Геополитика
5 мин оқу 739

ҚАЗАҚСТАН – ҮЛКЕН МҮМКІНДІКТЕР ЕЛІ

11 ақпан 2022
ҚАЗАҚСТАН – ҮЛКЕН МҮМКІНДІКТЕР ЕЛІ

Польша мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас соңғы жылдары серпін алды. Бұған өз кезегінде «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты шығармашылық ұжымдар да лайықты үлестерін қосуда. Мәселен, Познаньдағы Адам Мицкевич университетінің проректоры, профессор Тадеуш Валлас мырза республикалық «Мысль» қоғамдық-саяси журналының Алқа мүшесі болып табылады. Ал, Польша-Қазақстан Сауда-өнеркәсіп палатасының президенті  Петр Гузовский – газетіміздің Ақылдастар алқасының шетелдік мүшесі. Аталған польшалық әріптестеріміз  сонымен қатар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің профессор-оқытушылар құрамымен де тығыз ынтымақтастық орнатқан. Таяуда Петр Гузовский мырзаға қоңырау шалып, екіжақты байланыстарға қатысты сұхбат құрған едік.

– Петр мырза, өзара инвесторлар тартуда, кәсіпкерлер арасында байланыс орнатуда туындап отырған мәселелерге тоқталсаңыз.

– Поляк және қазақ кәсіпкер­лері құрған Польша-Қазақстан Сауда-өнеркәсіп палатасы 14 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Палата екі ел арасындағы экономикалық қана емес, сондай-ақ мәдени ынтымақтастықты дамытатын іс-шараларға да белсене қатысуда. Жыл сайын біз поляк, қазақ және орыс тілдерінде поляк-қазақ «Экономикалық бюллетенін»  шығарудамыз. Біз әсіресе шағын кәсіпкерлер мен орта бизнес өкілдерін толғандыратын мәселелерді көтеріп келеміз, оларға арнап кездесулер мен вебинарлар ұйымдастырамыз, іскер серіктестер іздеп, жәрмең­ке таңдауға көмектесудеміз. Ең маңыз­ды тақырыптардың бірі инвесторлар мен экспортшылар үшін несие желілерін ашу болып табылады. Бастама  көтерілгенімен, жүзеге асырылуы көңіл көншітпей отыр. Бұл жерде қос тараптың да, яғни Польша мен Қазақстанның атқарар ісі көп.

Қазақстан – үлкен мүмкін­діктер елі, бірақ көп жағдайда түрен салынбаған тың нарық инвесторлардан шыдамдылықты талап етеді. Поляк инвесторлары әрдайым шыдамдылық таныта бермейді, бұл Польша үшін де, Қазақстан үшін де қолайлы емес. Мұнда екі жақ тарапынан да тоғысатын тұс пен түйісетін нүкте табу маңызды. Мәселен, қазақ тарапы арқылы Польша Орта­­лық Азия нарығына және Қазақ­станмен ыңғайлы кедендік келі­сімдері бар Қытай нарығына шығып, үлкен нарықты тарта алады.

Бүгінгі таңда польшалық бірқатар кәсіпорындар осы мақсатқа орай жұмыс істеуде. Атап айтқанда Selena, Polpharma, Famur, Pronar, Prószński компаниялары, жылыжай мен бақша желілерін орнататын фирмалар табысы көңіл қуантады.

– Еуропа нарығына шығуды көзде­ген қазақстандық іскер азаматтарға қан­дай ақыл-кеңес айтасыз?

– Мен жоғарыда Қазақстан нары­ғының келешегі зор екендігі туралы айттым. Бұл орайда қоршаған ортаны қорғау, жаңғыртылатын энергия, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласында поляк технологияларын қолдану өрісі кең. IT секторындағы ынтымақтастықтың жолы бөлек, жас мамандар қолдау күтпей, қашықтан отырып та жұмыс істей береді десек те, оларға жуырда Палата тарапынан нақты көмек көрсетілді.

Қазақстанда тамақ өнеркәсібіне қажет шикізат пен экологиялық астық және басқа сұранысқа ие өсімдік өнімдері бар. Польша оларды өңдеу және Еуропаға экспорттау бойынша өзіндік бір «терезе» бола алады. Кәсіпкерлер арасындағы мәселелер менталитетті түсіну деңгейінде туындап отыр, жоғарыда шыдамдылық туралы айтқаным осыған саяды. Поляк­тар қазақтармен, қазақтар поляктармен келісімшарт жасасқанда заңгер қызметін пайдаланулары керек. Келісімшартты жергілікті ахуалды зерделеп, мәселенің ұңғыл-шұңғылын зерттеп барып жасау қажет.

– Бүгінде сыртқы нарықта жұмыс істеуге баратын отандастарымыз үшін Польша – Оңтүстік Кореядан кейінгі ең танымал бағыт. Польшадағы кәсіп­орындарда қазақтарды не күтіп тұр, оларға ақы қалай төленеді, құжат­тары қалай ресімделеді, салық төлей ме, медициналық сақтандыру бар ма, қайда тұрады, жатақхана жағдайы қалай шешілген?

– Мен мұнда қазақ жұмысшыларын кездестірдім, бірақ олар, мәселен, тәжік, өзбек, қырғыздар сияқты көп емес. Барлығын да табыс қызық­тырады. Көп адамдар Польшаны Еуропаға шығатын, аз ғана аялдайтын ел ретінде қарастырады. Бұл поляк жұмыс беруші компаниялары үшін залалды болып табылады, өйткені көші-қон мекемелерімен келіссөз жүргізетін олар елде тұруды заңдастыру шығындарын көтереді. Меніңше, қазақтар ежелден атқа жеңіл болғандықтан, басқа елде тұрақтау олар үшін онша қиын емес сияқты. Поляк жұмыс бе­ру­шілерінің қазақтарға деген теріс көзқарасын кездестірген жоқпын. Поляк компаниялары қоятын шарттар жұмысшылар бұған дейінгі өмір тәжірибесінде кездестірген талаптардан бөлек, тіпті жоғары болуы мүмкін. Сондай-ақ өз ісіне немқұрайлы қарайтын жұмыс беруші кездесуі де ықтимал. Міне, осыған орай еңбек мәмілесіне қол қоймастан бұрын оны егжей-тегжейлі оқып, мәніне бойлау керек. Бастапқыда шетелдік жұмысшыларға төленетін ақы поляк қызметкерлерінің жалақысынан төмен болуы мүмкін, бірақ біраз уақыттан соң ысылып, жұмыс ырғағына көндіккен соң жалақы біркелкі болады. Түсініспестік туын­даған жағдайда қазақстандықтар біздің Палатадан ақыл-кеңес, ақпарат сұрай алады.

Көптеген жұмыс берушілер жұмыс істеген кезеңде елде болуды, ресми жұмысқа орналасуды және тегін баспананы заңдастыруды ұсынады. Шетелдік жұмысшы мен поляктың құқығы бірдей. Жұмыс беруші еңбек­керден айырылып қалмау үшін шет­елдік қызметкерге жақсы жалақы беруге тырысады. Кейбір компаниялар жұмыскерге әл жинап, күш-қуатты қалпына келтіретін тамақ ұсынады. Поляк компанияларында түскі үзіліс жоқ, бірақ 20 минуттық үзіліс кезінде түскі ас, тамақ беріледі.                                  

Еңбекке төлем сағатына 14 злотыхтан бастап 30 злотыхқа дейін жетеді және одан да көп болады (соңғы бағам бойынша 1 злотых – 107,46 теңге). Алыс сапарларға шығатын жүргізушілер, дәнекерлеушілер мен электриктер сұранысқа ие және жақсы табысқа үміт арта алады. Қосымша ынталандыру ретінде сенбі күндері жұмыс істеу мүмкіндігі берілген. Дәрігерлер мен медбикелер де керек, бірақ оларға поляк тілінде әңгімелесе алу шарты қойылады.

Қызметкер ресми түрде жұмыс істейтін болса, салықтың барлығын, сақтандыруды, оның ішінде медици­налық сақтандыруды жұмыс беруші төлейді, біз осы ережені нысанаға аламыз. Заңсыз жұмыс істеу жалақыны көбейтуі мүмкін, бірақ сырқаттанған немесе жазатайым жағдайға тап болғанда қызметкер үшін де, жұмыс беруші үшін де тәуекел, қылмыс саналады, жоғары айыппұл салынады. Компания, жұмыс беруші  әдетте жұмыс орнына жақын екі кісілік бөлмелердің ақысын төлейді. Уақыт өте келе қызметкерлер өз есебінен жеке бөлмені жалға ала алады. Ерлі-зайыптылар, әсіресе бағбандық пен бау-бақша дақылдарын жинау барысында бірге жұмыс істегенді ұнатады.

– Петр мырза, Польша-Қазақстан Сауда-өнеркәсіп палатасының алдағы жоспарларына тоқталып өтсеңіз.

– Күнде өзгеріп жатқан заманымызда алдағы күнге ұланғайыр жоспар құру мүмкін емес. Жаһанды уысында ұстаған пандемия өзге де қоғамдық ұйымдар сияқты сауда-өнеркәсіп палаталарынан да тірлік үшін тырбануды талап етуде. Қазіргі уақытта экономикалық ынтымақтастық қоғамды сақтап қалудың және мемлекет институттарының жұмыс істеуін қамтамасыз етудің сыннан өткен әдістерінің бірі болып табылады. Сондықтан кәсіпкерлер арасындағы қарым-қатынастарды жандандыруға күш салудамыз. Біз өз қаражатымызға өмір сүреміз. Бірақ кей жобаларға мемлекеттік бюджет қолдау көрсетеді. Кәсіпкерлерге жан-жақты жәрдем жасау үшін мұның да өз артықшылықтары бар. Ал, іскерлік салада баянды байланыс орнатқысы келетін мүдделі мекемелер мен жеке тұлғалар Польша-Қазақстан Сауда-өнеркәсіп палатасына www.pkihp.pl веб-сайты арқылы хабарласуларына болады.

Сұхбат соңында әріптесімізге әсер­лі әңгімесі үшін алғыс білдірдік.

Сұхбаттасқан

Жетпісбай БЕКБОЛАТҰЛЫ

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз