Егін орағы
5 мин оқу 1,094

Бидай бағасы төмендеп кетті

9 желтоқсан 2021
Бидай бағасы төмендеп кетті

Қазақстандық бидайдың бағасы құлдырап барады, себебі оған Ресей жағынан қысым көрсетіліп отыр. Ресей үшін өз бидайын Қазақстанға асырған тиімдірек, өйткені, ЕАЭО аясында баж төлеудің қажеті жоқ, дейді сарапшылар. Енді бидай бағасының құлдырау себептерін нақты дәйектер арқылы талдап көрсек.

Іс жүзінде, қыркүйектің ортасынан бастап қараша айының ортасына дейін, екі ай бойы азық-түліктік (3 сыныпты) бидайдың бағасы тоннасына 120 мың теңге (қосымша құн салығымен есептегенде) деңгейінде сақталып тұрды. Қарашаның басында ғана баға сәл төмендеп, қазір бір тоннасына 115-117 теңгені құ­райды. Қарапайым, шағын шар­уашылықтары бар, ҚҚС төлемейтін, фермерлерге трейдерлер мен ұн тартушылар тоннасына 105-110 мың теңгеден ұсынады.

Сарапшылар бағаның осыншама төмендеуінің бірнеше себебін атайды. Мәселен, Қа­зақстан Астық одағының ресми өкілі Евгений Карабанов­тың айтуынша, бірінші фак­тор мынадай: экспортқа жұмыс істейтін бидай сатушылардың кредиттік желілері былтыр­ғы науқаннан бері ұлғайған жоқ, ал тауардың құны өсті. Сон­дықтан да олардың өздеріне азырақ көлемде сатып алуына мүмкіндіктері бар және қазіргі уақытта нарықтағы ұсыныс сұраныстан асып түсіп отыр. «Екінші бір нарыққа әсерін тигізіп отырған фактор – Ресейден белсенді түрде астық жеткізу. Оның бағасы – тоннасына 17 мың рубль. Теңгеге шаққанда, ҚҚС-мен қосқанда, жоғарыда айтқан­дай, оның деңгейі 117 мың теңгеге келіп тіреледі. Сон­дықтан қазақстандық бидай да осы деңгейге шекті төмендеп отыр», – дейді ол.

Тағы басқа да себеп-салдарға тоқталсақ.

ТӨМЕНДЕУ ТРЕНДІ

Ресейлік бидайдың қазақстандық бидай құнынан төмен болуының бір себебі – бізге қарағанда, солтүстіктегі көршіміз тым жақсы астық жинады. Орал өңірінен өзге, әсіресе Алтай мен Сібір тәп-тәуір өнім алған. Оның үстіне, Ресейде қазіргі уақытта бірқатар, соның ішінде бидайға да, ауыл шаруашылығы дақылдарына экспорттық баж салу қарастырылған. Осындай жағдайда сібірлік бидайды Қара теңіздегі айлақтарға тасудың еш мәні жоқ – тапқан барлық табыс көліктік шығындарға (тоннасына 1,5 мың рубльден) және бажға (дәл қазір оның ауқымы тоннасына 78,3 АҚШ доллары) сарп етіледі. Сол себепті оларға бидайды Қазақстанға жөнелткен тиімдірек, өйткені ЕАЭО аясында баж төлеудің қажеті жоқ. «Үшінші фактор – өз шаруаларымыздан, фермерлерден айтарлық­тай ауқымды ұсыныстардың түсуі. Олардың бәрі үшін де  маңызды шара: лизингтік төлемдер, кредиттерді өтеу, салықтарды төлеу, тағы да басқа тө­лемдердің кезеңі келді. Қабылдаған міндеттемелерімен есеп айырысатын уақыт бұл. Сосын олардың көбісі күздің басында бидайын бағаның өсуі одан әрі жалғасады деген үмітпен ұстай тұрады, ал қазір бұдан әрі күтуге болмайды, сөйтіп бірден нарыққа көп көлемде шығаруға мәжбүр болды олар. Осының бәрін көріп отырған импорттаушылар бағаларын төмендете бастады. Егер бұрынырақ Орталық Азияға шығар біздің басты қақпамыз – Сарыағаш бекетінде  бидайдың бағасы тоннасына 305-310 АҚШ долларына бағаланса, қазір 295-300 доллар тұрады», – дейді Е.Карабанов.

Тренд кем дегенде ақпан айына дейін сақталады, деп есептейді сарапшы. Ал, қыс дегеніміз – фермерлердің, әдетте, көктемгі егіске қажетті нәрсенің бәрін: қосымша бөлшектер, агрохимия заттары, тұқым, т.б. сатып алуға кететін кезең. Демек, оларға бұдан әрі де, неғұрлым молырақ көлемде ұсына отырып, бидайларын сата беруге тура келеді. Сондай-ақ ресейлік бидай да Қазақстан нарығына қысымын жалғастыра бермек.

Айтпақшы, 2022 жылдың ақпа­нында Ресей экспорттық баждан басқа және оған қоса тағы үлестеме енгізуді жоспарлаған. Бұл Қазақстанға қарай ресейлік бидайдың лекпен белсенді түрде ағылуының тағы бір триггері болмақ  – ЕАЭО аясында­ғы жеткізілімдерге үлестемелердің қатысы жоқ екен.

Әйтсе де, Евгений Карабанов қазақстандық фермерлерді аса көп уайымдамауға шақырады. Көктемдегі бағалар жағдайын болжап айту мүм­кін емес, дейді ол. Түрлі факторлар орын алуы ықтимал, ал солардың қайсысы шешуші боларын тек уақыт көрсетеді. Дегенмен, жалпы алғанда, Қазақстанның Астық одағы өзінің бұдан бұрынырақ жариялаған болжамын: бидайға бағалардың құбылуы тоннасына 115-тен 130 мың теңгеге дейінгі дәлізде сақталады деген пікірінде қалып отыр, деді ол.

ЕКІ ҚАЙТАРА ШЫҒЫНДАР

Маман-сарапшының бағалар­дың нақ қазіргі деңгейіне қатысты пікі­рі туралы айтар болсақ, ол егінші­лік шаруашылығы секторын­да­ғы экономикалық тұрақтылыққа кә­дуілгідей қатер барын атап көр­се­теді. Мәселе – Еуропада газға баға­лардың бес есе өсуі минералдық тыңайтқыштарға бағалар күрт артуына әкеп соғуында. Өйткені, азот­тық тыңайтқыштар өндірісіндегі газдың үлесі 60-80 пайызды құрайды. Аммофостың, мәселен, көктемде бір тоннасы 170 мың теңге болса, қазіргі бағасы 250 мың теңгеге дейін жеткен. Сондай-ақ гербицидтерге де баға өскен: глифосаттың көктемде бір литрі 2 600 теңге тұрса, қазір 5 800 теңгеге бағалануда. Тұқымдар 30 пайызға қымбаттап кеткен. Ал, дизельдік отынның бағасы көктемдегі литріне 187 теңгеден күзде 315-323 теңгеге дейін бір-ақ ырғыған.

Бұл ретте бидайдың қазіргі бағасы, былтырғы тоннасына 90-95 мың теңге деңгейінен, қорытындысында 25 пайызға артқанын айта кету керек. «Биылғы жылдың көктемгі егіс маусымында қолданылған технологиялармен байланысты фермерлердің 1 гектарға тікелей өндірістік шығыстары 70 мың теңгеден кем болмаған», – деген өз есептемелерін мысалға келтіреді Е.Карабанов.

Шығындардың 1,5-2 есе өсімін есепке алар болсақ, келесі жылғы салымдар да пропорционалды өспек. «Яғни тағы да технологияларына байланысты әр гектарына 105-140 мың теңгеден айналуы әбден мүмкін. Бидайға қазіргі баға фермерлерге өткен жыл бойынша міндеттемелерін орындауға мүмкіндік бергенімен, іс жүзінде келесі жылғы егіске ешқандай ресурстар қалдырмай отыр», – деп түйіндейді ол пікірін.

Шындығында, әңгіме қазір мем­лекеттің осы жағдайға алдын ала талдау жасап, фермерлерді көктемгі дала жұмыстарымен алаңсыз айналысуларына айналмалы қаражатпен қамтамасыз ету қажеттігі туралы болып отыр. Ең бастысы – қолжетімді кредиттер беру. Биылғы көктемде бюджеттен Аграрлық кредиттік корпорация арқылы 70 миллиард теңге бөлінді. Келесі егіс маусымына 140 миллиард теңгеден кем емес қаражат керек. Бұл туралы Қазақстан Астық одағы  Ауыл шаруашылығы министрлігіне ақпарат берген. Ал бұл кем дегенде – ресурстардың қымбаттауын есепке алғандағы сатып алу қабілетінің тепе-теңдігін сақтап қалуға ғана мәжбүрлеп отырған қадам.

РЕДАКЦИЯДАН:

Рас, баға құбылмалылығы қазіргі сыртынан тон пішуден, шынтуайтына келгенде, алдағы жылдың көктемінде мүлде басқаша өрбуі әбден мүмкін. Алайда, сарапшының жоғарыдағыдай нақты мысалдармен келтірген дәлелдері үкіметке жергілікті органдармен  бірлесе отырып, 2022 жылдың егіс науқанына қазірден жан-жақты даярлық жасау міндеті жүктелетінін айғақтайды. Газетіміз бұл мәселені назарда ұстап, алдағы уақытта да Ауыл шаруашылығы министрлігі  мен басқа да ортақ іске жауапты органдардың тарапынан қандай шаралар атқарылып жатқанын тұрақты түрде жариялап отыратын болады.

ИСАТАЙ ҚАМБАРОВ

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

Бидай бағасы төмендеп кетті · Мұрағат