Бірлескен жобалар қолдау табады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Татарстанға сапары барысында «ТАНЕКО» және «КАМАЗ» сынды ірі өндіріс орындарының жұмысымен танысып, онда тәжірибе алмасып жүрген қазақстандық мамандармен кездесті.
Мемлекет басшысы Татарстан президенті Рустам Миннихановпен бірге Нижнекамск қаласындағы «ТАНЕКО» мұнай өңдеу және мұнай-химия зауыттарының кешеніне барды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. Қазақстан басшысына зауыттағы өндіріс жұмыстарының барысы таныстырылып, кешеннің өнімдері туралы мәлімет берілді.
Компания басшылары Қ.Тоқаевқа Қазақстандағы Саран қаласында салынып жатқан шина зауыты мен Атырауда қолға алынатын каучук өндірісі бойынша жобалар жайында баяндады.
«Татнефть» компаниясының негізгі мұнай өңдеу активі саналатын бұл кешен – Ресейде Кеңес одағы ыдырағаннан кейін жаңадан бой көтерген алғашқы өндіріс орны. 2005-2010 жылдары салынған бұл алып кешенде жұмыс істеп тұрған құрал-жабдықтың 80 пайызы Ресейде шығарылған. Мемлекет экономикасына тың серпін берген жоба құрылыс индустриясының, жобалау ғылымының, машина жасаудың, инжинирингтің дамуына жол ашып, экономиканың аралас салаларындағы жұмыспен қамту мәселесіне оң септігін тигізген. Кешенде 30 түрлі өнім шығаратын 28 өндірістік қондырғы жұмыс істейді. Соның ішінде «Евро-6» стандартына сәйкес келетін АИ-92, АИ-95, АИ-100 автомобиль бензині мен дизель отыны, авиациялық керосин, кеме отыны, базалық майлар және жағармай материалдары бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық одақ аясында Қазақстан мен Ресей компаниялары арасындағы серіктестікті одан әрі нығайтудың маңызды екенін, аталған кәсіпорындардың еліміздегі бірлескен жобаларына қолдау көрсетілетінін айтты. Мемлекет басшысы «Татнефть» компаниясында тәжірибе жинап жүрген қазақстандық жастармен кездесіп, олардың елге білікті маман болып оралуларына тілектестік білдірді. Сонымен қатар жуырда «Татнефть» компаниясы мен Семейдегі Геологиялық барлау колледжі арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Осылайша, биылдан бастап қазақстандық колледж студенттері аталған ірі кәсіпорында өндірістік тәжірибеден өтеді.
Сол секілді, президент Татарстанның республикалық маңызы бар қаласы Набережные Челны шаһарына барып, Ресейдің ірі автомобиль корпорациясы – «КАМАЗ» компаниялар тобының өндірісімен танысты. «КАМАЗ» әлемдегі ауыр жүк көліктерін шығаратын жетекші компаниялардың жиырмалығына кіреді. Оның өндірістік қуаты жылына 71 мың машина шығаруға мүмкіндік береді. Алыс-жақын шетелдерге көлік экспорттайтын бұл компанияның басшылығының айтуынша, Қазақстанның автомобиль нарығы өте маңызды бағыт саналады. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі жаңа жүк көліктері нарығындағы «Камаздың» үлесі 42 пайыз болған. Аталған компания Қазақстанда бірнеше жобаны қолға алған. Соның бірі – Қостанай қаласының индустриялық аймағындағы шойын құю өндірісін іске асыратын «KamLitKZ» зауытының құрылысы. Өндірісті 2024 жылдың екінші жартыжылдығында іске қосу жоспарланып отыр. Дәл осы индустриялық аймақта көліктің құрал-саймандарын шығаратын зауыт салынып жатыр. Компания басшылығы Қазақстанда алдағы уақытта «КАМАЗ» көлігіне қажетті қосалқы бөлшектер шығарылатынын жеткізді.
Мемлекет басшысы «КАМАЗ» компаниясының зауыттарында тәжірибе алмасып жүрген қазақстандық мамандармен әңгімелесті. Тәжірибе жинау мақсатымен екі айға келген жұмысшылар Қостанайда ашылатын зауытта жұмыс істейтін болады.
– Бұл – экономикамызға тың серпін беретін маңызды жоба. Сіздердің қажетті білім алып, тәжірибе жинағандарыңыз өте құптарлық жайт, – деді Қ. Тоқаев.
Сондай-ақ мемлекет басшысы экономиканың негізгі драйвері саналатын мұнай өңдеу, машина жасау салаларына арналған және Татарстаннан шығатын өзге де өнімдер қойылған көрмені аралап көрді.
БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ







