Жастар – қоғамның маңызды бөлшегі

15 желтоқсан 2021
Жастар – қоғамның  маңызды бөлшегі

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің қолдауымен сарапшылар қоғамдастығы үшін «Қазақстан жастары – 2021: Тәуелсіздікке – 30 жыл» атты ұлттық баяндамасының тұсаукесерін өткізді.

Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Асқар Омаров жастарды қолдау еліміздің мемлекеттік саясатының страте­гиялық бағыттарының бірі саналатындығын, сондықтан биылғы жылғы Ұлттық баяндамада Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылы ішіндегі жетістіктер маңызды болғандығын тілге тиек етті.

«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Аян Сакошев жастар ортасындағы маңызды өзгерістер мен өзекті трендтерге назар аударды. Ол демография, денсаулық, білім және ғылым сияқты жастар дамуының маңызды әлеуметтік параметрлері туралы егжей-тегжейлі хабардар етіп, жас қа­зақ­стандықтың бейнесін, Тә­уел­­сіздік ұрпағының портретін және жастардың тәуелсіздікке деген көзқарасын таныстырды. С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің профессоры Аслан Әзербаев жастардың басым бөлігі үшін тұрақты жұмыс істеу сенімділік пен даму мүмкіндігінің шарты екенін атап өтті. Жастар арасында табысқа жету тұжырымдамасы мансап сатысымен жылдам алға жылжуды және қолайлы табыс­ты білдірді.

Парламент Мәжілісінің депутаттары Юлия Кучинская мен Елнұр Бейсенбаев, сондай-ақ «Рухани жаңғыру» орталығы­ның басшысы Жанар Бұқанова ұлттық сараптамалық баяндама бойынша жоғары бағасын берді.

САЛТАНАТ ҚАЖЫКЕН

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

Жастар – қоғамның маңызды бөлшегі · Мұрағат