Өнімді жобаларды өрістету қажет

Президент тапсырмасымен 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге және еңбек өнімділігін 30%-ға арттыру міндеті қойылған. Бұл міндетті шешудегі негізгі элемент – индустрияландыру картасының жобаларын уақытылы әрі сапалы іске асыру.
Өткен жылы елімізде Индустрияландыру картасы аясында жалпы құны 1,3 трлн теңге болатын 144 жоба жүзеге асырылды. Өндіріс ошақтарында 12,9 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Жобалар тамақ өнеркәсібі (41), құрылыс индустриясы (26), машина жасау (18), металлургия (16), химия өнеркәсібі (10), жеңіл өнеркәсіп (8), ағаш өңдеу (3), мұнай өңдеу (3), фармацевтика (1), энергетика (12), тағы басқа салаларда (6) іске қосылды.
Олардың басым бөлігі Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Жамбыл облыстары, сондай-ақ Шымкент, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында орналасқан. Ірі жобалардың ішінде Қарағанды облысындағы «Жәйрем КБК» АҚ байыту фабрикасының құрылысын және жұмыс істеп тұрған өндірісті жаңғыртуды атап өтуге болады. Заманауи полиметалл байыту фабрикасының қуаттылығы жылына 5 млн тоннаға жуық кенді өңдеуге жетеді. Мұнда ең заманауи технологиялар, жаңа карьер, цифрландырудың жоғары дәрежесі бар толық автоматтандырылған фабрика және инновациялық жабдықтар қолданылады. КБК Қазақстандағы мырыш және қорғасын концентраттарының ең ірі өндірушісі болады деп күтілуде. Сондай-ақ 400-ге жуық қосымша жұмыс орны ашылды.
«Kaz Minerals Aktogay» ЖШС қолданыстағы сульфидті фабриканы қайталау арқылы Ақтоғай КБК-нің қайта өңдеу қуатын кеңейту жобасы да 2017 жылы үдемелі индустрияландыру аясында басталды. Комбинаттың екінші кезегін іске қосумен кен өңдеуді жылына 25 млн-нан 50 млн тоннаға дейін арттыру мүмкін болады. Биылдан бастап кен орнында 190 мың тонна мыс, оның ішінде 20 мың тонна катодты мыс өндіру жоспарланып отыр. Бұл кәсіпорында да алдыңғы қатарлы технологиялар, жасанды интеллект негізіндегі бағдарламалар белсенді қолданылады.
Осы секілді «Qaz Carbon» ЖШС-нің агломерациялық фабрикасы бар Сарыарқа ферроқорытпа зауыты сұранысқа ие өнімді қысқа мерзімде шығаруға бейімделген жабдықтарымен ерекшеленеді. Бұл ретте автоматтандыру, жаңа технологиялар адам факторын барынша азайтады. Барлық пештер өндіріс орталығынан басқарылады, операторлар бейнекамералар арқылы технологиялық процесті бақылайды. 8 түрлі өнім Nippon Steel, Marubeni Corporation, «АрселорМиттал» (Люксембург) сияқты шетелдік алыптардың сұранысына ие. Экспорт географиясы Жапония, Ресей, Еуропа елдері мен ТМД-ны қамтиды.
Ал «Петропавл электр техникалық зауыты» ЖШС трансформаторлар өндірісін жолға қою нәтижесінде 6, 10, 35 кВ кернеу класындағы тарату трансформаторлары мен жоғары вольтты ұяшықтар шығарылуда. Зауыттың өндірістік қуаты жылына – 13 000 бірлік өнім. Шығарылатын өнімнің 98%-дан астамын ТМД елдеріне экспорттау жоспарлануда.
Тағы бір маңызды жоба – «QazTehna» ЖШС Саран қаласындағы Yutong жолаушылар автобустарының өндірісі. Кәсіпорынның жалпы өндірістік қуаты Yutong брендінің 1200 бірлік жолаушылар автобусы мен электр автобустарын, сондай-ақ карьерлік, құрылыс және жол техникасының 500 бірлігін құрайды. Компания сатып алған барлық жабдықтар маңызды серіктес – Zhengzhou Yutong Group Co., Ltd. компаниясымен арнайы әзірленіп, жинақталған. Жабдықтардың мейлінше икемділігі QazTehna қызметкерлеріне бір бұйымды дайындаудан екінші бұйымға жылдам қайта баптауға, сондай-ақ тапсырыс берушіге аз мөлшерде қажетті бөлшектердің кең ассортиментін өндіруге мүмкіндік береді. Бұйымдарды негізінен еліміздің көлік, тау-кен өндіруші және өнеркәсіптік компаниялары тұтынады. Алдағы уақытта таяу шет елдердің нарығына шығу қарастырылуда.
Сонымен қатар Қызылорда облысында «Orda Glass» ЖШС табақ шыны өндіретін зауыт техникалық іске қосылғаны мәлім. Жылына 197 100 тонна табақ шыны өндіріп, өңдейтін зауыт облыс орталығындағы индустриялық аймақта орналасқан. Шыны күнделікті өмірдің көптеген салаларында жоғары сұранысқа ие. Отандық шыны тұрғын үй және коммерциялық жылжымайтын мүлік құрылысында, машина жасауда, жиһаз және интерьер заттарын өндіруде қызметтер мен тауарлардың өзіндік құнын едәуір төмендетеді.
БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ







