Ұлттық өнім
3 мин оқу 902

Ұлттық өнім импортты алмастыруы керек

26 мамыр 2022
Ұлттық өнім импортты алмастыруы керек

Елордада шағын және орта бизнес өкілдерін қолдау мен дамыту мақсатындағы ауқымды шара – қазақстандық өндірушілердің жыл сайынғы Ulttyq Onim көрмесі өтті. Алтыншы мәрте ұйымдастырылып отырған көрме азаматтардың қызығушылығын тудырумен қатар, отандық тауар өндірушілер өз өнімдерін көрсетіп, тәжірибе жинақтайтын, табысқа жету жолымен бөлісетін тиімді алаңға айналды.  

Екі жыл үзілістен соң айтулы шара қайта жалғасын тауып, өз өнімдерін ұсынуға микро, шағын және орта бизнестің 350-ден астам өкілі шақырылды. Олардың барлығы «Даму» қоры арқылы мемлекеттік қолдауға ие болған.

«Made in KZ» маркасымен шы­ғатын тауарлар – жеңіл және тамақ өнеркәсібі, машина жасау және фармацевтика өнімдері, жиһаз, ағаштан жасалған тауарлар, зергерлік бұйымдар және тағы басқалар. Биыл астана тұр­ғындары мен қонақтарының назарына сондай-ақ азық-түлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы тауарлары, мамандандырылған техника мен жабдықтар, кәдесый және полиграфиялық өнімдер ұсынылған. Қатысушылардың арасында таза­лық тауарларын, пластиктен жасалған бұйымдарды, металлопластиканы өндіруші «Радуга» ЖШС, полиэтилен құбырларын өндіруші «KazPolimerPlast» ЖШС, аккумулятор батареяларын өндіруші «Қайнар-АКБ» ЖШС, мамандандырылған аяқ киім өндірушісі «Қарағанды аяқ киім фабрикасы» ЖШС, кілем және кілем бұйымдарын өндіруші «Бал Текстиль» ЖШС және тағы басқа кәсіпорындар бар.

– Бүгінде Үкімет кәсіпкерлікті қолдаудың кешенді шараларын жүзеге асыруда. Соңғы 5 жылда шағын және орта бизнестің ЖІӨ-дегі үлесі 27%-дан 35%-ға дейін өсті, – деді қатысушыларға арнап сөйлеген сөзінде премьер-министр Әлихан Смайылов.

Мемлекет басшысы жария­лаған шағын және микробиз­нес субъектілерін тексеруге мора­­торий бизнес жүргізуді же­ңіл­­детті. Импортты алмастыру – кәсіпкерлер үшін даму әле­уеті зор бағыттардың бірі, тек өңдеу өнеркәсібіндегі импорттың үлесі өткен жылы $38 млрд-ты құрады. Премьер атап өткендей, бұл отандық өндірушілерге өз ісін дамытуға және жаңа тауарлардың өндірісіне инвестициялар бағыттау үшін үлкен мүмкіндік. Үкімет 717 инвестициялық жобаның пулын құрды, олардың 286-сы – 9,9 трлн теңге сомасына импортты алмас­тыратын жобалар. Биыл жалпы құны 1,7 трлн теңге болатын 165 жобаны іске асыру жоспарланған. Осындай әр жобаның айналасында шағын және орта бизнес компанияларының белдеуі дамитын болады. Сондай-ақ бизнеске әкімшілік жүктемені төмен­­детуге мүмкіндік беретін Кәсіп­керлік саласындағы реттеу­шілік саясат жөніндегі заң қабыл­данды. Үкімет бизнес жүргізу және нарықтағы монополияларды жою үшін бәсекелестік аясын кеңейту жұмыстарын жалғастырып жатыр. Отандық компаниялардың квазимемлекеттік сектордың сатып алуына қол жеткізуін жеңіл­дету бағытында белсенді жұмыс жүргізуде.

– Мемлекет басшысы атап өт­кендей, билік пен бизнестің сындарлы өзара іс-қимылы әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықтың негізін құрайды. Осы бағытта Үкімет кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі мен ашықтығын арттыру бойынша жұмысты белсенді түрде жалғастыратын болады, – деді Әлихан Смайылов.

Өткен жылы «Даму» қоры жалпы кредит сомасы 2,2 трлн теңге болатын 57,4 мың жобаға қолдау көрсетті, бұл 2020 жылмен салыстырғанда жобалар саны жағынан 74%-ға көп. Ағымдағы жылы қор субсидиялау және кепілдік беру бойынша 42 мыңға жуық жобаны қолдауды жос­парлап отыр. «Даму» қорының басқарушысы Гаухар Бөрібаева қазақстандық кәсіпкерлерге арнал­ған мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтты.

– Көрмеге қатысуға ниет біл­діргендер өте көп болды, ішкі нарықта ғана емес, экспорттық нарықта да әлеуеті жоғары ірі компаниялар қатысқан «Ulttyq Onim» көрмесі мультипликативтік әсермен шағын және орта бизнестің одан әрі дамуына жаңа серпін береді деп күтеміз. Осылайша ШОБ Қазақстан сұранысын қамтамасыз етіп қана қоймай, өнімді шетелге де шығара алады, – деді ол.

Көрме аясында кәсіпкерлерге франчайзингтік компаниялардың форумы мен түрлі шеберлік сабақ­тары ұйымдастырылып, танымал кәсіпкерлер өздерінің пайдалы білімдерімен, тәжірибелерімен бөлісті. Көрме қазақстандық кәсіп­керлердің шетелдік серіктес­тер­мен және инвесторлармен кездесуі үшін де оңтайлы алаң болып отыр. Сондай-ақ компаниялар арасында экономикалық кооперацияны кеңейтуде және өндірістік жаңа технологияларды енгізуде бұл шара­ның атқарар рөлі зор.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

Ұлттық өнім импортты алмастыруы керек · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар