ЖАҢА КЕН КӨЗДЕРІН ІЗДЕУ БАСТАЛДЫ

26 мамыр 2022
ЖАҢА КЕН КӨЗДЕРІН  ІЗДЕУ БАСТАЛДЫ

Өндіруші сектор жалпы ішкі өнімнің 30%-ға жуығын қамтиды. Десе де, тұрақты экономикалық өсу тұрғысынан еліміз минералдық-шикізаттық базаны толықтыру мен іздеу жұмыстарын үнемі жүргізіп отыруға мүдделі. Бұл ретте жаңа алтын, қорғасын-мырыш кен орындарын ашу үшін айтарлықтай перспективалар бар.

Бүгінде республикамыздың пайдалы қазбаларының мемле­кеттік балансында 8711 кен орны, оның ішінде көмірсутектер бойынша – 317, қатты пайдалы қазбалар бойынша – 910, кең таралған пайдалы қазбалар бойынша – 3160 және 4324 жер­ас­ты суларының кен орындары есепке алынған. Мұнайдың теңгерімдік қоры 4,4 млрд тоннаны, газ – 2,1 трлн текше метрді, конденсат – 416,2 млн тоннаны құрайды. Бұл ретте олардың басым бөлігі Атырау облысында шоғырланған – бұл шамамен 75% және Маңғыстау облысында – 11%. Көмірсутек шикізаты қорының 68%-ы 3 ірі кен орындарының: Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ үлесіне тиесілі. Жалпы пайдалы қазбалар қорының есебі 103 компонент бойынша жүргізіледі. Сондай-ақ алтын, мыс, қорғасын, мырыш басым болып табылады. Алтын кен орындарының негізгі қорлары Шығыс Қазақстан облысында шоғырланған, бұл жалпы қорлардың 36%-ын, Ақмола облысында – 21%-ын, Қарағанды облысында – 11%-ын құрайды. Мыс қорларының 82%-ы елдің шығыс және орталық өңірлерінде. Қорғасын-мырыш кен орындарының 41%-ы Орталық Қазақстанда, 33%-ы Шығыс Қазақстанда және 21%-ы Оңтүстік Қазақстанда шоғырланған.

Өндірісті қарқынды дамыту үшін ел аумағын кеңінен зерттеу мен әкімші­лік кедергілерді жою, сол арқылы инвестициялық тартымдылықты арттыру мәсе­лелеріне ерекше мән берілуде. Минералдық-шикізат базасын нығайтуда геологиялық барлау жұмыстарын қоюдың озық ғылыми негіздемесі ерекше рөл атқаратынын атап өткен жөн. Осыған байланысты, алдағы бес жылда бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру аясында терең жатқан нысандарды болжау және ғылымның заманауи жетістіктері негізінде жаңа кен орындарын ашу үшін ғылыми зерттеулер жүргізу жоспарланған. Қазірде Жезқазған, Теміртау, Балқаш, Риддер, Хромтау сияқты тау-кен өнеркәсібіне арқа сүйеп отырған қалалардың маңайынан жаңа кен көздерін іздеу басталды. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі геология комитетінің төрағасы Талғат Сатиевтің хабарлауынша, қала құрау­шы кәсіп­орындардың орнықты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін моно­қалаларға жақын орналасқан, экономикасының негізін тау-кен металлургия кешені құрайтын 7 перспективалы учаскеде іздестіру жұмыстары жүргізілуде.

Алтын кен орындары – бұл Ақмола және Қостанай облыс­тарының, сондай-ақ еліміздің орталық, шығыс және оңтүстік өңірлерінің алаңдары. Жаңа қорғасын-мырыш кен орындары Орталық және Оңтүстік Қазақстанда, Кенді Алтайда, сондай-ақ Ресей және Қытаймен шекаралас алаңдарда ашылуы мүмкін. Вольфрам, молибден, алюминий, қалайы, сирек кездесетін жер және басқа да пайдалы қазбалардың жаңа кен орындарын ашудың болашағы бар. Әлемде сирек кездесетін металдарға, оның ішінде литийге сұраныс артып отырғандықтан, шикізаттың осы аталған түрлерін анықтауға ерекше назар аударылған. Биыл Шығыс Қазақстан облысындағы «Қараяқ» және «Монша» учаскелерінде сирек кездесетін металдарды анық­тау жұмыстары жалғасуда. 12 жаңа учаскеде сирек кездесетін металдарды анықтау перспективаларын айқындау бойынша жұмыстарды бастау жоспарланып отыр. Ағымдағы жылы мемлекеттік бюджет есебінен жұмыстар 103 объектіде жүргізілуде. Өткен жылы 79 нысанда жер қойнауына мемлекеттік геологиялық зерттеу жасалды.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

ЖАҢА КЕН КӨЗДЕРІН ІЗДЕУ БАСТАЛДЫ · Мұрағат