Жаңаша дамуда биік мақсаттар көзделеді

21 сәуір 2022
Жаңаша дамуда биік мақсаттар көзделеді

Үкімет мемлекет басшысы тапсырмасын іске асыру үшін әзірленген 2030 жылға дейінгі шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту тұжырымдамасын мақұлдады. Министрлер кабинетінің кезекті отырысында сондай-ақ экономика салаларын білікті кадрлармен қамтамасыз ету шаралары пысықталды.

Соңғы жылдары елімізде шағын және орта кәсіпкерліктің даму қарқыны оң нәтижелерді көрсетіп отыр. Саланың ЖІӨ-дегі үлесі 7,9%-ға артып, 34,7%-ға жетті. ШОБ өнімдерін шығару 2 есеге жуық ұлғайып, номиналды мәнде 29,7 трлн теңгеге тірелді. Жұмыс істеп тұрған ШОБ-тың жалпы саны 15,2%-ға көбейіп, 1,4 млн субъектке тең болды. Онда жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 10,6%-ға жоғарылап, 3,5 млн адамды құрады. Тақырыпты тарқатқан ұлттық экономика бірінші вице-министрі Т. Жақсылықовтың айтуынша, кәсіпкерлік қызметті одан әрі дамытуға қолайсыз реттегіш жүйе мен шектен тыс әкімшілік жүктеме кедергі келтіреді. Бұл проблеманы мемлекет бас­шысы 2021 жылдың аяғында қол қойған жаңа реттеу саясатын енгізу мәселелері жөніндегі заң аясында екі кезеңде шешу жоспарланып отыр. Мысалы, үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында төрт басым салада: сауда қызметі, көлік, ауыл шаруашылығы, қоғамдық тамақтандыру және қонақ үй қызметтерінде реттеушілік талаптар қайта қаралатын болады. Бұл салаларда ШОБ субъекттерін қамту шамамен 60%. 2022 жылдың екінші жартыжылдығында және 2023 жылы денсаулық сақтау, құрылыс, өнеркәсіп және тағы басқа салаларда бизнеске қойылатын талаптарды қайта қарау жоспарлануда. Тың тәсілдер арқылы бизнеске түсетін жүктеме түбегейлі азайтылып, жаңа экономика жағдайында іскерлік белсенділіктің дамуына ықпал жасалмақ. Қолдаудың тағы бір құралы – Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында нарықтың жекелеген қатысушыларына әділетсіз артықшылықтар беретін заңнамалық және реттеуші актілердің күшін жою; ШОБ үшін реттеушілік кедергілерді қысқарту; шектеулі бюджет ресурстарын пайдаланудың тиімділігін арттыру үшін жеке тұлғалар алдында ұжымдық пайданың басымдығын қамтамасыз ету; жаңа бастаған және жұмыс істеп тұрған бизнес үшін сапалы өнеркәсіптік, инновациялық және креативті инфрақұрылымның артық ұсынысын жасауды ынта­ландыру; бизнестің есептілігін автоматтандыру және рұқсат беру құжаттарының санын қысқарту көзделген. Қазірде кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба бекітіліп, кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеу саясатын енгізу мәселелері туралы заң қабылданды. Өз кезегінде Үкімет «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы мен «Бизнестің жол картасы» аясында қолдау шараларын жалғастыратын болады. Шағын және орта бизнестің дамуына жаңа серпін беру үшін қажетті институционалдық жағдайлар мен алғышарттар қабылданады. «Тұжырымдаманы іске асыру 2030 жылға қарай осы салада жұмыс істейтіндердің санын 5 млн адамға дейін ұлғайтуды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ 2030 жылға қарай жалпы ішкі өнімдегі ШОБ үлесін 40%-ға, жалпы ішкі өнімдегі орташа компаниялардың үлесін 20%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Азаматтарға кәсіпкерлік қабілеттерін іске асыруға тиісті жағдай жасап, ашық әрі адал бизнес жүргізгенде ғана аталған мақсаттарға қол жеткізу мүмкін болады», –  деді үкімет басшысы.

Әлихан Смайылов Ұлттық эконо­мика министрлігіне «Ата­мекен» ҰКП-мен бірге Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту тұжы­рым­дамасын сапалы іске асыруды қамтамасыз етуді, кәсіпкерлік қызметті таза парақтан реттеудің жаңа тәсілдерін іске асыру үшін салалық мемлекеттік органдар мен өңірлердің әкімдіктеріне бірінші басшылардың жауапты орынбасарларын белгілеуді, Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге тәуе­келдерді басқару жүйесінің негі­зінде бизнесті мемлекеттік бақылау жүйесін автоматтандыру жөнін­дегі жол картасын әзірлеуді тапсырды.

Елде кадрларды сапалы даярлау мемлекеттік органдардың, оқу орындары мен жұмыс берушілердің бірлескен жұмысына тікелей байланысты. Жиында қозғалған келесі тақырып – экономика салаларын білікті кадрлармен қамтамасыз ету шараларын баяндаған БҒМ басшысы А.Ай­мағам­бетов осылай деді. Қазіргі уақытта елімізде 1 млн-нан астам адам оқудан өтеді, олардың 300 мыңы жыл сайын еңбек нарығына шығады. Кадрларды даярлау деңгейін арттыру үшін БҒМ білім беру гранттарының санын ұлғайтуды, оқуға түсу үшін іріктеу жүйесін жетілдіруді, топ-менеджментті жаңартуды және ЖОО-лардың академиялық ер­кіндігін кеңейтуді, жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлеуді, қосарлы білім беруді дамытуды, Қазақстанда шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашуды, колледждер жанынан құзыреттер орталық­тарын құруды, сондай-ақ мемлекет­тік бақылауды күшейтуді көздейтін алты негізгі бағыт бойын­ша жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл орайда бірқатар проблемалық мәселе бар: сертификаттау жүйесі жеткілікті дамымаған; жұмыс беру­шілердің кадрлар даярлауға қы­зығу­шылығының төмендігі; жаңа білім беру жобаларын қаржылан­дыруды арттыру және ЖОО мен колледждердің материалдық-техникалық базасын жаңарту талап етіледі; кадрларға қажеттілікті бол­жау әдістемесін жетілдіру қажет.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басшысы Т. Дүйсенова өз сөзінде еңбек нарығының 2030 жылға дейінгі негізгі сын-тегеуріндері – жұ­мыс күшіне енетін жастардың айтарлықтай өсуі, экономика­дағы жұмыс орындарының жеткілік­сіз генерациясы, сондай-ақ бір­қатар кәсіптің жойылуына алып келетін технологиялар мен инновациялардың жедел таралуы екенін айтты. Осының барлығы Ұлттық біліктілік жүйесі негіз болатын кадрларды даярлау жүйесін одан әрі жаңғырту қажет екенін білдіреді. Бұл орайда ҰБЖ-ны жаңа экономикалық жағ­дайларға бейімдеу талап етіледі. Осы жұмыс шеңберінде нақты мамандардың тапшылығын болжау тетіктерін жетілдіру, Кәсіптік стандарттар банкін құру және әрбір мемлекеттік органға барлық салалық мамандықтарды кәсіптік стандарттармен қамту бойынша жауапкершілік бекіту жоспарланып отыр. Тағы бір басты міндет – кәсіптік стандарттар негізінде білім беру бағдарламаларын әзірлеу. Бұл бағытты ынталандыру үшін кәсіптік стандарттарға сәйкес өзектендірілген бағдарламалар негізінде оқытатын ұйымдарға мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлу ұсынылады. Сонымен қатар қазіргі уақытта қызметкерлердің кәсіби біліктіліктерін тану тәртібін заңнамалық бекіту бойынша жұмыс жүргізілуде, бұл ҰБЖ-ның дамуына ықпал етуі керек. Осы бағыт шеңберінде формальды және информальды білім беруді тану тетіктері, жұмыссыздардың біліктілігін танудың ваучерлік-модульдік жүйесі және жұмыс берушінің қызметін декларациялау кезінде қызметкерлердің біліктілігін тануды есепке алу жүйесі пысықта­лып жатыр.

Премьер-министр кәсіби кадр даярлау ісі – Қазақстан үшін ең өзекті мәселелердің бірі екенін баса айтты. Жаңа кәсіпорындар салып, инвестициялық жобаларды іске асыру үшін экономикаға жоғары білікті мамандар қажет. Индустрияның дамуы адами капи­талдың сапасына байланысты. Елімізде ұлттық жобаларды, Халықтың табысын арттыру бағдарламасын іске асыру аясында екі млн-нан астам жаңа жұмыс орнын құру көзделіп отыр. Осыған орай президент даярлау жүйесін қайта бағдарлауға айрықша назар аударды. Үкімет басшысы отандық университеттердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және шетелдік ЖОО-да білім алғаннан кейін жастардың елден кетуін қысқарту үшін жоғары білім беру жүйесін қайта қарау қажет екенін атап көрсетті. «Кадрларды дайындау мақсатында экономикаға қажетті мамандықтардың өңірлік карталарын жасап, кәсіп­орын­дардың колледждерді қамқор­лыққа алу тәжірибесін дамыту жоспарланып отыр. Мектептерде оқушыларды ерте бастан кәсіпке бейімдеу жұмыстарын жүргізу қажет. Колледждер мен жоғары оқу орындары жастар мен жұмыс берушілер және инвесторлар үшін тартылыс орталығына айналып, дәстүрлі оқу бағдарламаларын ғана емес, қысқа мерзімді бағ­дарламаларды да ұсынулары керек. Осы міндеттердің барлығы Білім беруді дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасында ескерілуі тиіс», – деді Ә. Смайылов.

Осы ретте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне, «Атамекен» ҰКП-ға және өңірлер әкімдіктеріне бірқатар тиісті тапсырмалар берілді.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

Жаңаша дамуда биік мақсаттар көзделеді · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар