Біздің сұхбат
5 мин оқу 526

Ашық нарық жағдайында бағамды қолдан ұстап тұра алмайсыз

12 мамыр 2022
Ашық нарық жағдайында бағамды қолдан ұстап тұра алмайсыз

Ресей мен Украина арасындағы әскери қақтығысқа ұласқан геосаяси шиеленіс барысында АҚШ долларына қатысты бірден құлдырап, 520 теңгеден асып жығылған ұлттық валютамыздың бағамы сәуір қорытындысында 1 доллар үшін 445,62 теңге болып, 4,6 пайызға нығайды. Сәт санап өзгеріп жатқан бүгінгі әлемдегідей геосаяси жағдайда алыс уақытқа көз тігіп, жалпы ахуалдың қалай боларын болжамдаудың өзі қиын. Дегенмен әлемдік нарықтарда құбылмалылық сақталып отырған осы бір күрделі кезеңде еліміздің қаржы нарығындағы жағдай, төл теңгеміздің құны қалай болмақ, оған әсер ететін факторлар қандай деген сұрақтарға орай сарапшы Айбар ОЛЖАЙДЫҢ пікірін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

– Еліміздің қаржы нарығында жыл басынан бері қалыптасып отырған ахуалға қысқаша тоқта­ла кетейін. Бірінші тоқсанда ағымдағы шот 2,2 млрд АҚШ доллары мөлшерінде профицитпен қалыптасты. Бұл шоттың теріс сальдосының оң аймаққа ауысуы сауда балансы жағдайының жақсаруына байланысты болды. Ал, сауда балансының профициті 9,9 млрд АҚШ долларын құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6,3 млрд АҚШ долларына өсті. Профициттің өсуі тауарлар экспортының импорттан асып түсетін өсу қарқынымен қамтамасыз етіліп отыр. Тауарлар экспорты 19,1 млрд АҚШ долларын құрады. Экспорттың артуы ең алдымен мұнай мен газ конденсатының әлемдік бағасының өсуімен байланыстырылады. Тауарлар импорты болса 9,1 млрд АҚШ долларын құрады. Тікелей шетелдік инвесторлар кірісі 7 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл ретте капиталға қатысудан түскен кіріс 6,4 млрд АҚШ долларын құрады. Табыстың өсуі экспортталатын шикізатқа әлемдік бағаның көтерілуіне де байланысты болды.

Теңге бағамына келсек, сәуір қорытындысы бойынша 1 доллар үшін 445,62 теңгеге дейін немесе 4,6 пайызға нығайды. Сәуірде шетел валютасына сұраныстың айтарлықтай төмендегені байқалды. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың жалпы көлемі 1,9 млрд АҚШ доллары болған кезде, сауда-саттықтың орташа күндік көлемі 179 млн АҚШ долларынан 92 млн АҚШ долларына дейін төмендеді. Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін валюта сату 168,3 млн АҚШ долларын құрады. Ішкі валюта нарығында ахуалдың тұрақтануы аясында сәуірде валюталық интервенциялар жүргізілген жоқ.

Сәуір айында Standard&Poor’s халықаралық рейтинг агенттігі Қазақстан Республикасының егемен кредит рейтингінің «тұрақты» болжамды «BBB-» деңгейін растады, ал сарапшылар Қазақстанның сыртқы активтері қазіргі уақытта айтарлықтай жеткілікті екенін, жалпы сыртқы қаржыландыруға деген мұқтаждығы салыстырмалы түрде төмендігін атап өтті. Агенттіктің болжамынша Қазақстанның ор­нықты фискалдық позициясы мен ауқымды сыртқы резервтері алдағы екі жылда Ресейдегі экономикалық құлдыраудың салдарын біршама бейтараптандырады. Агенттік мұнай мен алтынның жоғары бағасы, сондай-ақ сыртқы резервтердің жеткілікті деңгейі Қазақстанда орын алуы ықтимал қиындықтарды еңсеруге мүмкіндік береді деп санайды.

Мұның барлығы еліміздің қар­­жы­лық ахуалының орнықты екен­дігін көрсетсе керек.

Бірақ, қазіргі таңдағы геосая­си жағдай басты экономикалық әріптесіміз Ресей Федерациясының мемлекеттік қарызына қызмет көр­сету бойынша өз міндеттеме­лерін орын­дауына, атап айтқанда дефолтқа ұшырамай, қарызын төлеуіне баса назар аударуымызды қажет етті. Жалпы алғанда Ресейдің тәуелсіз қарызының деңгейі төмен. РФ Қаржы министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2022 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша Ресейдің сыртқы мемлекеттік қа­рызы 59,5 млрд долларды құрады, оның ішінде $38,97 миллиарды – сыртқы облигациялық қарыздар. Сол кезде Ресейдің Украинаға басып кіруіне байланысты санкцияларды күшейту төлемді қабылдауға мүмкіндік бермегендіктен, Мәскеу қарызды рубльмен төлеуге тырыс­ты.

Қаржылық мүмкіндігі бар екенін айтып, қарыздарын төлеуге дайын­дығын көрсеткен Ресей төтенше жағдай доллар немесе еуро емес, рубльмен төлеуге заңды негіз береді деп уәж айтты. Инвесторлар мен рейтингтік агенттіктер болса Ресейдің долларға айырбастау мүмкіндігіне сенбеді, мұның өзі Мәскеу тарихи дефолтқа бет алды деген болжамға әкелді. Мұндай жағдай Ресей империясы ыдыраған 1917 жылдан бері алғаш рет орын алғалы отырғанына әрі Еуразиялық экономикалық қауымдастықтағы қаржылық қарым-қатынастың ты­ғыз­дығына байланысты Қазақстан үкіметі алаңдаушылық танытты.

Бірақ, «батырға да жан керек» дегендей, төлем жасалатын күннің соңғы минутында Ресей елден тыс­қары жерде сақталған шетелдік резервтерден ақша аудару арқылы өз қарызы бойынша дефолттың алдын алды. Алайда 25 мамырда АҚШ компанияларына Ресейдің Қаржы министрлігі мен Орталық банкінен төлемдерді қабылдауға мүмкіндік беретін OFAC лицензиясының мер­зімі аяқталады. Мұның арты тағы да дефолтқа әкелуі мүмкін.

Бұл айтылғандар еліміздің валюта нарығына және теңге бағамына қалай әсер етеді, енді соған келейік. 

Қазақстан былтыр Ресейге 6,9 миллиард долларға тауар экспорттаса, керісінше Ресейден 17,3 миллиард долларға тауар алған. Демек, тауар балансының жағымсыз сальдосы кем дегенде 10 миллиард долларды құрап отыр. Дәл осы жағдайда, Ресей бізге келетін импорттың кем дегенде 40 пайызын ұстап отыр. Ресейге байлану кейбір тауарлық позициялар бойынша 90 пайызға дейін жетеді. Сондықтан теңгенің рубльмен тығыз байланысын тек бізге келетін Ресей импортын қысқартып қана үзе аламыз. Биылғы жартыжылдықтың статистикасы көп сұраққа жауап бере алады. Биыл Ресейден келетін импорт қаншалықты қысқарды, ол немен алмасып жатыр, осы нәрселерді жіті зерделеу керек.

Тағы бір сұрақ – теңгеге қай фактор көп әсер етеді: рубль ме, мұнай бағасы ма? Мұнай бағасы дегенде, біз сататын CPС Blend маркасы нарықта Brent эталонды маркасына қарағанда әжептәуір дисконтпен сатылатынын ескеруіміз керек. Одан кейін «Өнімді бөлу бойынша» келісімге сәйкес, оның бір бөлігі ғана бізге тиесілі. Бұл жағдайда, қазір теңге бағамына мұнайдан гөрі рубльдің ықпалы көбірек деп айтар едім.

Сәуір айында инфляциялық қы­сым күшейіп, жылдық мәндегі инфля­ция 13,2 пайызға жетті. Бұл өте жағымсыз сигнал. Ал екінші жағынан, Ұлттық банктің алдын ала бағалауы бойынша бірінші тоқсанда төлем балансының ағымдағы шотында соңғы екі жылда алғаш рет 2,2 миллиард доллар профицит орыналды. Біздің экспорт 66,4 пайызға өссе, импорттың өсімі тек 17% ғана болғанын көріп отырмыз. Профицит те теңгеге дем беріп отыр дегенге мен де толық келісемін. Теңгенің тым күшеюі біздің есеп балансына да аса тиімді емес. Сондықтан, осы жаздан бастап, АҚШ Федералдық резервтер жүйесі мөлшерлемені 50 базистік тармаққа көтергеннен кейін доллардың күшеюін күтуіміз керек. Ең басты фактор – қазіргі жағдайдың нарықтық емес, Ресей тарапынан қолдан жасалуы. Біз ашық нарық жағдайында отырғандықтан, қолдан жасалған нәрсе бәрібір ұзақ тұра алмайды.

Мұндай жағдайда теңге бағамы­ның күшеюі уақытша құбылыс деп ойлаймын. Курстың қайта құбылуы орын алуы ықтимал Ресей дефолтынан кейін, не Ресейдегі жартыжылдық экспорт статистикасы шыққаннан кейін күтуге болады. Доллардың күшейетіні шүбә келтірмейді. Бірақ теңге қандай дәліздік шекте тұрақтайды? Қазір жоспарлау, болжам жасау тереңдігі баяғы 3-5 жылдан 2-3 айға дейін қыс­қарып қалғанын көріп отырмыз. Оған геосаяси жағдайдың күн санап өзгеріп жатқандығы себеп. Ертең тағы басқа елде соғыс бастала ма, коронавирустың жаңа нұсқалары пайда бола ма, ешкім ештеңені түпкілікті болжай алмайды. Мұндай сәтте, теңге бағамын нақты кесіп айту мүмкін емес. Тек белгілісі, қазір теңге нарықтық бағамынан әлдеқайда жоғары тұр.

Дайындаған –

Рымтай САҒЫНБЕКОВА

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

Ашық нарық жағдайында бағамды қолдан ұстап тұра алмайсыз · Мұрағат