Жаңа әдіспен құлпынай өсіріле бастады

3 ақпан 2022
Жаңа әдіспен құлпынай  өсіріле бастады

Алматы облысы Көксу ауданында жидек өнімдерімен аудан халқын қамтамасыз ету үшін биыл алғаш рет 0,25 гектар жерге жаңа әдіспен құлпынай өсіру қолға алынды. Жылыжайда ғылым мен техника жетістіктерін қолдану арқылы оңтүстік кореялық «Сольхян» сұрыбы егілген.

Ауданы 2 гектар жерге иелік етіп отырған «ҚазАгроСервис» ЖШС 2014 жылдан жылыжай ісімен айналысады. Серіктестік басшысы Светлана Зубович жылыжайда көк жуа, гүлдің сан-алуан түрін өсіру­мен қатар, биылғы жылы  алғаш рет жаңа әдіспен құлпынай егуді бастағанын айтады. Жылыжайға қажетті қондырғыларды «Жетінар» кредиттік коорпорациясының кө­мегімен орнатқан. Маусымдық жұмыстар кезінде онға жуық адамды, тұрақты жұмыспен 2 адамды қамтып отыр. Жылыжай орналасқан Балпық би ауылы облыс орталығынан алыс емес. Сондықтан тұтынушы табуда қиындық жоқ. Себілген құлпынайдың кореялық тұқымы – қыстық сорт. Қыс мезгілінің алғашқы кезеңінен бастап көктемнің соңғы айына дейін өнім береді.

«Биыл алғашқы өнім бол­ған­дықтан 700 келі құлпынай алуды жоспарлап отырмыз. Құлпынай өзге көкөністер секілді көп жылуды қажет етпейді. Бар болғаны 5-6 градус жылылықта өсіп шығады. Ал қыстың күнгі аяздарда 10-15 градус жылы болса жеткілікті. Бұл жемістің үлкенінің салмағы 50-55 грамға жетеді. Өңірдегі бірден-бір құлпынай өсіретін жылыжай болғандықтан, сұраныс жоғары болады деп ойлап отырмыз. Алдағы уақытта өнімді арттыруға жұмыс жасаймыз. Деген­мен, мол өнім алу үшін жылыжайдың жылыту жүйесін көгілдір отынға ауыстыру қажет. Қолбайлау болып отырған жалғыз жай осы ғана. Бұл мәселеде Көксу ауданының әкімдігі қол ұшын беруге дайын екендіктерін айтты», – деді Светлана Зубович.

Алдағы уақытта нысанға көгілдір отын тартылса, серіктестік жылыжай ауқымын кеңейтіп, қияр мен қызанақ өсіріп, жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отыр.

«Негізінен ауданда құлпынай бизнесі дамымаған. Нарықта көбіне­се шеттен әкелінген құлпынай сау­даланады. Алдағы уақытта жидек дақылдарының, оның ішінде бақша құлпынайының ассортиментін кеңейту мен өнімділігін арттыруды мақсат етіп отырмыз. Осы жобаны жүзеге асыру арқылы аудан халқын отандық өніммен қамту мүмкіндігі артады. Жоба сәтті жүзеге асатын болса, жаңа технология өзге де елді мекендердегі фермерлік шаруашылықтарға енгізілетін болады», – дейді Көксу ауданы әкімінің орынбасары Ұлан Досым­беков.

Нұрлан ҚҰМАР

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

Жаңа әдіспен құлпынай өсіріле бастады · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар