Polymetal: Бизнес бөлініске ұшырай ма?

Жуырда, наурыз айының соңында акциялары Лондонда бағаланатын Polymetal компаниясы өзінің ресейлік және қазақстандық бизнесін бөлісуі мүмкін екендігі, компания бұл қадамды инвесторлардың активтерден кетуіне жол бермеу үшін жасайтыны хабарланды. Жоспарларға сәйкес, жаңа компаниялардың әрқайсысының биржада өз листингі болады.
Financial Times газеті дереккөздерінің айтуынша, активтерді қайта құрылымдау нәтижесінде Polymetal қазақстандық «операциялық жақсы» активтерді «репутациялық нашар» ресейлік активтерден ажыратпақ. Бөлінген жағдайда инвесторлар екі компаниядағы үлестерін сақтай алады немесе беделдік, санкциялық қауіптер төнген жағдайда компанияның ресейлік бизнесіндегі акцияларын сата алады.
Ресей мен Украина қақтығысына байланысты Polymetal Ұлыбритания, АҚШ немесе ЕО санкцияларына ұшырамаса да, инвесторлардың, соның ішінде норвегиялық ұлттық әл-ауқат қорының шығуынан зардап шеккен, оған қоса FTSE 100 индексінен шығарылған. «I тоқсанда компания Украинадағы соғыс қимылдары мен одан кейінгі ауқымды санкцияларға байланысты үлкен қысымға ұшырады. Алайда, біз ұзақ мерзімді перспективада бизнестің үздіксіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге толықтай назар аудара отырып, қауіпсіз және тиімді жұмысты жалғастырамыз. Осыны ескере отырып, директорлар кеңесі дивидендтер төлеу туралы шешімді кейінге қалдыруға және инвестициялық жоспарларды оңтайландыруға мәжбүр болды», – дейді топтың бас атқарушы директоры Виталий Несис.
Polymetal әлемдегі ең ірі алтын өндірушілердің ондығына және ең ірі күміс өндірушілердің бестігіне кіреді. Ірі акционер – ИСТ Александр Несис және серіктестер тобы компания акцияларының 23,9%-на ие. Акциялардың 75,2%-ы еркін айналымда. Polymetal халықаралық активтерді бөлу кейбір инвесторлардың әр түрлі юрисдикцияларда нақты иелік етуді қамтамасыз ету үшін активтерді иелену құрылымын өзгерту тәсілдерін зерттеу ұсыныстарынан кейін бағаланатынын мәлімдеді. Polymetal активтерінің үштен екісі Ресейде, бизнестің қалған бөлігі – Қазақстанда. Компания басқаратын екі шахта өткен жылы алтын эквивалентінде 550 000 унциядан астам өнім шығарды. Қостанай (Варваринское, Комаровское кен орындары), Шығыс Қазақстан облыстарында (Бақыршық кен орны) және Ресейде өндірісін жүргізетін компания биыл I тоқсанда алтын өндірісін алтын эквивалентінде 372 мың унцияға (11,6 тонна) дейін қысқартты, бұл өткен жылмен салыстырғанда 6%-ға төмен. Қызылда (Бақыршық кен орны) алтын өндіру 8%-ға қысқарды. Мұның себебі – тарихи жерасты қазбалары орналасқан карьердің шығыс бөлігіндегі аз мөлшерлі өндіру. Өндірісті төмендетудің тағы бір факторы – Қытайға жіберілетін мышьяк мөлшері аз партияларды қалыптастыру үшін концентратты сақтау болды. Polymetal дайын өнім қорын келесі тоқсандарда сату арқылы азайтуды жоспарлап отыр. Варваринскийде циандау учаскесінде алтын алу 4%-ға өсті. Қайта өңделетін кеннің құрамы және флотациялық фабрикада алу сыртқы кен көлемінің ұлғаюы мен сапасының жақсаруының арқасында өсті.
Алтын өндірісі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2021 жылдың I тоқсанындағы жоғары базаның аясында, өндірістің едәуір бөлігі аяқталмаған өндірісті қысқартуға түскен кезде төмендеді. Ағымдағы жылға арналған өндірістік жоспар 1,7 млн унция (52,9 тонна) көлемінде қалады, оның 0,5 млн унциясы (15,1 тонна) Қазақстанға тиесілі. Өндіріс бойынша орташа мерзімді болжам: 2023 жылы 1,65 млн унция (51,3 тонна), 2024 және 2025 жылдары 1,7 млн унция (52,9 тонна), 2026 жылы 1,8 млн унция (55,9 тонна).
Сонымен қатар Polymetal ақша шығындарының болжамын қайта қарап, оны $ 850-900 диапазонындағы алдыңғы болжаммен салыстырғанда бір унция үшін $ 850-950 (Қазақстанда бір унция үшін $700-800) дейін арттырды. Өсім негізінен Ресейге қарсы экономикалық санкциялардың, соның ішінде ішкі инфляцияның, логистикалық шығындардың және импортталатын өнімнің оңтайлы емес көздеріне көшудің әсерімен байланысты.
БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ







