Алмастың жеке көрмесі өтуде

Үстіміздегі жылдың 21 наурызына дейін Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайында еліміздің бейнелеу өнеріндегі өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған суретшілердің бірі Алмас Нұрғожаевтың «Өткел» атты сурет көрмесі өтіп жатыр. Аталған көрме өмірден өткен ұстазы Игілік Құлбаевты еске алуға арналған. Автордың алғашқы қадамына осыдан үш жыл бұрын аталған мұражайда өткізілген «Дебют» атты көрмесінде халық оң бағасын берген болатын.
Алмас Төлегенұлы 1988 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданы, Кеген ауылында дүниеге келген. 2007 жылы Орал Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжін бітіргеннен кейін, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясындағы қазақтың талантты суретшісі, педагог Жұмахан Қайрамбаев пен Өмірбек Жұбаниязовтан дәріс алған. Шәкіртінің бойына сенім мен күш ұялатқан ұстаздарының ұзақ жылғы еңбегі елеңіп, бүгінгі күні өзіне ғана тән стиль қалыптастыра білген дарын иесінің өнерін мақтанышпен айтумызға да негіз жоқ емес. 2017 жылы аталған оқу ордасының «Станокты кескіндеме» мамандығы бойынша магистратурасын тәмамдағаннан бері өзінің алғашқы білім алған оқу орнында ұстаздық етіп жүр. 2012 жылдан Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі.
Заманауи бейнелеу өнеріндегі Алмастың қолынан шыққан туындылары мазмұңы мен байланысы жағынан бір-бірімен ұштасып, үйлесімділік тапқан. Көрмеге қойылған бірнеше картиналарының арасында дәл бүгінгі жағдай бейнеленіп, екі жылғы пандемия кезінде өмір сүрген автордың өзі және араласқан ортасының үрейі мен драмаға толы сезімдері айрықша көрсетілген. Суретші өз ойындағы көріністерді және қас-қағым сәттерді аса шеберлікпен жеткізгенің байқауға болады. Ол тек сурет өнерінің мамандарына ғана тән емес, әртүрлі жастағы көрмеге келушілердің өздеріне де түсінікті әрі ой саларлықтай. Шебердің қолымен көркемделген суреттерін таныса келе адамның ішкі күйінің тұрақсыздығы мен құбылмалығынан туған ой туындының «Өткел» деп атауына сұранып тұрғандай.
Халықтың ыстық ықыласына бөленген қылқалам иесі жөнінде ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, өнертану кандидаты Екатерина Резникова, «2018 жылғы «Жаңа әуен» туындысына тоқталсам, ол бір автордың өтпелі кезеңдегі шығармасы дер едім. Бұған дейін суретшіні тарихқа, салт-дәстүрге құрылған ұлттық көріністері көбірек қызықтырса, ал нақ осы композициядан бастап оның жаңа тақырыпқа, мүлде өзгеше көркемдік мәнерге бет бұрғанын анық көз жеткізуге болады. Шығармада дәстүрлер мен әлемнің концептуалды көзқарасын біріктіруге деген ұмтылыс бар. Қолында ежелден аты аңызға айналған Қорқыттан мұра болып қалған қазақтың ұлттық аспабы қобыз, ал құлағында заманауи өмірдің көрінісін паш ететін ұялы телефонға жалғасқан құлаққап. Құлаққаптың көмегімен әуен кернеуіне енген жас жігіттің ішкі жан дүниесі қоршаған ортамен ұштасып, тұтас құбылысқа айналғандай. Сондай-ақ бұл композицияда өткен шақ, қазіргі уақыт және болашақ бөлінбейтін біртұтас екендігін білдіріп отыр.Суретшінің «Бастау» және «Екі әлем» кескіндемелік шығармалары махаббат тақырыбына ойысқан», – дейді.
Бұдан бөлек 2019 жылғы «Қызыл кітап» жұмысында сол кездегі қоғамда белең алған өткір мәселелердің бірі арқау етілген. Күрделі қозғалысқа құрылған композицияда сайғақтың баласын арашалап, құлап бара жатқан табиғат сақшысы бейнеленген. «Әке қанаты» мен «Суретшінің жолы» композициясы туралы «қылқалам шеберінің суретші болып қалыптасудағы ұзақ жылғы қажырлы еңбегі мен жан-жақты ізденісінің арқасында аталмыш кескіндемелік туынды автордың басынан өткерген оқиғаларға толы әсерін көрерменге терең ой саларлықтай жеткізді деп ойлаймын», – дейді өнертанушы Самал Мамытова.
Иә, қалай айтсақ та өнердің осы жолын тандаған Алмастың бүгінгі мұражай көрмесіндегі заманауи нақыштағы суреттері қазақ бейнелеу өнеріне жаңа леп әкелгендей. Қай суретті алсақ та автордың ізденісі мен талпынысы көрініс тауып, ірі форматтағы туындылары жаңа мәнге ие болғаның өнертанушы мамандардың өздері мойындап отыр.
Қазір Алмас бейнелеу өнеріне ден қойған жастарға бағыт-бағдар беріп, шәкірттеріне қазақтың қылқалам өнерінің стильдік ерекшеліктері мен шетел суретшілерінің шеберлік машықтарын үйретіп жүр.
ГҮЛМИРА МЕРАЛИНА







