Өндіріс тынысы
3 мин оқу 252

KPI: Кешен көп үмітті ақтамақ

16 маусым 2022
KPI: Кешен көп үмітті ақтамақ

Қазмұнайгаз ұлттық компаниясы өз қызметінде көмірсутектерді неғұрлым терең өңдеудің жаңа бағытын игеруде. Ауқымды жоба – Kazakhstan Petrochemical Industries Inc. (KPI) газ-химия кешенінде полипропилен шығаратын зауыт іске қосылатын уақыт жақын. 

Біріккен газ-химия кешенінің пайдасы мұнай-газ секторының серпінінде, өндірісті оқшаулау деңгейінің артуында байқалады. Полипропилен өндіру кешенінің құрылысы кейіннен саланың жоғары технологиялық базалық өнімін алудың, өңірде мұнай-химия кластерін құрудың бастауы болмақ.

Жылына 500 мың тонна өнім шығаратын өндіріс орны ұлттық компанияның елеулі жобасына айналып, көмірсутектерді одан әрі терең өңдеу үрдісіне жалғасады. Бірінші кезекте тауар қазақстандық тапсырыс берушілерге жіберілетін болады.

Кешеннің алаңы Атырау қаласынан солтүстік-шығыс­қа қарай 33 км, Қарабатан бе­кетінен солтүстікке қарай 8-9 км жерде орналасқан. Учаске қолданыстағы теміржолға (9,2 км), автомобиль жолына (6,3 км), су құбырына, электр желісіне және тасымалдауға арналған құбырларға жақын. Алаңдарды таңдау мен учаскелерді жоспарлау кезінде жалпы кеңінен танылған халықаралық стандарттар мен оң инженерлік-техникалық тә­жірибеге сәйкес барлық қауіпсіз қашықтықтар ескерілді. Теміржол эстакадасында операторлар газ қауіптілігін анықтау жүйесімен жабдықталған сақтау паркіне айдалатын шикізатты қабылдайтын болады. Содан кейін пропан пропилен алу үшін дегидрлеу қондырғысына беріледі. Ал полимерлеу қондырғысында соңғы өнім өндіріледі.

Пропанды (бірінші фаза) және этанды (екінші фаза) терең өңдеу бойынша әлемдік деңгейдегі заманауи технология­лар қолданылады. Кәсіпорын толығымен цифрлық сипатта жұмыс істеп, қойма операцияларын адамдардың қатысуынсыз арнайы робототехника жүзеге асырады. Ал мамандандырылған IT-шешімдер мен корпоративтік есепке алу жүйелері операцияларды жоспарлаудан бастап дайын өнімді түпкілікті тұтынушыға өткізуге дейінгі барлық деректер дәлдігінің жоғары есебін жүргізеді.

Қазір кешен аумағында негізгі құрылыс жұмыстары аяқталып, айналасы абаттандырылып жатыр. Жуырда Қазмұнайгаз басшысы Мағзұм Мырзағалиев ке­шенді пайдалануға беру бойынша дайындық жұмыстарымен танысып, негізгі нысандарды аралады. Оның ішінде пропанды сақтау паркін, пропанды дегидрлеу және пропиленді полимерлеу қондырғыларын, дайын өнімді сақтау қоймасын, орталық зауыт зертханасын және орталықтандырылған операторлар залын аралап шықты. Ұлттық компанияның басқарма төрағасы жобаны іске асыруда едәуір жұмыс атқарылғанын, біріккен газ-химия кешенін салу жобасы мемлекет басшысының, үкіметтің ерекше бақылауында екенін, сондай-ақ қоғам өкілдері де жобаны жіті назарға алып отырғанын атап өтті.

Тағы бір айта кетерлігі, өткен жылдың қазанында Самұрық-Қазына, ҚМГ және Сибур (Ре­сейдің полипропилен, төмен қысымды полиэтилен, БОПП үлдірлер, ПЭТФ, моноэтиленгликоль, көбіктенгіш полистирол, термоэластопласт өндіріп шығаратын ең ірі компания, полиолефин (пластик) өндіретін ең ірі бес мекеменің бірі) арасында полиэтилен өндіретін зауыт пен полипропилен өндіретін зауытты салу жобалары жөніндегі ынтымақтастықтың негізгі шарттары бойынша келісімге қол қойылған болатын. Осы орайда М.Мырзағалиев бастаған делегация Тобольск қаласында орналасқан Ресейдің және әлемнің ірі мұнай-химия кешендерінің бірі – «ЗапСибНефтехим» компания­сына да барды. Онда жиынтық қуаты жылына 2,5 млн тонна базалық полимер (1,5 млн тонна полиэтилен және 1 млн тонна полипропилен) шығаруға мүмкіндік беретін жаңа өндірістер таныстырылды. ҚМГ делегациясы пиролиз, полиэтилен, полипропилен қондырғыларын, сондай-ақ орталық оператор залын аралап, кешенде қолданылатын цифр­лы технологиялармен танысты. Одан кейін мономер өндірісін, соның ішінде малеин ангидридін өндіретін қондырғыны, пропанды дегидрлеу өндірісін, жеңіл көмірсутектердің кең фракциясын қайта өңдеу өндірісін және мономер зауыты өндірістерінің бірыңғай оператор залын көріп шықты. «Сибуринтех» инженерлік-техникалық сараптаманы дамыту орталығының жұмысымен де танысты. Компаниялар арасында алдағы ынтымақтастық мәселелері мен мұнай-газ химия жобаларын бірлесіп жүзеге асырудың перспективалары  қаралды.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

KPI: Кешен көп үмітті ақтамақ · Мұрағат