Форум
3 мин оқу 611

Тәуелсіз елдің жастары – ұлы дала тірегі

2 желтоқсан 2021
Тәуелсіз елдің жастары – ұлы дала тірегі

Елордада еліміз егемендігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты республикалық жастар форумы өтті.

Форумды ашқан ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева мемлекет тарапынан жастарға арналған мүмкіндіктерді атап, елімізді әлемге танытып жүрген өрендер туралы сөз қозғады. «Санаулы күндерден кейін еліміздің ең басты мерекесі – Тәуелсіздік күнін атап өтеміз. Биыл еліміз үшін тарихи мәні мен маңызы зор ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық межесін бағындырып отырмыз. Әрине, бүгінгі күннің жетістігі оңай келген жоқ. 30 жыл­дық дамуда, Елбасы айтқандай, табыстармен қатар қиындықтар да аз болмады. Дегенмен, Елбасының кемеңгерлігінің арқасында Тәуелсіз Қазақстан өзінің стратегиялық даму бағытын дер ке­зінде анықтады. Соның нәтижесінде қиындықтарды тез еңсеріп, дамудың даңғыл жолына түсті. Сондықтан да бүгін Елбасы және Тәуелсіздік сөздері егіз ұғымдарға айналды», – деген министр осы жылдар ішінде озық ойлы, жан-жақты, білімді, талантты жас буын қалыптасқанын еске салды. «Бүгінде әлемде «Қазақстан қайда, қандай ел», деп сұрайтындардың қатары азайып келе жатыр. Оған түрлі саладағы жетістіктер куә. Соның ішінде елімізді жаһанға танымал етуге өлшеусіз үлес қосып жүрген талантты жастарымыз жетерлік. Музыкада Димаш Құдайберген, Мария Мудряк, Данелия Төлешова, «Грэмми» cыйлығын жеңіп алған Иманбек Зейкенев, спортта Геннадий Головкин, Жәнібек Әлімханұлы, Данияр Елеусінов, шахматтан халықаралық гроссмейстер Жансая Әбдімәлік, отан­дық нановакцина авторларының бірі, жас ғалым Қайсар Табын. Бұл тізімді тоқтаусыз жалғастыра беруге болады. Бұл сөз жоқ, Тәуелсіздік алғаннан бастап жас­тар мәселесінің басты назарда болып, ел басшылы­ғының талантты дастарға көрсеткен тұрақты қолдауының жемісі», – деді А.Балаева.

Жастар форумына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үндеу жолдады. «Тәуелсіздіктің торқалы тойы қарсаңында еліміздің білімді, білікті, іскер де белсенді жастары республикалық форумда бас қосып отыр. Баршаңызды Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойымен шын жүрегімнен құттықтаймын», – деген Елбасы Тәуелсіздік тәңірдің бүгінгі ұрпаққа берген баға жетпес үлкен сыйы екенін атады.

Сонымен қатар Аида Ғалым­қызы келер жылдан бастап 17 өңірдегі жастар саясатының орындалуы жаңа индекс бойынша бағаланатындығын тілге тиек етті. «2014 жылы қабылданған «Серпін» бағдарламасы бойынша бүгінге дейін 8 мыңға жуық жас оқуын аяқтап, оның ішінде 5 мыңнан астам жас жұмысқа қабылданды. Елімізде 2010 жылы негізі қаланған волонтерлік бағыт бүгінде 50 мыңнан астам мүшесі бар, құрамына 3,5 мың­нан астам ұйымды біріктірген үлкен қоғамдық күшке айналды. Бүгінде әлеуметтік, экологиялық, мәдениет, медицина, спорт саласында еріктілердің күшімен 1000-нан астам жоба табысты іске асып келеді», – деген министр Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларындағы жұмысшы жастарға «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2019-21 жылдар аралығында 9 мың пәтер берілгенін еске салды. «Елбасы негізін қалаған жастар саясатын бүгінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы да сабақтастықпен жалғастырып келеді. Жас ғалымдарды қолдау үшін ғылыми-зерттеу жобаларын қаржыландыру көлемі 9 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Биыл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ғылыми зерттеу жо­балардың мерзімін 3 жылдан 5 жылға дейін ұзарту туралы шешім қабылдады. Бұл жас ғалымдардың 35 жасқа дейін ғылыми зерттеулермен алаңсыз айналысуына мүмкіндік береді. Біз биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жастарды дамытудың қазақстандық индексті әдстемесін әзірледік. Келер жылдан бастап индекс шеңберінде барлық 17 өңірдегі жастар саясатының орындалуы бағаланады. Бұл барлық деңгейдегі жобалардың тиімділігін анықтап, нақты проблемалаық салаларды айқындап, тиісті шешім қабылдауға мүмкіндік береді», – деді Аида Балаева.

Форумның екінші бөлімінде Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Сағатханұлы және Аида Ғалымқызы «Дарын» мемлекеттік жастар сый­лығының: «Әдебиет», «Ғылым», «Дизайн және бейнелеу өнері», «Журна­лис­тика», «Классикалық музыка», «Қоғам­дық қызмет», «Спорт», «Театр және кино», «Эстрада», «Халық шығармашылығы» атты 10 номинация­сы бойынша жеңімпаздарды марапаттады.

Салтанат ҚАЖЫКЕН

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

Тәуелсіз елдің жастары – ұлы дала тірегі · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар