Өндіріс тынысы
4 мин оқу 781

QazaqGaz: Сала тынысындағы салмақты кезең

14 сәуір 2022
QazaqGaz: Сала тынысындағы салмақты кезең

Бүгінде көгілдір отын рөлі әлемдік деңгейде айтарлықтай өсті. Басқа көмірсутекті шикізат арасында табиғи газ жаңартылатын энергия көздері дамыған сайын төменкөміртекті экономикаға көшуді қамтамасыз етумен, дәстүрлі отын түрлерін көбірек алмастыруда. Осы тұрғыда QazaqGaz ұлттық компаниясы отандық газ саласын дамытудың жаңа кезеңін бастамақ.  

Министрлер кабинеті бекіткен газ саласын дамытудың кешенді жоспарында белгіленгендей, Қазтрансгаз QazaqGaz ұлттық газ компаниясы болып өзгеріп, өз тарихының жаңа бетін ашқаны мәлім. 

Компания өз стратегиясында ішкі және халықаралық нарықтардағы тың ұстанымдарды қамтып, бизнес бағыттарын неғұрлым айқындай түсті. Жаңа бренд уақыт сынынан өткен барлық басымдықтарды – эволюциялық дамуды, ауқымды істер мен тұрақтылықты білдіреді. Бұл ретте QazaqGaz газ саласының бай тарихын жаңғырта отырып, ғасырлық мұнай-газ саласында жинақталған үздік тәжірибелерді ұтымды пайдалану үрдісін ұстанады. Ол үшін ұлттық компания ең соңғы ғылыми-техникалық жетістіктерді, өнеркәсіптік технологияларды, бизнесті жүргізу мен менеджментке қатысты заманауи тәсілдерді қолданумен сенімді өркендеуді мақсат етіп отыр.

Қазірде Энергетика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және газ саласындағы ұлттық оператормен бірлесіп әзірлеп жатқан газ саласын дамытудың кешенді жоспары саланы «қайта жүктеуге» бағытталған. Жоспар жобасы мынадай іс-шараларды қамтиды: Бірінші – геологиялық барлау мен жаңа және де қолданыстағы кен орындарында өндіру жобаларын жүзеге асырып, газдың ресурстық базасын ұлғайту. Газ ресурстарын ұлғайту үшін барлық кезеңдерде газ жобаларына преференциялар жасау және жеткізуші инфрақұрылымды салу қажет. Бұдан басқа, жер қойнауын пайдаланушылар үшін ынталандыру бағасын беру, сондай-ақ газ айдау бағдарламаларының орындылығын қайта қарау мәселелері пысықталуда. Екіншіден, министрлік газға баға белгілеудің жаңа моделі бойынша жұмыс жүргізіп жатыр, онда қазақстандық газ ресурстарының шектеулілігі және коммерциялық тұтынушыларға бағаның нарықтық бағалар деңгейіне көтерілуі назарға алынуы тиіс. Үшіншіден, негізгі газ тасымалдау инфрақұрылымы кеңес заманында салынған және қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету үшін ауқымды күрделі қаржы салымын қажет етеді. Газ тасымалдау инфрақұрылымының жай-күйіне техникалық аудит жүргізу, сондай-ақ қаржыландыру көздері мен инвестицияларды қайтару тетіктерін айқындау керек. Төртіншіден, тұрақты газдандыруды жалғастыру үшін газдандырудың бас схемасы өзектендірілетін болады және газдандыру нысандарын ұлттық оператордың балансына беру бойынша қағидалар жеңілдетіледі. Осы шараларды қабылдау 2030 жылға қарай тауарлық газ өндірісін 42 млрд текше метрге дейін ұлғайтуға, газ инфрақұрылымының сенімділігін арттыруға, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін бағаны ұстап тұруды ескере отырып, баға белгілеудің қажетті моделін бекітуге, республиканы газдандыруды 65%-ға дейін ұлғайтуға қол жеткізбек.

Ресурстық базаны ұлғайту перспективаларын бағалау – мемлекет бас­шысы алға қойған тікелей тап­сырма. Көгілдір отынның көп мөл­шері Қарашығанақта өндіріледі, сондықтан бұл өңірде газ тасымалдау инфрақұрылымының ірі объектілері жұмыс істейді. Дәл осы жерде табиғи газдың негізгі қорлары шоғырланған. Осы ретте жуырда QazaqGaz басқарма төрағасы болып тағайындалған Санжар Жаркешов өзінің алғашқы жұмыс сапарын компанияның өңірлердегі өндірістік объектілерімен танысудан бастады. Ұлттық компанияның жаңа басшысы Батыс Қазақстан облысындағы ірі Қарашығанақ газ конденсаты кен орнына барып, ондағы жұмыстың бағыт-барысын бақылады. С.Жаркешов газ тасымалдау жүйесі мен магистральдық газ құбырларының техникалық жағдайына ден қойып, олардың қандай дәрежеде екенін анықтап көрді. Сондай-ақ ішкі нарық үшін тауарлық газ көлемін ұлғайту мәселесі сараланып, Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В. компа­ниясының басшылығымен әңгіме барысында тараптар ілеспе газдың қосымша көлемін өңдеу саласындағы ынтымақтастықты да талқылады. Бұл тақырыптар Чинаревское мұнай-газ конденсат кен орнын игеріп жатқан «Жайықмұнай» ЖШС басшылығымен кездесуде де көтерілді. Сонымен қатар компанияның басқарма төрағасы өңірде жұмыс істейтін өндірістік объектілердің ішінен «Интергаз Орталық Азия» АҚ-тың «Орал» және АГТС-1 «Орал» компрессорлық станциясына барды. 11 газ айдау агрегаты бар «Орал» КС жылына 9 млрд м3 астам газ көлемінде табиғи газ тасымалдауды жүзеге асырады. АГТС-1 Орал қаласы мен жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындары мен кәсіпорындарын газбен тұрақты жабдықтауды қамтамасыз етеді. С.Жаркешовке магистральдық газ тасымалдау жүйесінің объектілері мен жабдықтарын реконструкциялау және жаңғырту жөніндегі жұмыс жоспары ұсынылды. Станция қызметкерлерімен өндіріс, материалдық-техникалық қам­тама­сыз ету және әлеуметтік-еңбек қатынас­тарына байланысты мәселелер қаралды. Бұдан басқа, өңірдің транзиттік әлеуетін дамыту және тауарлық газдың ресурстық базасын ұлғайту мәселелері облыс әкімі Ғали Есқалиевпен кездесуде талқыланды. С.Жаркешов барған тағы бір пункт – Орал газтурбиналық станциясы болды, оған жылына 170 млн м3 көлеміндегі отынды QazaqGaz жеткізеді. Станция облысқа қажетті электр қуатының бестен бір бөлігін өндіріп, қаладағы шағын аудандарды жылумен қамтиды. Компания басшысы барып көрген «Интергаз Орталық Азия» АҚ-тың инженерлік-техникалық орталығында бейінді мамандар жұмыс істейді және заманауи технологиямен жабдықталған орталық газ индустриясы үшін диагностикалық қызметтердің кең ауқымын орындай алады.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

QazaqGaz: Сала тынысындағы салмақты кезең · Мұрағат