Отандық ғылымның әлеуеті зор

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына шектеу шараларының әсері барынша азайтылды. Дегенмен, бұл мақсаттағы жұмыстарды жалғастырған жөн. Себебі, көршілес елдердің экономикасына санкциялар ықпалы күшейіп барады. Биылғы қаңтар-наурыздағы әлеуметтік-экономикалық даму және республикалық бюджеттің атқарылу қорытындыларын сараптау барысында премьер-министр Әлихан Смайылов осылай деді. Үкімет отырысында сондай-ақ отандық ғылымды дамыту мәселесі қаралды.
Отырыста Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов, премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, энергетика министрі Болат Ақшолақов баяндама жасады.
Ұлттық экономика министрлігінің ақпараты бойынша, қаңтар-наурыз айларында Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,4%-ға дейін жеделдеді. Есепті кезеңде негізгі трендтер бойынша нақты секторда өсімнің жеделдеуі, экспорт көлемінің үдемелі ұлғаюы, көрсетілетін қызметтер секторында тұрақты динамика байқалды. «Нақты сектордағы өсім 5,9%-ды құрады. Қызмет көрсету саласындағы іскерлік белсенділік 2,8%-ға дейін артты. Салалар арасында көлік және қоймалау (9,3%-ға өсім), құрылыс (8,6%-ға), сауда (8,0%-ға), сумен жабдықтау (7,7%-ға), өңдеу өнеркәсібі (6,5%-ға), ақпарат және байланыс (6,4%-ға), тау-кен өнеркәсібі (6,1%-ға), ауыл шаруашылығы (1,8%-ға) оң өсім көрсетіп отыр», – деді Ә. Қуантыров. Өңдеу өнеркәсібінде тұрақты өсу үрдісі сақталды. Осы жылдың қаңтар-наурыз айларында өндіріс көлемі 6,5%-ға өсті. Барлық өңірде оң өсім тіркелді. Ең көп өсім Алматы қаласында (18,0%-ға өсу), сондай-ақ Солтүстік Қазақстан (14,4%-ға) және Атырау облыстарында (14,3%-ға) байқалады. Тау-кен өнеркәсібінде өндіріс көлемі 6,1%-ға ұлғайды. Салалар бөлінісінде өндіріс тау-кен өнеркәсібінде қызмет көрсетуде 17,1%-ға, газ өндіруде 8,2%-ға, шикі мұнай өндіруде 7,6%-ға, басқа да пайдалы қазбаларды өндіруде 6,3%-ға, металл кендері мен көмір өндіруде 1,9%-ға ұлғайды. Тұрғын үйді пайдалануға берудің өсу қарқыны 7,7 п.т. жақсарды. Барлығы 2,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылғы қаңтар-наурыздағы көрсеткіштен 0,4%-ға жоғары.
Әлихан Смайылов экономиканың нақты секторының орнықты дамуының арқасында биылғы жылдың бірінші тоқсанында ЖІӨ 4,4%-ға өскенін атап өтті. «Ақмола, Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстарында және елордада барлық негізгі көрсеткіштер бойынша өсім бар. Ал, Ақтөбе, Павлодар, Түркістан облыстары мен Алматы қаласында екі көрсеткіш бойынша теріс нәтиже тіркелген. Қалған өңірлер жұмысты жандандыруы тиіс», – деді үкімет басшысы.
Сонымен бірге үкімет алдындағы күрделі міндеттің бірі – инфляцияны ұстап тұру. Наурыз айының қорытындысы бойынша еліміздегі жылдық инфляцияның деңгейі 12%-ды құрады. Оған біздің сауда жасап отырған серіктес елдердегі инфляцияның өсуі мен әлемде азық-түлік бағасының қымбаттауы тікелей әсер етті. «Елімізде мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2022-2024 жылдарға арналған инфляция деңгейін бақылау және төмендету бойынша кешенді шаралар іске асырылуда. Инфляцияны ұстап тұру үшін қажетті құралдар бар. Мемлекеттік органдар мен әкімдіктер оларды тиімді пайдаланып, бұл мәселені ерекше назарда ұстауы тиіс», – деді Ә.Смайылов.
Қазақстанда соңғы екі жылда республикалық бюджеттен ғылымды қаржыландыру шамамен екі есе өсті. Бұл жөнінде отандық ғылымды дамыту мәселесін қарау барысында мәлімделді. Отырыста білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов, Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры К.Закарья баяндама жасады.
Үкімет басшысы барлық ғылыми қызметкерлерді кәсіби мереке – Ғылым күнімен құттықтады. «Қазақстанда соңғы екі жылда республикалық бюджеттен ғылымды қаржыландыру шамамен 2 есе өсті (2022 жылы шамамен 84 млрд теңгені құрады). Оған қоса мемлекеттік қаржыны ғылыми жобаларға бөлу құзыреті ғалымдардың өздеріне берілген. Қазіргі кезде қазақстандық ғалымдардың ғылыми жұмыстары көбейіп келеді. Олардың зерттеу еңбектері елімізбен қатар, шет мемлекеттерде де лайықты бағаланып отыр», – деді Ә.Смайылов. Премьер-министр атап өткендей, Қазақстанның коронавирус инфекциясына қарсы өз вакцинасы бар 6 елдің қатарында болуы отандық ғылымның әлеуеті қаншалықты зор екенін көрсетеді. Пандемия кезінде бұл вакцинаны көптеген азаматтарымыз салдырды, ол басқа елдерге де жіберілді. «Біз ғылымға жаңа леп әкелген өз вакцинамызды мақтан тұтамыз. Бұл шын мәнінде біздің ғалымдарымыздың үлкен жеңісі. Отандық ғылым халқымыздың тұрмыс сапасын жақсартуға елеулі үлес қосуы тиіс. Ғылым саласындағы бағдарламалық құжаттардың барлығы осыған бағытталған», – деді үкімет басшысы. Ғалымдарды қолдау, инфрақұрылымды дамыту, ғылымды ведомствоаралық үйлестіру жөніндегі кешенді шаралар «Цифрландыру, ғылым мен инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» атты ұлттық жобада қарастырылған. Ұлттық жобаны іске асыру ғалымдар мен олардың ғылыми жұмыстарының санын арттыруға, зерттеу институттарының жабдықтарын жаңартуға мүмкіндік береді. Былтырдан бері жыл сайын 500 ғалым әлемнің жетекші ғылыми орталықтарына барып, тағылымдамадан өтеді. Жыл сайын «Жас ғалым» жобасы аясында 1000 грант бөлінеді. «Біз 2025 жылға қарай ғылымды қаржыландыруда жекеменшік қаржының үлесін 50%-ға дейін ұлғайтуымыз керек. АT, медициналық-биологиялық салаларда, агроөнеркәсіптік кешенде, «жасыл» технологияларда, тау-кен ғылымы мен металлургияда 5 ірі ғылыми-өндірістік орталық құрылады», – деді Ә.Смайылов.
Премьер-министрдің айтуынша, бүгінгі таңда өңдеу өнеркәсібін дамыту мен жоғары технологиялық өндірістерді құруда ғылымның рөлі ерекше. Бұл еңбек өнімділігі мен халықтың табысын арттыруға оң әсер етеді. Ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижелігін жақсарту үшін ауқымды жұмыс жүргізу керек. ҒЗИ мен университеттер, отандық индустрия мен бизнес тығыз байланыста болғанда ғана өндіріс дамиды, халыққа нақты пайда әкеледі. Ең алдымен ғылыми жаңалықтарға мұқтаж кәсіпорындарды анықтау үшін маркетинг жүйесін енгізу керек. Ғылым қоры өз жұмысын ғылыми ортаның инвестициялық тартымдылығын арттыруға, ғылыми зерттеу нәтижелерін коммерцияландыруға бағыттауы тиіс. Осыған орай Ә. Смайылов Білім және ғылым министрлігіне биылғы 30 сәуірге дейін Қазақстан ғылымын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасының қабылдануын қамтамасыз етуді, жас таланттарды іздеу және оларды ғылымға тарту механизмдерін пысықтауды, зерттеу әлеуеті жоғары ғалымдардың жаңа буынының ақпараттық базасын жасауды, Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе бере отырып, институционалдық трансформациялау шараларын қабылдауды тапсырды. «Сонымен қатар Ғылым қорының экономикалық тиімділігін арттыруға, ғылыми зерттеулерді капиталдандыруға, олардың инвестициялық тартымдылығын, барлық кезеңдегі ашықтығын арттыруға баса мән бере отырып, оның ребрендингін қамтамасыз ету керек», – деді Ә. Смайылов. Бұған қоса, бизнес-қоғамдастық өкілдерімен және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасының жобасына ғылымды қажет ететін өндірістерді, жоғары технологиялық жұмыс орындарын құруда ғылымның үлесі бойынша бөлімді қосып, оның нақты индикаторларын белгілеуді қамтамасыз ету тапсырылды. «Сондай-ақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Энергетика министрліктерімен бірлесіп, ғылыми-техникалық кеңестер құруды және жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржыландыруының орталықтандырылған механизмін енгізуді қамтамасыз ету керек», – деді үкімет басшысы.
Бетті дайындаған –
Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ







