КӘСІПОРЫНДАР ТЫНЫСЫ БАҚЫЛАУҒА АЛЫНДЫ

10 наурыз 2022
КӘСІПОРЫНДАР ТЫНЫСЫ  БАҚЫЛАУҒА АЛЫНДЫ

Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс көптеген елдердің экономикасына қатты әсер етері хақ. Ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қабылданып жатқан дағдарысқа қарсы шаралар ықтимал экономикалық және басқа да тәуекелдерді барынша азайтуға көмектесуі тиіс.

Өзгермелі экономикалық жағдайда кәсіпорындардың тыныс-тіршілігіне ерекше көңіл бөлінеді. Олар осы күрделі кезеңнен ауыртпалықсыз өтуі үшін үкімет пен әкімдіктер бірлесіп тиісті шешімдер қабылдайды. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов өңірдегі кәсіпорындарды тексеруге кірісіп, әрбір өндіріс ошағының жұмысы жіті қадағаланатынын жеткізді.

Аймақ басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында солтүс­тікқазақстандық зауыт­тар­дың жұмысы қол режимінде бақыланатынын жазды. Өйткені, Ресей мен Украина арасындағы жағдай ауыл шаруашылығына әсер етпесе де, өнеркәсіп саласына өз салқынын тигізуі ықтимал. Көрші елдермен тығыз қарым-қатынас орнатып, құрамдас бөлшектерді Ресейден де, Украинадан да сатып алатын зауыттар өз жұмысында елеулі қиындықтарға тап келері, сондай-ақ логистика мен тасымалдауға қатысты мәселе туындайтыны хақ. Сондықтан бұл бағытта шығындарды азайту шаралары пысықталып, нақты көмек, кешенді қолдау мүмкіндіктері қарастырылуда.

Алдымен 40 және 80 тоннаға шыдайтын ауыр вагон платформаларын шығарушы «ЗИКСТО» АҚ тексерілуде. «ЗИКСТО» АҚ бүгінгі күрделі нарық жағдайында өзінің инфрақұрылымы мен бірегей технологияларын, тех­никалық және кадрлық ресурстарын сақтап қалған кәсіпорын. Кезінде Куйбышев атындағы зауыт атауымен кең танылған кәсіпорын еліміздің қорғаныс кешеніне тиесілі болғаны, теңіз миналарын, тереңдік бомбаларын, торпедаларды, сондай-ақ жанама өндірісте автотіркемелерді, канистрлерді шығарумен айна­лысқаны мәлім. Бүгінде зауыт вагондарды (жартылай вагондар, астық тасығыштар, платформалар) шығарады, жартылай вагондардың, вагондардың қызмет ету мерзімін ұзартып, күрделі жөндеуді, элементтерді, арнайы өнімдерді ауыс­тыруды, дөңгелек жұптарын дайындау мен жөндеуді жүзеге асырады.

Аймақ басшысы тапсырыстар порт­фелін, олардың қалай орындалатынын, шығарылатын өнім мен өндірісті назарға алды. Құмар Ақсақалов қиын кезеңге қарамастан «ЗИКСТО» АҚ тұрақты жұмыс істеп жат­қанын айтты. Өткен жылдың қорытындысында 21 миллиард теңгенің бұйымы өндірілді, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 37 пайызға көп. «Зауыттың биылғы жоспары – 1150 платформа. Сонымен қатар қосымша 100 жаңа жұмыс орны ашылады. Зауыт «Қазақстан темір жолының» тапсырысын орындай отырып, қазіргі жағдайға төтеп береді. Енді қаржыландыру­дың жаңа схемасын бекіту қажет. Жалпы, бұл платформаларға сұраныс өте жоғары, бір платформа екі есе көп жүк тасымалдай алады. Қалай болғанда да, елдер арасындағы сауда жалғасады, экономика жұмыс істейді. «ЗИКСТО» АҚ жұмысына оптимистік көзқараспен қараймын», – деді Солтүстік Қазақ­стан облысының әкімі.

Зауыттың бас директоры Ренат Шамсутдинов ірі өн­діріс нысанының жұмысына, қазіргі жағдайы мен жоспарына тоқталды. «Біз 250 вагон жасауға жетерлік бөлшектерді алып қойдық. Сондықтан алдағы уақытқа жұмыс­пен қам­тылғанбыз. Бұйымдары­мыз «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына жеткізіледі. Вагон-платформалардың екі моделін жасаймыз. Ресейлік кәсіпорындармен ұзақ мерзімді келісім жасалған. 2020 жылғы ұзақ мерзімді келісімге сәйкес өндіріс ошағы 2000 вагон платформа әзірлеуі тиіс. Қазір сол тапсырыстарды орындап жатырмыз. Алдағы уақытта жаңа цех ашуды жоспарлап отырмыз. Қазір оған дайындық жұмыс­тары жүргізілуде. Тұтастай алғанда, ешқандай қиындық туындаған жоқ. Штаттық режимде жұмыс істеп жатырмыз», – деп түсіндірді ол.

«ЗИКСТО» АҚ бас директоры­ның айтуынша, жөндеу жұмыс­тары биылғы жазда басталады. Оған дайындық жұмыстары толық көлемде жүріп жатыр. Нәтижесінде 5 мыңға жуық вагон, сондай-ақ доңғалақ шамдары жөнделетін ауқымды желі болады, зауыт толығымен қайта жаңғыртылады.

Аймақ басшысы жұмысшы­лармен де тілдесті. Қазірде онда 350 адам еңбек етеді. Алдағы уақытта олардың жалақысын 250 мың теңгеге дейін өсіру көзделуде. Қ.Ақсақалов қазіргі жағдайға қарамастан, Солтүстік Қазақстан облысы зауыттары жылды шамамен 55 миллиард теңге тапсырыс қоржынымен аяқтауы керек екенін, бұл өткен жылмен салыстырғанда 12 пайызға артық екенін айтты.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

КӘСІПОРЫНДАР ТЫНЫСЫ БАҚЫЛАУҒА АЛЫНДЫ · Мұрағат