымдағы өндірістік қуаты жылына 800-ге дейін бұрамалы сорғылар мен 200 жетек шығаруға жеткілікті, бұл ретте 15 жұмыс орны ашылады. Екінші кезеңге өту кезінде өндірісті 1600 бұрамалы сорғыға және 400 жетекке дейін, тиісінше үшінші кезеңде жылына 2400 бұрамалы сорғы мен 600 жетекке дейін ұлғайту көзделеді, бұл ретте қосымша 100 жаңа жұмыс орны құрылады. PCM Kazakhstan қызметі мұнай-газ секторына арналған жабдықтар өндірісімен шектелмейді және болашақта тау-кен өндіру, тамақ, химия өнеркәсібіне және басқа да салаларға арналған жабдықтар өндірісін жолға қою жоспарланған. Перспективалы импортты алмастыру жобасын игеру – ТМД, Таяу Шығыс, Моңғолия, Қытай және Еуропа елдеріне экспорттық әлеуеті зор республикалық деңгейге шығудың мүмкіндігі. PCM стандарттарына сәйкес қызметкерлер Франция, Канада, Австралия және Оманда орналасқан дайындық орталықтарында оқып-жаттығып, біліктілігін арттырады.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша Франция Қазақстандағы 10 негізгі инвесторлардың қатарына кірген. Осы елден келген тікелей инвестицияның жалпы ағыны өткен жылы $603,1 млн-ға жетті. 2005 жылдан бастап ТШИ жалпы ағыны $17 453,5 млн-ды немесе жалпы Қазақстандағы ТШИ-дың жалпы ағынының 4,9%-ын құрады. Француз компаниялары қарқынды дамып келе жатқан машина жасау саласына өз үлестерін қосуда. 1932 жылы Францияда негізі қаланған PCM компаниясы мұнай-газ, тау-кен және тамақ өнеркәсібінде қолданылатын жоғары сапалы сорғыларды шығаруға маманданған. Әлемнің 30 елінде ұсынылған PCM компаниясының мұнай-газ саласында 90 жылдық тарихы бар. Компания қазір Канадада, Австралияда, Қытайда және басқа мемлекеттерде өндірістерге ие. Жалпы, холдинг бүкіл әлем бойынша 400 000-нан астам сорғыларды орнатып, оның 3000-ы құрлық пен теңіз платформаларында орналасқан.
«Қазақстан сорғы жабдықтарының қарқынды дамып келе жатқан нарығымен Еуразияның стратегиялық маңызды өңірінде орналасқан және компания өнімдерінің топ-5 нарығына кіреді. Егер бұған дейін біз қызмет көрсетуге мамандансақ, қазір біздің басты мақсатымыз – оқшаулау үлесін ұлғайта отырып, көрші мемлекеттерге экспорттау мүмкіндігімен өндірісті дамыту. Біздің компания Канадада, Австралияда, Қытайда және басқа елдерде өнімдер шығарады. Қазақстанда ірі нарықтан басқа, бізді инвестициялар саласындағы мемлекеттік стратегия, сондай-ақ саяси және экономикалық тұрақтылық қызықтырды», – деп атап өтті S. A. S. PCM Europe бас директорының орынбасары Фредерик Гарда.
БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ







