Жастар бағдарламасы қандай жеңілдіктер ұсынады?

26 мамыр 2022
Жастар бағдарламасы қандай жеңілдіктер ұсынады?

Газетімізде бұдан бұрын еліміздің астанасында жастардың тұрғын үй алуға қандай жеңілдіктерді пайдалана алатыны туралы жазған болатынбыз. Бүгінгі шолуымызда енді оңтүстік астанамыздағы «Алматы жастары» бағдарламасының қандай жеңілдіктерге мүмкіндік беретінін саралауды жөн көрдік.

Айта кету керек, жастарға ар­налған республикалық тұрғын үй бағдарламаларынан бөлек, олар жергілікті әкімдіктер ұсынатын ипотека арқылы да баспаналы бола алады. Әзірге мұндай өңірлік бағдарламалар Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында және Жамбыл облысында ғана бар екен. Бұл ретте «Алматы жастары» 2020 жылы іске қосылса, былтыр «Елорда жастары» бағдарламасы арқылы астананың жас тұрғындары да баспаналы бола бастады. Олардың қатарын биыл Жамбыл облысы әкімдігінің «Әулиеата жастары» бағдарламасы толықтырып отыр.

Біз бүгін Алматыдағы жеңіл­детілген несиелеу бағдарлама­сына қатысу шарттарын түсін­дірмекпіз. Өткен аптада, яғни 18 мамырда жұмыс істейтін жас­тарға арналған «Алматы жастары» қалалық жеңілдетілген несиелеу бағдарламасына құжат қабылдау басталды. Ал, баспана алуға ниеттілер 2-маусымға дейін almaty-zhastary.kz сайтында құжат тапсырып үлгеруі қажет. Бұл бағдарламаға бюджеттен 18 млрд теңге бөлінген.

Шарттың талаптарына сәйкес, қарыздың ең жоғары сомасы – 18 млн теңгеге дейін. Ал, пайыздық мөлшерлеме – 5%. Бастапқы жарна – 10% болса, несиелеу мерзімі – 25 жылға дейін. Сонымен қатар жаңа және екінші нарықтағы бас­пананы алу мүмкіндігі бар. Бас­паналы болатындар саны  – 1 000 адамнан кем емес.

Енді негізгі талаптарды атап өтелік. Ең бастысы – бағдарла­маға қатысуға өтініш берушіде Қазақстан азаматтығы болуы керек. Қатысушының жасы 35 жасқа дейін болуы шарт. Бұл ретте жұбайының (бар болса) жасы есепке алынбайды. Бағдарламаға негізгі қатысушы ретінде ерлі-зайыптылардың тек біреуі ғана қатыса алады. Үміткерде және оның отбасы мүшелерінде (жұ­байы, балалары) жылжымайтын мүлкінің болмауы – басты шарттардың бірі. Қатысушының ресми жұмыс өтілі – Алматыда кем дегенде соңғы 6 ай, сондай-ақ міндетті зейнетақы мөлшерлемесі болуы қажет.

Бұл бағдарламаларға мынадай мамандық иелері қатыса алады. Атап айтқанда, олар – денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт салаларының қызметкерлері, сондай-ақ журналистер, ЖОО және ҒЗИ, әлеу­меттік сала, құқық қорғау ор­ган­дарының қызметкерлері.

Бағдарламаға қатысуға мынадай құжаттар қажет: үлгі бойынша өтініш; балалардың туу, неке қию туралы куәліктер; eGov порталынан алынған өтініш берушіге және барлық отбасы мүшелеріне Қазақстан бойынша жылжымайтын мүліктің жоқ (бар) екені туралы анықтама; eGov порталынан алынған соңғы 1 жылға зейнетақы аударымдары туралы үзінді; жұмысқа тұрған күні мен қызметтік лауазымын көрсетіп берілген жұмыс орнынан анықтама; Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес еңбек өтілін растайтын құжаттар; БАҚ-қа есепке қою куәлік (аталған талап тек журналистерге қатысты); Алматы қалалық мәдениет бас­қармасынан растайтын анық­тамалар (бұл талап тек қана мә­дениет саласында өзін-өзі жұ­мыспен қамтыған азаматтарға қатысты).

Қарастыруға өтініш пен құжаттарды берген уақытқа 10 күнтіз­белік күннен ерте беріл­меген сканерленген құжаттар қабылданады.

Мына мәселені де атап айт­қан жөн, қатысушылардың тізімі балл жүйесімен есепте­леді. Бұл ретте ұпай саны ең жоғары қатысушының пәтер алуға мүмкіндігі зор. Өтінім беру­шілердің балы тең болған жағдайда, өтініш пен құжаттарды ерте тапсырған қатысушыға басымдық беріледі.

Құжаттардың түпнұсқасы және көшірмелерін ұсыну қажет. Банктің қосымша құжаттар талап ету құқығы бар. Тұрғын үй қарызын алу алгоритмі төмен­дегідей:

1 маусым сағат 23:59-да өтініш қабылдау аяқталып, 2 мауысымнан бастап бүкіл өтініштер жүктеледі. 20 жұмыс күні ішінде келіп түскен өтініштердің бағдарлама талаптарына сәйкестігі тексеріліп, әр санатта жинаған балл санымен қатысушылардың тізімі жасалады.

Осы ретте жолдама алғандар 15 жұмыс күні ішінде төлем қабілеттілігін бағалаудан өту үшін «Отбасы банктің» қызмет көрсету орталықтарының біріне жүгінуі қажет. Банкке келмесе және банк рәсімінен өтпесе, жолдама тізімдегі келесі қатысушыға беріледі. 

Төлем қабілеттілігі расталған қатысушы 45 күнтізбелік уақыт ішінде тұрғын үйді таңдап, құжаттарды «Отбасы банкке» ұсынуға міндетті. Егер қатысушы белгіленген мерзімде баспана ала алмай қалса, жолдама келесі қатысушыға беріледі (инфографика).

ИСАТАЙ ҚАМБАРОВ

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

Жастар бағдарламасы қандай жеңілдіктер ұсынады? · Мұрағат