Тәрбие – тал бесіктен

Отбасы – бала тәрбиесін қалыптастырушы ең алғашқы бесік. Конституциямызда: «Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың табиғи құқығы әрі парызы» деп отбасының міндеті анық көрсетілген. «Қазақстан – 2050» бағдарламасында жас ұрпақтың болашағы қандай болуы керектігі жөнінде айтылған. Сонымен бірге Отбасы туралы заң, Жоғары және орта білім тұжырымдамасында әрбір отбасына өзінің ұрпағын тәрбиелеп, қатарға қосу міндеті жүктелген.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялағаны белгілі. Мемлекет басшысы жаңажылдық құттықтауында ресми түрде «Балалар жылын» жариялап, өскелең ұрпақтың жақсы өмір сүруі – мемлекеттің басты міндеті екенін атап өткен еді. Президент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында кітапханалардың заманауи қызметін ұйымдастыру арқылы замана көшіне бейімделген саналы ұрпақты тәрбиелеуді тапсырған болатын. Бұл бастама орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, шығармашылық интеллигенция және қоғамдастық, мәдениет және білім беру саласының өкілдерінің тарапынан қолдау тауып, балалардың кітап оқуына ең қолайлы һәм қолжетімді бірден-бір орын – кітапханалар екенін ескере отырып, жобаны іске асырудың негізгі базасы болып белгіленді. Осы орайда кітапханаларға оқырмандарды тарту және кітап оқуды насихаттау жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітілді.
«Бала – бауыр етің» деген қазақта жақсы сөз бар. Дүние есігін ашқан әрбір сәби, бүлдіршін ата-анасының ғана көз қуанышы емес, ол елінің ертеңгі ту ұстар азаматы. Бұл үшін ата-ана, мектеп, қоғам жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне ерекше жауапкершілікпен мән берсе нұр үстіне нұр болар еді. Демек, баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеп, азамат ету – ата-анаға ортақ парыз. Дегенмен, «тар құрсағын кеңейтіп, тас емшегін жібітіп» дегендей, тоғыз ай, тоғыз күн көтерген перзенті үшін ана тәлімінің алатын орны ерекше. Бала тәрбиесі ана құрсағында жатқан сәттен басталатындығын атам қазақ ертеде-ақ ескерген. Сөйтіп, ананың қабағына кірбің түсірмеуді ойлаған. Өйткені, ана қуанса – іштегі бала да қуанып, қайғырса – бірге қайғырады деп білген. Кез келген адамның әдептілігі мен жан-дүниесінің сұлулығы балаға ең әуелі анадан даритынына көздері жеткендіктен де, сәбиін өмірге әкелетін келінінің жүріс-тұрысына, көңіл-күйі мен тамақтануына және демалысына аса мән беріп қараған. Сонымен қатар ана бойындағы мінез-құлқы мен денсаулығындағы ақаулар құрсақтағы балаға берілмесі үшін жаман әдеттерден арылуға, таза жүруге үндеген. Бұған жүкті әйелдің кештетіп суға бармауына, орамалсыз жүрмеуіне және тағы да басқа көптеген тыйымдар негіз болды. Ал, мұның астарында ұлттың ертеңі, дәстүрлі тәрбие мәйегі жатқаны анық. Медицина ғылымына жүгінсек, ана құрсағындағы баланы төрт айынан бастап тәрбиелей беруге болады екен. Сол себепті бойына бала біткен ана жүріс-тұрысын түзеп, мінезін қалыптастырып, жаман қылықтардан арылып, денсаулығын қадағалап, сұлу табиғат көріністерін тамашалаумен қатар, әсем ән мен күй тыңдап, алған әсерін жан-күй тебіренісі арқылы іштегі нәрестеге жеткізе білуі тиіс. Өйткені, ана қуанса іштегі бала да қуанады, қайғырса қайғырады. Ал, дүниеге сәбиін әкелген әрбір ата-ана «баланы қайткенде тәуелсіз, бірегей, мақсатты және жинақы етіп тәрбиелеуге болады»? деген сұраққа жауап іздейтіні шындық. Бала тәрбиесі – ауыр да үздіксіз еңбек екенін бәріміз де білеміз. Балалардың жан-дүниесі айнадай таза ғой. Сондықтан, айналасындағылардың тигізер әсері оңынан болса құба-құп. Баланың жақсы қасиеттерін, әрекеттерін көргенде кейде оны мақтау да артық етпейді. Өйткені, бұндай жылы сөздерден кейін олар жақсылыққа ынталанады. Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының «Балам деген ел болмаса, елім деген бала қайдан шығады» деген ұлы сөзі бүгінгі күні де өзектілігін жойған жоқ. Балалардың өмірін түрлі келеңсіз жайттардан, ауыр еңбектен қорғауға бүгінгі таңда үлкен мән беріліп отыр.
Бала тәрбиесі қай кезеңде де жауапкершілігі мол іс екені бағзы заманнан бері айтылып келе жатыр. Мәселен, «Бала әкеден не кете туады, не жете туады, не өте туады», «Атадан жақсы ұл туса, қар үстінде от жанар. Атадан жаман ұл туса, ат үстінде ит қабар», «Ата – бәйтерек, бала – жапырақ», «Ананың сүті – бал, баланың тілі – бал», «Жақсы бала әкесінің басын төрге сүйрейді, Жаман бала әкесінің төрдегі басын есікке сүйрейді», «Жақсы бала – сүйік, жаман бала – күйік», «Балаңды бес жасқа дейін хандай көтер, Он бес жасқа дейін құлдай жұмса, Он бестен ары онымен досыңдай ақылдас», «Балалық шағы, патшаның тағы», «Өсер елдің баласы, қозысын күтіп қой қылар. Өспес елдің баласы, қозысын сойып той қылар», т.б. қанатты сөздердің берер тәлім-тәрбиесі мол. Балаға қатысты мақал-мәтелдердің барлығында да ұрпақ қамы, дәстүрлі тәрбие мәйегі жатқанына күмәніміз жоқ. Бір сөзбен айтқанда, біз балалардың тәрбиесіне жете мән беруіміз керек.
САЛТАНАТ ҚАЖЫКЕН







