Өндіріс тынысы
3 мин оқу 832

Қара сорадан қағаз жасайық

14 сәуір 2022
Қара сорадан  қағаз жасайық

Шудың бойы — толған кендір шөп, оны көбінде қара сора деп жүрміз. Бұл шудың шөбі жай шөп емес, аты шулы шөп екенін күллі қазақстан біледі. Сол үшін де бұл шөп туралы сөз болса шегу, кайф ұстау, бастан кетіретін есірткі ретінде ғана қараймыз. Іс жүзінде бұл кендір деген жатқан ен байлық. Оның талшығын мәнерлеп  күнделікті тұрмысқа қажетті не бір заттарды өндіруге болады. Машина өндірісі, мата өндірісі, аяқ киім өнірісі, дәрі-дәрмектен бөлек, мұхиттың тұзды суына шірімейтін небір кендір арқандар осы шөптен есіліп жасалады. Бұларды кендір шөптің бір парасы ғана десек, ал қара сораның қағаз жасауда таптырмас шикізат екенін көпшілік қауым біле бермесе керек.

 

Қазақ елі жылына ресейден 100 миллион доллардан асатын көлемде қағаз импорттайды екен. Қағаз басты Қазақстанның күллі қағаз өндірісін, күнделікті кеңсеге, оқушыларға қажетті қалыңы бар, жұқасы бар бүкіл дәптер, блакнот, күнделіктері, тіпті балалардың бояп ойнайтын боямақтарына дейін ресей елі монополдап алған. Біздің кеңсе тауары деп өздерінше бизнес ашып жүргендердікі тек ресейден қағаз өнімдерін тасып, қытайдан қалам, қарындаш, сызғыш, қайшы секілді ұсақ-түйек заттарды тасып сатқанға мәз. Жалпы қазақтың 30 жылда жеткен бар жетістігі алыпсатарлық өнерді ғана мықты меңгергенін мына соғыс айқара ашып тастап жатыр. Бүкіл дүниеміз өзгеге тәуелді, әсіресе ресейге жұлын-жүлкемізбен тәуелді болып келгенімізді мынау тапшылық пен қымбатшылықтың қылқындыра бастаған шағында анық сезіндік.

Жә, бірді айтып, бірге кетпейік. Тақырып шудың шөбі емес пе еді. Сол шудың шулы шөбінен негізінде өте сапалы қағаз өндіруге болады екен. Бұл қара сора деген шөп керемет өсімтал, ұрығы түсіп, бір тамыр тартып алды ма, оны құртып, жою деген мүмкін емес шаруа. Осы жылдан жылға қаулап өсіп жатқан ен байлықты біздің үкімет мақтанса ұрлап сататындармен ғана күрескендерін керемет жетістікке балайды да, оны пайдаланып экономикалық құн жарату жағын қолға алмайды. Қағазыңа қанша шикізат керек, Шуға бар да бытырлатып шөбін шап, мәнерлеп қағаз жасап таста. Бұл қағаз керек болса Қазақстан түгілі күллі ТМД елдерін қамдайтын болады. Одан әрі игеріп бола алмай жатсаңыз жоғарыда айтқан басқа салаға қажетті материалдарды өндір. Міне нағыз экологиялық, өзіндік құны жоғары өнім. Кеше Ауғанстаннан елімізге қағаз келіп жатыр деген ақпарды көріп қалдық. Көрдік те ауғандарға риза болдық. Жоқ дегенде бізді жарлықай алатын қағазы бар екен деп. Ал, ресей жағы өздерін биыл қағазбен қамдай алса, олар үшін үлкен жетістік болғалы тұр. Білесіздер, соғыс енді бастала сала бізге қажетті А4 форматтағы қағаздар бірден екі есеге қымбаттап шыға келді. Бұл әлі басы, әңгіменің зоры күзде болады. Қазірдің өзінде барлық мемлекеттік мекемелер қағаз пайдалану жағында қатал үнемшілдік режиіміне көшкен. Орысқа қарап осынша жыл мөңіреп келген «адалды­ғымыздың» сыйы қазақ қоғамына оңай болайын деп тұрған жоқ. Кеше әупіріммен сатып отырған мұнай құбырының мойыны үзілді. Егер соғыс бұдан әрі жалғаса берсе, ертең ин­тернеттен мақұрым қаларымыз айдан анық. Жаппай тапшылықтың не еке­нін осылайша көретініміз өкінішті-ақ.

Жақсыбек ҚАҚАН

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз