Көктемгі егіс жұмыстарына дайындық қалай?

Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаевтың жетекшілігімен көктемгі егіс жұмыстарына дайындық мәселесі талқыланды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Коюмчан Омаров шаруашылықтардың тұқыммен, минералды тыңайтқыштармен, қаржылай қолдаумен қамтылуын баяндады. Сол сияқты суару жүйесінің, ауыл шаруашылығы техникаларының қазіргі жағдайына да тоқталды.
Жалпы биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптары 973,6 мың гектар болмақ. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 1,4 мың гектарға ұлғаяды деген сөз. Минералды тыңайтқыштарға биыл жергілікті бюджеттен 2 млрд. теңгеден астам субсидия бөлінген, 43,7 мың тонна тыңайтқыш қолдану жоспарда. Дегенмен тыңайтқыш бағасының екі есеге өсіп кеткені шаруашылықтарға қиындық туғызуда. Жауын-шашынның, қардың аздығы биыл да дихандарға ауыртпашылық салмақ. «ҚазГидрометтің» болжамында облыста ылғал жинақтау кезеңінде жауын-шашын орта есеппен 16-38%-ға азайған, ал облыс тауларында қар қоры орташа алғанда 24-47%-ға аз.
Облыстағы суару желілері мен гидротехникалық құрылыстардың тозуынан каналдардағы су шығыны да артып келеді. Бұл мәселені шешу үшін облыстың 16 ауданындағы 113,8 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру үшін суару желілерін реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде. Осы мақсатта жобалық сметалық құжаттама әзірлеуге жергілікті бюджеттен 3,4 млрд. теңге бөлінді. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары Ақсу, Ескелді, Қарасай аудандарында және Талдықорған қаласында, қосымша Ислам даму банкінің қаражатымен 2 ауданда жүргізілуде.
Ирригациялық желілерді қалпына келтіру мен проблемаларына «Қазсушар» РМК Алматы филиалы директоры Саят Құдайбергенов тоқталды.
Облыс әкімі Қанат Бозымбаев су қорын үнемді тиімді пайдалану үшін аграрлық шаруашылықтар ылғал сақтау технологиясына көшуі тиіс екенін айтты. Жалпы облыста 20,7 мың гектардан астам жерге тамшылатып және жаңбырлатып суару қондырғылары орнатылған, яғни өңірде ресурстық технологияны қолдану деңгейі 4,7% ғана.
Жиында облыстағы ауыл шаруашылығы техникаларының жағдайы да сөз болды. Қазіргі кезде көктемгі дала жұмыстарына тартылатын 32,9 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасы мен тіркеме агрегаттарының дайындығы – 94,1%.
«Техникаларды жаңартуға бағытталған арнайы бағдарлама әзірлейміз. Бұл бізге аудан, қалалардағы МТС-тардың ахуалын айқын көрсетіп береді. Осы сараптау қорытындысына сәйкес, аграрлық шаруашылықтардың мүмкіндіктеріне қарай техника сатып алудың несие, заём, лизинг сияқты қаржыландыру көздерін нақтылайтын боламыз. Сол сияқты облыстағы су шаруашылықтарымен айналысатын арнайы мекеме құрылады,ол өз міндетіне сай тиісті жұмыстарды атқаратын болады»,– деді Қ.Бозымбаев.
Көктемгі дала жұмыстары кезінде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қаржылай қолдаудың маңызы зор. Жиында сөз алған «Аграрлық несиелік корпорация» АҚ директоры П.Княжевтың айтуынша қаржы ұйымына 264 млн. теңгеге 29 өтініш келіп түскен, соның 165 млн. теңге болатын 19-ы мақұлданды. Тағы 9 өтініш қарастырылу үстінде.
Ақсу, Сарқан, Балқаш, Көксу, Панфилов аудандары мен Қапшағай қаласының әкімдерімен ірі шаруашылық жетекшілерінің пікірлерін тыңдаған облыс әкімі селекторлық кеңес қорытындысында егін егу науқанын оңтайлы агромерзімде уақытылы өткізуге қатысты бірқатар тапсырмалар берді.
«Көктемгі дала жұмыстарына дайындық – барлық аудан, қала әкімдерінің алдында тұрған негізгі міндеттің бірі. Бүгінгі айтылған суару жүйелерін қайта жаңғырту, су қоймаларын салу, су тарифін, минералды тыңайтқыштар мен жанар-жағармай бағасын реттеу, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту сияқты мәселелерді бір-ақ күнде шешу мүмкін емес. Бірақ нақты жоспар жасап, кезең-кезеңімен қаржыландыра отырып шешуге болады. Осы орайда егіс алқаптарында суды үнемдеу және ылғал сақтау технологияларын енгізу жұмыстарына ерекше мән беру керек. Кепілдендірілген дизель отынын жеткізудің бекітілген кестесіне сәйкес жанар-жағармайды уақытылы жеткізуді және машина-трактор паркін жаңарту мәселелерін бақылауға алуды тапсырамын. Көктемгі дала жұмыстарын уақытылы жүргізу үшін несие беру жандандырылып, қаражаттың игерілуі қамтамасыз етілсін. Суармалы суды уақтылы беру үшін суару арналары мен су шаруашылығы құрылыстарын дайындау шаралары қабылдансын. Бұл жұмыстар жоғары өнім алуға ықпал етеді деп санаймын», – деді Қ.Бозымбаев.
Тек жетісу өңірінде ғана емес, қазір еліміздің бүкіл өңірінде көктемгі егіс жұмыстарына дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы елімізде биылғы жылғы егіс алқаптарының құрылымы 22,9 млн. гектар құрамақ. Бұл өткен жылдың көрсеткішінен 13,5 мың гектарға артық.
Қазіргі уақытта тұқым жоспарға сәйкес 100% толтырылды, сараптамаға 1,5 млн. тонна жаздық дақылдар тұқымы келіп түсті, оның 1,3 млн. тоннасы немесе 90%-ы тексерілді. Тексерілген тұқым көлемінің 99%-ы кондициялы деп танылған, 88% егіс стандартының 1 және 2-класына сәйкес келеді. Алдын ала деректер бойынша, 2022 жылғы өнімге 135 мың тонна элиталық тұқым – 5,7 %, үшінші репродукциядан төмен емес тұқым – 95% себілді. Егіс науқанын өткізу үшін ауыл шаруашылығы құрылымдарында 141,7 мың трактор, 4300 бірлік өнімділігі жоғары егіс кешендері, 73,2 мың тұқым сепкіш, 221,2 мың топырақ өңдеу құралы бар. Республикада бір мезгілде бірнеше технологиялық операцияларды орындайтын қазіргі заманғы егіс кешендерінің 4300 бірліктен астамының болуы дәнді дақылдар алқаптарының 70% егуді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Ағымдағы жылы егіс жұмыстарын жүргізуге өңірлердің дизель отынына қажеттілік 400,0 мың тоннаны құрады, бұл өткен жылы бөлінген көлемнен 20,0 мың тоннаға артық. Айырмашылық қарды сақтау және ылғалды жабу жұмыстарын жүргізу қажеттілігіне байланысты болды.
САЛТАНАТ ҚАЖЫКЕН







