Жастардың шығармашылығын шыңдайтын орталық

28 сәуір 2022
Жастардың шығармашылығын шыңдайтын орталық

Қаныш Сәтпаев атындағы ұлттық ғылыми зерттеу университетінде әйгілі «Дос-Мұқасан» ансамблінің негізін қалаушылардың бірі, әйгілі «Той жыры» өлеңінің авторы Ұлықпан Сыдықов атындағы шығармашылық орталық ашылды.

Аталған шығармашылық орталық Ұлықпан Сыдықов білім алып, көп жыл қызмет еткен Қазақ ұлттық техника­лық зерттеу университеті­нің қабырғасында ашылды. Орталықтың ашылуына елімізге танымал зиялы қауым өкілдері, оқу орны­ның басшылығымен қатар, студенттері қатысты. Ұлт­тық ғылым академия­сының академигі, «Дос-Мұқасан» ансамблінің мүшесі Досым Сүлеев студенттік шақтарын еске алып, жаңадан ашылған орталықтың орнында бұрын емтихан тапсыратын аудиториялары болғанын жеткізді. Өз кезегінде Мемле­кеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Темірхан Медетбек, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаттары Ғұсман Жандыбаев пен Бауыржан Жақып жыр оқыды.  Артынан айтыскер ақын Ринат Зайытов арнау арнаса, әнші Мұқасан Шаһзадаев әннен шашу шашты. Аталған өнер орталығының ашылуы негізінен Ұлықпан Сыдықовтың биылғы 75 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылып отыр.

Мерейтой иесі 1965 жылы сол кездегі Қазақ политехникалық институтының Автоматика және есептеу техникасы факультетіне оқуға түскен. Содан бергі бүкіл білім, ғылым және ұстаздық жолы осы қасиетті оқу орны, бүгінгі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу уни­вер­ситетінде өтіп келеді.

Ұлықпан Сыдықов аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» өнер ұжымының бой­­тұмарына айналған «Той жыры» әнінің сөзін жазған. Өнер мен ғылымды қатар алып келе жатқан тұлға бұл күнде Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері, философия ғылымының докторы, профессор, ҚР ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Педагогика ғылымдары ака­демиясының академигі, Ха­лықаралық ақпараттан­дыру академиясының академигі. «Қазақ эстрадасының аңызы» халықтық атағының иегері. Сонымен қатар ол қазақ эстрадасының қарлығашы «Дос-Мұқасан» ансамблін ұйымдастырған азамат­тардың қатарында болып, осы өнер ұжымының қаз тұрып, қанат қағуына, өз бет-бейнесін айқын­­дауына, репертуарын байытуға үлкен үлес қосты.

Ұлықпан Сыдықов осы оқу орнында оқытушылық­тан бас­тап проректорлыққа дейінгі еңбек жолынан өтті. Ол 22 жыл бойы проректор қызметін абыроймен атқарды. Бүгінде университеттің әйгілі ғалым ұстаздарынан құралған «Ақсақалдар алқасының» төр­ағасы, ректор кеңесшісі болып қызмет етуде.

«Дос-Мұқасанмен» дүниеге бірге келген, Сәбит Мұқанов, Ілияс Есенберлин, Ақжан Машани, Серке Қожамқұлов сияқты ғұламалардың батасын алған, құрамынан Иран Ғайып, Қасымхан Бегманов секілді айтулы ақындар шыққан «Бәйшешек» әдеби бірлестігінің ұйымдас­тыру­шысы да, жетекшісі Ұлықпан болатын.

Мерейтой иесі шығар­ма­шылық орталыққа өз атының берілуі үлкен жауапкершілік жүктейтінін атап өтті. Онда жастардың дарынын, қабілетін жан-жақты ашуға барынша мүмкіндік жасалған.

Орталықтың ашылуы барысында елге танымал ғалымдар мен ақын, жазушылар Ұлықпан Сыдықовтың ғылым мен шығар­­машылықты қоса алып жүрген өмір жолы жайында естелік­терімен бөлісті.

Оқу орнының қабырғасы­нан шымылдығын бүгін ашқан жаңа шығармашылық орталық жас­тар үшін бас қосатын алаң ретінде ұйымдастырылып отыр. Орталықта түрлі конференция, шеберлік сабақтары, тренинг, семинар, сонымен қатар шығармашылық кездесулер өтетін болады.

САЛТАНАТ ҚАЖЫКЕН

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

Жастардың шығармашылығын шыңдайтын орталық · Мұрағат