Агросауал
4 мин оқу 471

Егін үстіндегі ел тілегі ескеріле ме?

14 сәуір 2022
Егін үстіндегі  ел тілегі ескеріле ме?

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

«Алтын, күміс – тас, арпа, бидай – ас» деген халық даналығының ақиқаттығына соңғы екі-үш айда әлемдік азық-түлік нарығында орын алып жатқан оқиғаларды ой елегінен өткізген сарапшылардың да, базардағы дән мен нан бағасын қас қақпай қадағалап отырған  жалпақ жұрттың да көздері  әбден жеткен сияқты.  Астықтың түр-түрін экспорттау жөнінен әлемде алдыңғы қатардан көрініп, бидай бойынша бірінші орынды иемденген Ресей «қазаншының еркі бар» екендігін көрсетті. Алыстағы Америка мен қиянда жатқан Африканы былай қойғанда, күні кеше тонның ішкі бауындай болған Еуразия экономикалық қауымдастығы елдеріне, соның ішінде Қазақстанға астықты, соның ішінде тұқымдық астықты экспорттауға тыйым салды. Ресейдің өз ішінде бағаның өсуін тоқтатуға бағытталған бұл шешімге еліміздің диқан қауымы оң қабақ танытпағаны айқын.

Тарих қайталанады дейміз. Айтқандай-ақ кеңестік журналистиканың әсерлі айдарларының бірі «ел тілегі – егін үстінде» үндеусөзі жыл құсындай қайта оралған сияқты. Бақ пен сордың, ақ пен қараның ақтық айқасындай болып отырған Еуропа төсіндегі қазіргі тайталас ұтымды ұранның мән-мағынасын тереңдетіп, ғаламдық деңгейге шығарғандай. Міне, осыған орай бүгінде бұл дабылды «әлем тілегі – егін үстінде» десек, шындықтан жырақтамаймыз. Өйткені Ресей мен Украинаның бүкіл аграрлық және техникалық әлеуеті майдан мұқтажына жұмсалып жатқандықтан, биыл тағамдық, сондай-ақ мал азықтық бидайдың, басқа да дәнді дақылдың жылдағыдан әлдеқайда кем жиналуы әбден мүмкін. Сондықтан   төрт құрылықтың Қазақстанға көз тіге бастауы бекер емес. Бұл жағдаят бір жағынан еліміздің экспорттық көкжиегін кеңейтуге себепкер болса, екінші жағынан аграрлық саланың басы-қасында жүрген басшылар мен қосшылардың жұдырықтай жұмылуын талап етеді. Бүгінгі басты міндет – егіс науқанын дер шағында әрі сапалы өткізу. Диқан жұрттың көңілін күпті еткен уайым – тұқымдық астық түйткілі Ресей мен Қазақстан премьер-министрлерінің орынбасарлары деңгейінде көтерілді. «Нәтижесінде Ресей үкіметі тұқым әкетуге тыйым салуды алып тастау және оны рұқсат беру тәртібіне ауыстыру туралы шешім қабылдады», – деп атап өтті көпшілікпен  жүздескен  ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев. Биыл жалпы егіс алқабы 23,1 млн га құрайды. Топырақта ылғал жинау және оны ұтымды пайдалану жөніндегі іс-шаралар шеңберінде шамамен 3,1 млн га алаңда қар тоқтату екі ізбен жүргізілді, бұл 2021 жылғы тиісті кезең деңгейінен 2,5 есе артық.

Егіс науқанын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы құрылымдарында 144 мыңнан астам трактор, 4,7 мың бірлік өнімділігі жоғары егіс кешендері, 77 мың тұқым сепкіш, 221 мың топырақ өңдеу құралдары бар. Дайындық 98 пайыз шамасында. 400 мың тонна көлемінде дизель отыны бөлінді. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін орташа баға литріне 200 теңгені құрайды. Тұқым себу жоспарға сәйкес толық жүзеге асырылды. Биыл шамамен 670,2 мың тонна тыңайтқыш енгізу жоспарланған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 43,7 мың тоннаға артық. Өңірлерде минералды тыңайтқыштарды жөнелту басталды, аграршыларға шамамен 149 мың тонна тыңайтқыш тиелді. Отандық аммиак селитрасының құнын тоннасына 200 мың теңгеден 160 мың теңгеге дейін төмендету туралы шешім қабылданды. Бұл ретте әкімдіктер тарапынан субсидиялауға 27 млрд теңге қарастырылғанын айта кету қажет. Яғни сатып алынған тыңайтқыштар құнының 50 пайызын мемлекет өтейді. 2022 жылға арналған пестицидтерді субсидиялау бағдарламасына 29,7 млрд теңге қарастырылған, бұл егіс алаңын толықтай өңдеуді қамтамасыз етуге және сол арқылы қолайлы фитосанитарлық жағдайды сақтауға мүмкіндік береді.

Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын несиелендіруге 70 млрд теңге көлемінде бюджеттік несие бөлініп отыр. Жалпы соманы 140 млрд теңгеге дейін жеткізе  отырып, қаржыландыру көлемін қосымша екі есе ұлғайту туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар, қосымша 70 млрд теңге бойынша несиелендіру нормативі ұлғайтылады. «Кең дала» бағдарламасы аясында жалпы сомасы 81,7 млрд теңгеге 2861 өтінім келіп түскен, ол 63,1 млрд теңгеге қаржыландырылған. Форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша 83,1 млрд теңгеден астам сомаға түскен 466 өтінімнің  қаржыландырылғаны 57,2 млрд  теңге. Кейбір оңтүстік өңірлерде егіс жұмыстары басталып та кетті, әзірге 181,2 мың га алқапқа дән сіңірілді. Негізгі астық егетін аймақтарда жаппай себу мамыр айында басталады деп жоспарланып отыр. Аграрлық кешен дамуының тұрақтылығын сақтау мақсатында субсидиялаудың жаңа тетігін енгізу мерзімі 2023 жылғы 1 қаңтарға ауыстырылды. Сондай-ақ 139 млрд теңге сомасында қосымша субсидиялар бөлу мәселесі пысықталуда, олар бірінші кезекте өткен жылы пайда болған берешекті өтеуге бағытталатын болады, сондай-ақ тауарлық-материалдық ресурстарға баға көтерілуі салдарын жояды. Көкөністер мен қант қызылшасын өндіруді қолдауға қосымша 8,3 млрд теңге бағытталмақ. Өз бизнесін ашу және ісін жаңа бастаған кәсіпкерлердің қызметін кеңейту мақсатында ауылдық елді мекендер мен шағын қалалар тұрғындарын мөлтек несиелендіруге 40 млрд теңге бөлу жоспарлануда, бұл кемінде 8 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесі әзірленіп, ол Ақмола облысында жүйенің пилоттық тестілеуінен өтті, қазіргі уақытта жүйені пысықтау бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл жүйені енгізу субсидияларды бөлу мен беру кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға мүмкіндік береді. Жалпы, қаржы бөлу мен оны жұмсау мәселесі қоғамның бақылауына өткені, бұл үшін бүкіл тиісті ақпараттың ашық қолданыста болғаны жөн. Бүкіл әлем назары елімізге ауып отырған сындарлы шақта сыбайлас жемқорлықтың «бармақ басты, көз қысты» сынды сұрғылт схемаларына жол беруге болмайды. «Нан болса – ән болады» деген, ең бастысы жылға жетерлік азығымызды қамдап алуымыз керек. Дауылпаз ақын Махамбет айтқан «қара қазан, сары бала қамы» бізден осыны талап етеді.

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

Егін үстіндегі ел тілегі ескеріле ме? · Мұрағат