Біздің сұхбат
4 мин оқу 665

Техникалық реттеу саласындағы ауқымды жұмыстар

14 сәуір 2022
Техникалық реттеу саласындағы  ауқымды жұмыстар

Қазақстан әлемнің көптеген елдерімен сыртқы сауда-саттық айналымында бірнеше жылдардан бері ынтымақтастық қарым-қатынас орнатып келе жатқаны белгілі. Тек өткен жылдың өзінде елімізге 41,2 миллиард доллардың тауары жеткізілген екен. Ал осы әкелінетін өнімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде техникалық реттеу саласының рөлі қандай?

Бұл жөнінде сауда және интеграция министрлігінің техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары Қуаныш ЕЛІКБАЕВПЕН әңгімеміз барысында білетін боламыз.

–Қуаныш Нұрланұлы, сөзімізді сырттан жеткізілетін импорттық тауарлардың тұтынушылар үшін қаншалықты қауіпсіз екендігінен бастасақ?

–Министрлікке қарасты атал­ған комитеттің техникалық реттеу жүйе­сі сырттан келетін тауарлар мен өнім­дердің қауіпсіздігін бақылап әрі сапасын анықтауда қолданыстағы 60-қа жуық тех­никалық регламенттер бойынша жұмыс жүргізеді. Оған машина, құрал-жабдықтар, тамақ өнімдері, автомобильдер, жеңіл өнеркәсіп тауарлары және т.б. жатады. Бүгінгі күні елімізде тауарлар мен өнімдерге сынама жүргізетін төрт жүзден астам сынақ зертханасы және тоқсанға жуық сертификаттау органы бар. Олар сырттан әкелінген өнімдерге техникалық регламенттің міндетті талаптарын орындауды қамтамасыз етеді.

– Сертификаттау органынан сәйкестік сертификатын немесе сәйкестік туралы декларацияны қалай алуға болады?

–Талаптарды қою және сертификаттарды алу бір басқа. Ал бұл талаптардың шын мә­нінде орындалғанын немесе орындалмағанын бақылауды қамтамасыз ету керек. Бұл ретте Комитет өткен жылдың шілде айында күшіне енген Техникалық реттеу туралы әзірленген жаңа заңда өнімдерді қалай басқару керектігі жөнінде нақты анық­талған. Сонымен қатар былтырғы жылдың қазан айында Үкімет қаулысымен техникалық регламенттің сақта­луын қадағалайтын органдардың өкілеттігі шектетілген болатын. Комитет қазіргі күні 34 тех­никалық регламентке қатысты мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру құзыретіне ие. Мәселен, төмен вольтты, теміржол, пиро­техникалық, элеватор, жанар-жағармай, автохимиялық өнім­дер мен басқа да тауарларға мемле­кеттік бақылауды жүгізеді.

– Өзіңіз атап өткендей, қадаға­лайтын органдардың өкілет­тілігі шектелсе, енді мемлекеттік органдар импорттық өнімдерге бақылауды қалай жүргізеді?

 –Импорттаушылар мен шет­елдiк өндiрушiлер уәкiлеттiк берген тұлғаларға өнiмдi әкелу кезiнде кедендік органдарға сертификаттар немесе декларациялар, не ақпараттық жүйелерден осындай құжаттардың бар-жоғы туралы мәлiметтер ұсынады. Алайда, сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың импортты тасымалдау кезінде сертификаттар беруде оңайлықпен мүмкіндіктер туа бермейді. Кей жағдайда бұл процедураны жүргізудің өз қиын­шылықтары да жоқ емес. Өйткені, бірінші кезекте сертификаттау органымен шарт жасасып, жеткізілетін өнімнің үлгісі сынамадан өтіп, сертификат берілгеннен кейін тауарды әкелуге рұқсат алады. Заңнама негізінде тауарларды шартты түрде босатуға мүмкіндік берді десек те, кәсіпкерге бұл процедурадан өтуге 2 ай уақыт беріледі. Содан соң ғана өнімді сатылымға шығаруға болады. Әрине, шартты түрде шығаруға рұқсат етілмейтін тауарлардың тізімі де жеткілікті. Оған 60 күннен асқан жеке азық-түлік өнімдері жатады. Ал нор­маның сақталуын бақылауда нарықтағы тауар бұзы­лып кетпеуі үшін 2018 жылы Сау­да және интеграция, Кеден мен Денсаулық сақтау министрлігі бірлескен бұйрыққа қол қойған болатын. Бұл акт тиісті бағалау құжаттарынсыз елге өнімдер әкелінген кезде заң бұзушылық фактілері бойынша жедел алмасуға және шара қолдануға мүмкіндік береді.

Жоғарыда аталған үш министр­ліктің қармағындағы органдар осы талапты дер кезінде орындамаған сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар туралы ақпаратты аталған министрліктің органдарына жолдайды. Егер, құқық бұзушылық фактісі расталса, заңда белгіленген жаза қолданып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылады. Қазіргі күні айыппұл көлемі 90-нан 600 АЕК-ке дейінгі аралықта. Өткен жылы Мемлекеттік кірістер коми­тетінің органдарымен өзара іс-қимыл жүргізу нәтижесінде 6,2 млн теңге айыппұл салынған. Сәйкестікті растау жөніндегі құжаттарға тұрақты негізде мониторинг жүргізіліп отырады. Аталған комитетпен бірлесе атқарылған ақпараттық алмасулар арқылы заңсыз анықтамалар табылды. Өткен жылы балалар ойыншықтарына, жеке қорғаныс құралдарына, тұрмыстық электр құрылғыларына, тамақ және жеңіл өнеркәсіп өнімдеріне берілген 282 декларация мен сертификат өз күшін жойған болатын. Нәтижесінде 422 сертификат пен 426 сәйкестік декларациясы құқығынан айырылып, 90 миллион теңгеге жуық айыппұл төледі. Сонымен қатар «сұр» импорттың қысымын төмендету мақсатында мемлекеттік бақылау нәтижесінің негізінде қауіпті өнімдердің тізімі қалыптастырылып жатыр. Оны әсіресе, кеден бекеттерінде құжаттарды ресімдеу процестері кезіңде ескеру қажет. Бұл елімізге жеткізілетін тауарлар арасында қауіпті өнімдер­дің шекарадан өтіп кетпеуін айтар­лықтай шектей­ді. Комитет ЕАЭО шеңберінде шығарылатын сәйкестікті растау құжаттарына мемлекеттік бақылауды күшейту, сондай-ақ сұр сертификаттармен күресу мақсатында техникалық реттеудің ақпараттық жүйесін, қауіпті өнімдер тізілімін пысықтау және оны ақпараттық жүйемен интеграциялау бойынша шаралар іске асырылуда. Үстіміздегі жылдың қаңтар айында Комитеттің бұйры­ғымен Қазақстан Рес­публикасының аумағында Қыр­ғызстан Республикасының уәкілетті органдарымен электр тұрмыстық техникасын өндіру бойынша заңсыз ресімделген 12 сәйкестік декларациясының күші жойылды. Бұл өнімдерді өткізген кезде сатушыларға 600 АЕК (1 837 800 теңге) көлемінде айыппұл салынған. Екіжақты кездесуде қол қойылған сұр сертификаттармен күрес жоспары аясында қырғыз тарапына заңсыз берілген 12 сәйкестік декларациясы туралы ақпарат жіберілді. Қырғыз тарапы InterCert сертификаттау органының (Бішкек) сәйкестікті растау құжатын тіркеу жүйесінде қолжетімділігі шектеліп, серти­фикатының күшін жойды. Осылайша, екіжақты жедел ынтымақ­тастықтың арқасында сауда нарығын ықтимал қауіпті өнімдерден қорғауда және сұр сертификат­тармен күресуде ауқымды жұмыстар атқарылып келеді.

ГҮЛМИРА МЕРАЛИНА

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

Техникалық реттеу саласындағы ауқымды жұмыстар · Мұрағат