Білім саласындағы тың серпіліс

Алматы облысында мемлекеттік қызметтің әлеуетін арттыру үшін 2018 жылы Жетісу университетімен екіжақты меморандумға қол қойылып, нәтижесінде Жетісу мемлекеттік қызмет мектебі жұмысын бастаған еді. Аталмыш бастама қанатын кеңге жайып, өрісін кеңейтті.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті жобаның жандануы үшін облыстық ішкі саясат және білім басқармаларымен, сондай-ақ Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының аймақтағы филиалымен меморандумға қол қойды.
Жаңа бағыт, жаңа талап, өзге қоғам. Бұның барлығы мемлекеттік істегі өзгерістерді талап етеді. Бәсі әсте жоғары, қызметтегі талабы тым биік саланың суығына тоңып, отына күйетіндер некен-саяқ. Олай деуге негіз де жоқ емес. Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Ләззат Бейсеқұлованың келтірген деректеріне сүйенсек, 2021 жылы мемлекеттік қызметке тұрған 230 адамның 34-і бір жылға жетер-жетпес уақытта өз еріктерімен жұмыстан кеткен. Басты себеп мемлекеттік қызметкерге қойылар талаптан туындаған еді.
«Мемлекеттік қызметке келіп, басқа салада жұмыс жасауды құп көріп жатады. Сондай-ақ жалақының төмендігі және отбасылық мән-жайлар. Бұл жас кадрлардың мемлекеттік қызметшілердің иығына түсетін талаптарға, шектеулерге және жауапкершілікке дайын еместігін көрсетеді. Қазіргі заманғы мемлекеттік қызметші стреске орнықтылық, бастамашылдық, жауапкершілік, парасаттылық, жеделділік сияқты қасиеттерге ие болуы керек, яғни бәсекеге қабілетті болуы тиіс», – дейді мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Ләззат Бейсеқұлова.
«Жетісу» мектебінің оқытушылар құрамы академия филиалының үздік оқытушылары мен лекторларынан құралған. Олар өз кезегінде тәжірибелерімен бөлісіп, мемлекеттік қызметте бағын сынағысы келетін жастарға бағыт-бағдар береді.
НҰРЛАН ҚҰМАР







