Балалар үшін тең мүмкіндіктер – басты назарда

Биылғы барыс жылын Мемлекет басшысы «Балалар жылы» деп жариялады. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бұл туралы жаңажылдық құттықтауында атап өткен еді. Осы орайда ол балаларға ерекше назар аудару керектігін сөз етті.
Осыған орай, таяуда Нұр-Сұлтанда «Әр балаға арналған Қазақстан. Инклюзивті ойын ортасын дамыту» атты кезекті республикалық форум өтті. Шара аясында урбандалу, инклюзия және балалардың құқықтарын қорғау саласындағы халықаралық және отандық сарапшылар жастардың қазіргі кездегі мәселелері жайлы кеңінен талқылады. Сарапшылар урбанизацияланған қалаларда балалардың денсаулығының проблемалары өршитінін атап өтті, олардың ішінде көш бастап тұрғандары: семіздік, қант диабеті, астма, КГТС, депрессия, миопия, омыртқа проблемалары, дәрумен тапшылығы, әлсіз иммунитет және басқа да келеңсіздіктерді атап өтуге болады.
Әлемдік қалалық басқару жүйелері, бюджеттер мен қалалық даму жоспарлары көбінесе мүгедектігі бар балалар мен жасөспірімдерді айтпағанда, жастардың жеке қажеттіліктерін ескермейді. Сондай-ақ, муниципалитеттерге балалар мен жасөспірімдердің құқықтарын, қажеттіліктері мен тілектерін қалалық жоспарлау жүйесіне енгізу туралы негізгі шешімдер қабылдауға өкілеттік берілмеген.
Қазақстанда БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ), Urban Forum Kazakhstan және «Қаладағы балалар: Алматының балаға мейірімділігі» Еуразиялық мәдени альянсының зерттеуіне сәйкес, ата-аналардың тек 5%-ы балалардың қолданып жүрген алаңдары 10 жастан асқан баланы қызықтыруы мүмкін деп санайды. Көптеген ойын алаңдары тек мектепке дейінгі және ерте мектеп жасындағы балаларға арналған. Инклюзивті балалар кеңістігінің саны толығымен шектеулі. Мәселен, Нұр-Сұлтанда тек 3 инклюзивті балалар алаңы бар. Олардың барлығы саябақ аумақтарында орналасқан, сол себепті ол жерлерге мүгедек балалардың қоғамдық көлікпен жетуі қиынға соғады. Алматыдағы жағдай да осындай – тек 3 инклюзивті балалар алаңы ғана саябақ аумағында орналасқан. Елорда мен Алматыдан бөлек, ондай алаңдар тек Тараз бен Теміртауда ғана бар.
«Инклюзия туралы айтатын болсақ, бұл ұғым ерекше балаларды оқыту жағдайынан әлдеқайда кең екенін түсіну керек. Инклюзия барлық деңгейде жаһандық трендке айналды – ол ірі ұлттық және трансұлттық компаниялардың құндылықтары мен миссияларының ажырамас бөлігіне айналуда. Сондықтан біз инклюзия тек мемлекеттік саясаттың ғана емес, бизнестің де бір бөлігіне айналуы керек деп есептейміз. Бұл жағдайда барлық жерде әртүрлі кеңістіктерде инклюзивті ортаны дамыту үшін жағдай жасалуы тиіс», – деді «Болашақ» корпоративтік қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Динара Гаплан.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен ЮНИСЕФ-тің бірлескен жобасы шеңберінде былтырғы жылы Қазақстандағы ойын кеңістіктерінің табысты тәжірибелері мен жақсы тәжірибелеріне түгендеу жүргізілді. Балалардың инклюзивті алаңдары мен кеңістіктерін салу және жобалау кезінде құрылыс нормалары мен ережелерін қайта қарау бойынша ұсыныстар әзірленді. Бұл жұмыстың негізінде сарапшылар әртүрлі жастағы балалар топтары үшін балаларға арналған типтік инклюзивті алаңдардың жобаларын әзірлеуде, оларды форумға қатысушылар өз өңірлерінде пайдалана алады.
«Балалармен бірлесіп сапалы ойын алаңдарын жоспарлау және салу олардың жан-жақты дамуы үшін өте маңызды. Бүлдіршіндердің ерте жастан ойын кеңістігіне қол жеткізу еркіндігі мен қоғамдық кеңістікті пайдалануға деген сенімділігіне ықпалын тигізеді, сонымен қатар өмірлік дағдыларды қалыптастырады. Баланың ойынға ажырамас құқығының кепілі – балалар мен олардың ата-аналарының дені сау және бақытты болашағының кепілі», – деп атап өтті ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Артур ван Дизен.
Форум аясында сарапшылар мектеп жанындағы аумақ балалардың еркін ойынына және түрлі балаларды білім беру ортасына қосуға қалай ықпал ететіні туралы айтып берді, сондай-ақ әлемдік және қазақстандық практикадағы балаларға қалалық ортаның достық мысалдарын талқылады.
Жиын қорытындысы бойынша қатысушылар резолюция қабылдап, онда инклюзивті жабдықтардың сапасын реттейтін стандарт әзірлеу мүмкіндігін, сынақ әдістерін, орналастыру орындарын, инклюзивті ойын кеңістіктері дизайнының жалпы тұжырымдамасын, сондай-ақ балаларды қоса алғанда, мүдделі тараптарды тарту әдістемесін және осындай ойын кеңістіктерін жобалау кезеңдерін стандарттауды қарастыруды ұсынды. Сондай-ақ, сарапшылар ойын кеңістігін дамытуға тұрғындарды тарта отырып, әмбебап дизайн және дизайн принциптерін енгізуге ұсыныс білдірді.
Балалар үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету – ЮНИСЕФ үшін Қазақстанда да, бүкіл әлемде де ең маңызды міндеттердің бірі болып табылады. Бұл Қазақстан 1994 жылы қосылған бала құқықтары туралы Конвенцияға сәйкес балалардың өмір сүру, даму және әлеуетін толық іске асыру құқықтарын қорғауды білдіреді. ЮНИСЕФ жиырма жылдан астам уақыт бойы Қазақстан Республикасының Үкіметімен, жергілікті басқару органдарымен және азаматтық қоғаммен ынтымақтастықта сапалы әлеуметтік қызметтерге және бала үшін қауіпсіз қоршаған ортаға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін жұмыс істеп келеді.
Қазақстанның урбанистер қауымдастығы Q88 былтырғы жылдың жазында құрылған жас ұйым. Өз қызметін үш бағытта жүзеге асыруға күш салып келеді.
Елімізде бала саны 5 миллионнан асса, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бүлдіршіндер саны 46 мыңнан асады. Бұл ресми деректер, ал бейресми деректер бойынша республикада тек қараусыз қалған жеткіншектер саны 100 мыңнан асып жығылады екен. Мамандар осы әлеуметтік мәселені шешудің тиімді жүйесінің болмауы қараусыз бүлдіршіндердің көбеюіне апарып соғатынын айтып жүр. Барыс жылында осы жетім балалардың да жай-күйі назардан тыс қалмаса игі.
Салтанат ҚАЖЫКЕН







