Көрермен оң бағасын берген туындылар

Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің орталық көрме залында биылғы «Балалар жылына» орай «Кемпірқосақ» тақырыбында республикалық көрме ұйымдастырылды. Бұл кең ауқымда өткізілген көрмеге еліміздің түпкір-түпкірінен «Көркем еңбек» пәнінің мұғалімдері қатысып, әр түрлі бағыттағы өнер туындылары қойылды. Өткен жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен биылғы жыл «Балалар жылы» деп белгіленген болатын. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз.
«Бабалар аманаты» аясында 3 жыл бойы жалғасын тауып келе жатқан бұл жоба еліміздегі көркем еңбек пәні мұғалімдерінің басын қосып, ықылым заманнан бергі бабаларымыздың өнерін, тәлім-тәрбиесі мен білімін жалғастырып, балаларды өнерге баулуда және шәкірт тәрбиелеу мақсатында жүргізіліп отырған іс деп айтуға негіз бар.
Аталған көрмеге республика бойынша 80-нен астам ұстаздың өнер туындысы қойылды. Туындылар әр шебердің өзіне ғана тән нақышымен ерекшеленген.
Солардың ішінде бірнеше суретші-шеберлерге, олардың туындыларына жеке тоқталып кеткенді жөн санадық.
Қанағат Кодековтің «Бабалар аманаты» – халықаралық және республикалық көркем еңбектер мен кәсіби суретшілер жинағының, әл-Фарабидің 1150 жылдығына, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына, Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына және ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған шығармалар жинағы. Кескіндеме, мүсін, графика, ағаш ою, өру сияқты өнерлері ғана емес, ақындық қасиеті де дарыған. Ағаштан жасалған туындылары көне құпияға толы, кең байтақ даланың тылсым сырына бай. Мүсінмен нақышталған жылқы, түйе образдары қазақтың бастан кешкен тарихын көз алдымызға алып келеді.
Ақылбек Қабылбековтің «Ана портреті». Автор ана бейнесін ерекше техникада суреттейді. Бояу арқылы нәзіктік пен әдемілікті іздеп тапқан. Ана – жылы құшақты, сұлу, мейірімді, шебер, қамқор, еңбекқор әрі ақылшы. Осы қасиеттің барлығын ескере отырып, мінсіз бейнесін шығармашылығының өзегіне айналдыра білген.
Мираш Тастемірова – иллюстрация, графика шебері. Көрмеде Шыңғысхан, Шыңғысханның анасы, Бөрте ханым атты ауқымды туындысы орын алып тұр. Бұл туындыларында суретші көп ізденіс пен толғаныстың арқасында осындай образға шектелуі толыққанды еңбектің нәтижесін көрсетеді. Композициялық стилі де ешкімге ұқсамайтын ерекше. Образда махаббат лирикасындағы сұлулықты бостандықпен үйлестірген.Ал Гүлнар Еркебаеваның «Жетіқазына» сәндік стиліндегі туындысы ғажап бейнеге ие. Қиялға толы ертегінің бақытты кезеңі көз алдымызға келеді.
«Сурет салу оңай көрінгенімен, өз ойыңды жеткізу, ол адам жан дүниесінің байлығына, ой түйсігіне байланысты туылатын дүние. Терең ой мен толғанысты қажет ететін ауқымды уақыт. Соның бір дәлелі, суретші өз шабытын жоғары дәрежеде жеткізе білген», – дейді көрме жетекшісі Айсұлу Үсентаева.
Көрмеге кескіндеме, графика, скульптура және сәндік қолданбалы ағаштан жасалған бұйымдар, зергерлер, ұлттық киімдер, гобелендер, жүннен жасалған бұйымдар, құрақ көрпелер мен кестеден тігілген паноларнер әр-түрлі техникамен қолдан өткендігі айқындап тұр.
ГҮЛМИРА МЕРАЛИНА







