Ауыл шаруашылығы
3 мин оқу 1,405

Шаруашылық дамыса – өңір түлейді

10 наурыз 2022
Шаруашылық дамыса – өңір түлейді

Алматы облысының бірқатар аудандарында дақылдар тұқымын жақсартуға мән берілмейді. Көктемгі дала жұмыстары басталатын уақыт жақындағанымен минералды тыңайтқыштарға тиісті өтінім берілмеген. Жанар-жағармай қорын жинақтау жұмысы нашар. Осы және басқа да түйткілді мәселелер  облыс әкімі Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен өткен жиында кеңінен талқыланды.

Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаевтың ай­туынша,биыл ауыл шаруашыл­ығы дақылдарының егіс көлемі 1297 гектарға көбейіп, жалпы 974 мың гектарға себіледі, оның ішінде дәнді дақылдар – 484 мың және майлы дақылдар – 132 мың гектар.Қажетті 202 мың тонна тұқым толығымен даярланды. Дегенмен, аудандарда тұқымдардың сортын жаңартуға аса мән берілмей келеді, Ақсу, Балқаш, Жамбыл аудандары мен Талдықорған қаласынан тұқым шаруашылықтарынан жоғары репродукциялы тұқым алынбаған. Жалпы облыстағы құйылған барлық тұқымның 10 мың тоннасы ғана – тіркелген субъектілердің өнімі.

«Жалпы облыс және Алматы қаласы тұрғындары қажеттілігін қам­туға маусым аралығына 280 мың тонна картоп керек, ал облыстағы 53 қойманың сыйымдылығы 52,4 мың тонна немесе 37% ғана жабады. Алматы агломерациясын дамытуға тиісті Еңбекшіқазақ, Жамбыл аудандары мен Қапшағай қаласында бір қоймадан ғана бар, яғни заманауи қоймаларды салуға инвесторлар тартуды жандандырумыз қажет», – деді Ә.Жақанбаев.

Бүгінге дейін минералды тыңайт­қыш сатып алуға Райымбек, Балқаш аудандары өтінім бермеген, ал Жамбыл, Көксу, Ұйғыр, Ескелді, Ақсу аудандары мен Талдықорған, Текелі қалалары жоспарланған көлемнің 6 пайызын ғана алған. Шаруашылықтарда жанар-жағармайдың қажетті қорын қалыптастыру нашар жүргізілуде.

Облыстық бюджеттен 12,5 млрд. теңге жұмсалып, 1331 дана техникамен қамтылған 56 сервистік-дайын­дау орталығының бүгінде тек 5-еуі ғана тиімді жұмыс жасайды, ал 12 СДО өз міндеттемелерін орын­да­­м­а­­ғандықтан олармен арадағы келісім-шарт бұзылған. 13 СДО-ның лизингтік төлемінде 373 млн. теңге қарыз бар. Осы мәселелерге терең талдау жасаған Ә.Жақанбаев: «Аталмыш орталықтарды құрудағы негізгі мақсат – шағын фермерлерге тікелей қызмет көрсету болатын, алайда көбінің толыққанды жұмыс жасамауы ұсақ шаруалар арасында наразылық тудыруда. Сервистік дайындау орта­лықтары аудан, қала әкімдерінің өтінішімен құрылғандығын ескеріп, олардың жұмысын оңалтуда нақты шаралар қабылдаулары қажет», – деді ол. Сонымен қатар ол су үнемдеу технологиясын қолдану, су каналдарын қалпына келтіру, мал азығы дақылдарының егістігін ұлғайту, ауыл тұрғындарының жайылым­дық алқаптарға деген қажеттілігін қамтамасыз ету және тағы басқа да мә­се­лелерге егжей-тегжейлі тоқ­талды.

«Қазсушар» РМК Алматы фи­лиалының директоры С.Құдай­бер­геновтың сөзіне сүйенсек, өткен жылы жалпы көлемі 134,4 мың гек­тарға ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен 7 866 келісім-шарт жасалып, 133,1 мың гектарға 1 065 470 текше метр көлемде су жеткізілген. Биылғы жылы да осы шамада су беру жоспарланып отыр. 

Облыс әкімі Қанат Бозымбаев Ақсу, Кербұлақ, Ұйғыр аудандарының әкімдерінен кемшіліктерді қалай түзететінін сұрады. Мәселен, Ақсу ауданында төл алу деңгейі облыстың орташа көрсеткішінен төмен. Минералды тыңайтқышқа өтінім беруде сылбырлық көрсетіп отыр. Қант қызылшасының белгіленген көлемін тиісті деңгейде орындай алмаған. Аудан әкімінің жұмысын облыс басшысы сынға алды.

Сонымен қатар Кербұлақ ауда­нындағы мал азығы мен минералды тыңайтқыш дайындаудың төмендігі, Ұйғыр ауданында кейбір дақылдар көлемінің азайтылғаны, оның себебі мен салдарлары сөз болды.

«Бүгінгі жиында аграрлық сала­ның көптеген өзекті мәселелері айтылды. Бұл проблемалар облыстың ауыл шаруашылығында бірыңғай саясаттың жоқ екенін көрсетіп отыр. Бір аудан бір дақылды азайтса, екін­шісі оны көбейтеді, қалыптасқан бір реттік жүйе жоқ. Сондықтан бұл жұмыста жіберілген олқылықтарды ескере келе, ауыл шаруашылығы саласын дамыту жоспарын өзектендіру керек», – дей келе, облыс әкімі Қанат Бозымбаев көктемгі егіс науқанын мерзімінде әрі сапалы өткізуге байланысты бірқатар тапсырмалар берді.

Жалпы Алматы облысының ауыл шаруашылығы саласын дамытуға 47 млрд. теңге бөлінді. Оның ішінде мал шаруашылығына – 21 млрд. теңге, өсімдік шаруашылығына – 6,7 млрд., инвестициялық субсидиялауға – 12 млрд., су шаруашылығына – 2,5 млрд. және қайта өндеуге – 2 млрд. теңге, ауыл халқын несиелендіруге – 3,6 млрд. теңге қарастырылған.

НҰРЛАН ҚҰМАР

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

Шаруашылық дамыса – өңір түлейді · Мұрағат