Азық-түлік ұлт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді

19 наурыз 2022
Азық-түлік  ұлт қауіпсіздігін  қамтамасыз етеді

Қазіргі аумалы-төкпелі кезеңде экономиканың өсу қарқынын сақтап, әрі қарай жеделдету аса маңызды. Оның аясында халықтың табысын арттыру, жұмыс орындарын құру мен экономиканы әртараптандыру жұмыстарын ширату қажет. Сейсенбілік Үкімет отырысында премьер-министр Әлихан Смайылов өзекті шараларға зор көңіл бөліп, тиімді іске асыруды тапсырды.

Жиында еліміздің ағымдағы жылғы қаңтар-ақпандағы әлеу­меттік-экономикалық даму және республикалық бюджеттің атқа­рылу қорытындылары, сонымен бірге орта мерзімді кезеңге арналған Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспары қаралды. Мәлімделгендей, Қазақстанда биылғы екі айдың қорытындысы бойынша ЖІӨ өсімі 3,5%-ға дейін жеделдеді. Осы есепті кезеңде негізгі трендтер бойынша нақты сектор өсімінің жеделдеуі, сауда мен байланыста өсудің ағымдағы жылғы қаңтардағы төмендеуден кейін қалыпқа келуі, өндіруші емес секторлардағы ин­вес­тициялардың қарқынды өсуі байқалуда. Экономиканың тұрақ­ты өсу драйвері – нақты сектор. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 4,7%, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 3,9% артты. Фармацевтикада 17%, киім өндірісінде 12,8%, машина жасауда 9,2%, оның ішінде локомотивтер мен вагондар өндірісінде 23,8%, автомобиль жасауда 10,2%, пластмасса бұйымдары өндірісінде 8,7%, дайын металл бұйымдары өндірісінде 4,4%, құрылыс материалдары өндірісінде 2,1% өсім болды. Тау-кен өнеркәсібінде мұнай өндірудің 9,2%-ға, табиғи газдың 8,9%-ға және металл кендерінің 1,2%-ға ұлғаюы есебінен 6,4%-ға сенімді өсім байқалады. Қызмет көрсету секторында көліктегі (10,4%), саудадағы (6,1%) және байланыс саласындағы (5,1%) жоғары динамика есебінен 2,1% деңгейінде оң өсім тіркелген. Құрылыс саласында өсім 7,6% деңгейінде көрініс тапты және 1,8 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Үкімет басшысының айтуынша, экономиканың шикізаттық емес секторларындағы тұрақты инвестициялық белсенділік жедел экономикалық өсімнің негізгі факторына айналды. Кен өндіру саласын есепке алмағанда, инвестиция­лар 5,7%-ға өсті. Қаңтар-ақпан айларының қорытындысы бойынша Ақмола, Павлодар облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында барлық негізгі макрокөрсеткіштер бойынша өсім байқалып отыр. Ең төмен көрсеткіштер Ақтөбе және Маңғыстау облыстарында тіркелді.

Жиында атап өтілгендей, Ұлттық банк нақты уақыт режимінде жағ­дайдың дамуын және олардың нарықтарға ықпалын қадағалап отырады. Қазақстанның қаржы жүйесіне Ресейге қарсы санкциялардың әсер ету дәрежесін бағалап, қаржы және баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдауды жалғастырады. Ал Қаржы министрлі­гінен баяндалғандай, ағымдағы жылғы 2 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке 2 трлн 724 млрд теңге сомасында кірістер түсті немесе жоспар 106,9% орындалды. Республикалық бюджетке 2 трлн теңгеге жуық кірістер түсті немесе жоспар 100,9% орындалды. Кірістер бойынша жоспар 18 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар – 9 млрд теңгеге асыра орындалды. Салықтар бойынша асыра орындаудың не­гізгі сомалары пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салыққа, кор­поративтік табыс салығына және шикі мұнайға экспорттық кедендік бажға тиесілі болды.

Ә.Смайылов қазіргі күрделі ке­зеңде экономиканың өсу қарқынын сақтай отырып, әрі қарай жеделдету – аса маңызды міндет екенін атап өтті. «Халықтың табысын арттыру, жұмыс орындарын құру және экономиканы әртараптандыру жұмыстарын барынша күшейту қажет. Бұл үшін мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет 2022 жылға арналған Іс-қимыл бағдарламасын іске асырып жатыр. Сондай-ақ Халықтың табысын арттыру бағдарламасы әзірленді. Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен әкімдерге осы іс-шаралардың сапалы және тиімді орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсырамын», – деді ол.

Сонымен қатар әкімдер әлеумет­тік маңызы бар азық-түлік тауарлары­ның бағасын тұрақтандыруға ерекше көңіл бөлуі тиіс. Ол үшін қажетті құралдар бар. Сондай-ақ нарықтағы құбылмалы жағдайды ескере отырып, Ұлттық экономика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірге бақылау­ды күшейтіп, инфляцияны тежеп, бағаларды ұстап тұру үшін қосымша іс-шараларды әзірлеуі қажет. Бұған қоса, қазіргі жағдайда іскерлік белсенділікті әрі қарай дамыту үшін индустрияландыру жұмыстарын тиімді жүргізудің, экономикаға, әсіресе, шикізаттық емес секторға ішкі және сыртқы инвестицияларды тартудың, сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамытудың маңызы зор. Индустрия, ауыл шаруашылығы, ұлттық экономика министрлік­тері мен әкімдіктер бұл жұмысты айрықша бақылауда ұстауы қажет. Осы орайда айта кетерлігі, қазіргі уақытта Үкімет жанында бизнес өкіл­дерінің қатысуымен дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі жедел штаб жұмыс істейді. Оның отырыстарында туындаған барлық проблемалық мәселелер бірлесіп шешіледі.

Елімізде ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің көлемін арттыруға бағытталған Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жос­парының өзектілігі артуда. Отырыс­та орта мерзімді кезеңге арналған Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспарын талдау барысында айтылғандай, соңғы жылдары бүкіл әлемде азық-түлік тауарларына деген сұраныс пен оның бағасы күрт өсіп барады. Сондықтан отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу арқылы ішкі нарықты азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету бірінші орынға шығып отыр. Премьер-министр атап өткендей, өндіріс көлемі ұлғайтылмаса, тұтынудың өсуі сөзсіз импортқа тәуелділікке және азық-түлік қауіпсіздігі деңгейінің төмендеуіне әкеледі. «Мемлекет басшысы ағымдағы сын-қатерлер мен тәуекелдерді ескере отырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын бірнеше рет атап көрсетті. Осыған байланыс­ты тиісті жоспар әзірленген болатын. Қазіргі жағдайда бұл құжат­тың маңыздылығы одан сайын арта түскенін көріп отырмыз», – деді Ә.Смайылов. 

Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі – ұлттық қауіпсіздігімізді қамтамасыз етудің басты шарттарының бірі. Бүгінде Қазақстан негізгі азық-түлік тауарларымен толық көлем­де қамтамасыз етілген және қазір ешқандай да алаңдаудың қажеті жоқ. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтама­сыз ету мәселелерінде бірінші кезек­тегі міндет – азық-түлік тауар­ла­рының нақты қолжетімділігін, олардың дүкендер мен базарлар­дың сөрелерінде жеткілікті болуын қамтамасыз ету. Осы бағытта жос­парда көзделген іс-шаралар егіс алқаптарын әртараптандыру, мал шаруашылығын кешенді дамыту, жаңа инвестициялық жоба­ларды іске асыру, сақтау және логистика инфрақұрылымын дамыту есебінен жүзеге асырылатын ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісі­нің көлемін ұлғайтуға бағытталған. Үкімет басшысының айтуынша, нарықты азық-түлікпен толықтыру шаралары азық-түлік өндірісі мен тұтыну теңгерімін ескере отырып жүргізілуі тиіс. «Бағаны реттеудің қолданыстағы механизмдерінің тиімділігін бағалау керек. Сондай-ақ бағаларды әкімшілік реттеуден халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарын адрестік қолдауға көшу үшін ұсыныстар дайындау қажет. Бағаларды әкімшілік механизмдермен ұстап тұру нарық­тық тәсілдерге жатпайтынын білеміз, сондықтан бағаларды тұрақтан­дырудың басқа да әдістерін қолдану қажет», – деді Ә.Смайылов.

Сонымен бірге жоспар аясында форвардтық жеткізулер жүйесін дамыта отырып, АӨК және сауда субъектілерінің арасында ұзақ мерзімді тұрақты шаруашылық байланыстарды орнату шараларын да қарастыру керек. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде шығарылатын тамақ өнімдерінің сапасы да маңызды орын алады. Бұл бағытта ветеринарлық және фитосанитарлық бақылау, тамақ өнімдерін сертификаттау жұмыстарын жетілдірудің маңы­зы зор. Ә.Смайылов сондай-ақ аграрлық ғылымды дамыту қажет екенін атап өтті. «Ғылыми зерттеу процестерінің интеграциясын, кадр дайындау және ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізуді қамтамасыз ету керек. Бұл үшін жоспарда аграрлық университеттер базасында құрамына аграралық ғылыми институттар мен тәжірибелік шаруашылықтарды қоса отырып, зерттеу орталықтарын құру бойынша нақты міндеттерді қарастыру қажет», – деді премьер-министр.

Бұған қоса, жоспарда көзделген іс-шаралар өңірлік даму жоспарларында да қамтылуы керек.  Облыс әкімдеріне азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нақты KPI бекітілуі тиіс.

Бетті дайындаған –

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

Азық-түлік ұлт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар