Іскерлік бағыт
2 мин оқу 830

«Жасыл даму» қандай ұйым?

27 қаңтар 2022
«Жасыл даму» қандай ұйым?

Үкімет шешіміне сәйкес оператор қызметінің барынша ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз ету үшін «ӨКМ Операторы» ЖШС жарғылық капиталына қатысудың жүз пайыздық үлесі мемлекет меншігіне қабылданған болатын.

Экология министрі Серікқали Брекешевтің, қоғам және мемлекет­тік орган өкілдерінің қатысуымен «Өндірушілердің кеңейтілген мін­дет­темелері операторы» ЖШС тоқ­татылуына және оның функция­ларын мемлекеттік ұйым – «Жасыл даму» АҚ-ға беруге байланысты жұмыс тобының алғашқы отырысы өтіп, онда кәдеге жарату алымын әкімшілендіру мәселелері қаралды.

«Жасыл даму» – қалдықтарды басқаруда тәжірибесі бар экология саласындағы жалғыз акционерлік қоғам. Ол өз тарихы 1951 жылдан бастау алатын «Қазақ экология және климат ғылыми-зерттеу институты» РМК-ны қайта құру жолымен 2012 жылы құрылған. «Жасыл даму» – мемлекеттің қатысу үлесі 100%, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымы. Яғни, акционерлік қоғам құрамында басқа жеке және заңды тұлғалар жоқ. «Жасыл даму» АҚ-қа «ӨКМ Операторы» ЖШС-нің кәдеге жарату төлемін жинау, автоөндірушілерді ынталандыру, ауыл шаруашылығы техникасына жеңілдік сертификаттарын (ваучерлер) беру, істен шыққан көлік құралдарын тапсырғаны үшін өтемақы төлеу, қалдықтарды жинаушыларды, тасымалдаушыларды және кәдеге жаратушыларды субсидиялау сияқты барлық функция­лары Экокодекске сай берілді. Алынған кәдеге жарату төлемдері Экологиялық кодексте көрсетілген бағыттар бойынша қатаң түрде жұмсалады. Министр өз сөзінде ӨКМ қағидатын енгізу ең алдымен, бизнестің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету тетіктерін құру есебінен қалдықтармен жұмыс істеу саласында елдегі проблемалық мә­селелерді шешуге әсер еткендігін айтты. Қалдықтарды қайта өңдеу үлесі 2016 жылғы 2,6%-дан 2021 жылы 21%-ға дейін артқан.

Қазіргі сәтте «Жасыл даму» АҚ екінші деңгейлі банктерде шоттар ашып, төлем жүйелеріне өзгерістер енгізуде. 24 қаңтардан бастап «Жасыл даму» АҚ кәдеге жарату төлемдерін қабылдау бойынша жұмыстары жанданды. Сондай-ақ ауыл шар­уа­шылығы техникасына бұрын берілген жеңілдік сертификаттары (ваучерлер) жарамды және келесі аптадан бастап жаңа оператор бұрынғы ӨКМ Операторының сайты арқылы істен шыққан көліктерді жеткізуге өтінімдерді қабылдай бастайды. Ескі көліктерді қабылдау пункттері де қайта ашылады. Сондай-ақ ведомство басшысы ауыл шаруашылығы техникасына жеңілдік сертификаттары (ваучерлер) берілетін сома, істен шыққан көлік құралдарын тапсырғаны үшін өтемақы төлемдері кәдеге жарату алымының мөлшерлемелерін қайта қарауды ескере отырып, түзетілетінін айтты. Кәдеге жарату алымының мөлшерлемелерін қайта қарауды ведомствоаралық жұмыс тобы жүр­гізеді, оның құрамына қоғам өкілдері де кіреді. Талқылауларды ескере отырып, ставкалар бойынша ағымдағы жылдың ақпан айының соңына дейін экология, геология және табиғи ресурстар министрінің «Кәдеге жарату төлемін есептеу әдістемесін бекіту туралы» бұйрығына өзгерістер енгізілетін болады. Бұдан басқа, ӨКМ тетігінің ашықтығын жүзеге асыру мақсатында мүдделі тараптармен бірлесіп, ӨКМ операторының қызметін дамыту стратегиясы және инвестициялық саясат, рәсімдерді оңайлату бойынша қолданыстағы талаптар қайта қаралатын болады.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

«Жасыл даму» қандай ұйым? · Мұрағат