Әлемнің болашағына жаһандық көшбастаушылар жауапты

Исатай ҚАМБАРОВ
Әлемнің болашағы жаһандық көшбастаушылар жауапкершілігіне тәуелді болмақ, деп есептейді халықаралық сарапшылар. Ұжымдық қауіпсіздік үшін жауапкершілік кімге жүктелетіні 15-17 қараша аралығында Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Астана клубының» кезекті алтыншы отырысында талқыланды.
«Ұлттық мүдделер дәуірі: ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің реконфигурациясы» сессиясының спикерлері қазіргі заманның түрлі мәселелерін атап айтып, оларды шешудің жолдарын ұсынды.
ОЛИМПТЕГІ АУЫСУЛАР
Халықаралық қатынастар және тұрақты даму орталығының (CIRSD) вице-президенті Ангела Кейннің пікірінше, әлемді мынадай бірнеше басты факторлар өзгеріске ұшыратуда: геосаяси теориялар, АҚШ саясатының құбылуы, Қытайдың өрлеуі, Ресей және оның АҚШ-пен қарама-қайшылығы, еуропалық елдердің ішкі мәселелері (миграция, энергетикалық дағдарыс, Ресеймен және т.б. қарым-қатынастар), радикалдық исламизм аймақтық тұрақсыздықтың драйвері тұрғысында, елдерді тұрақтылыққа сынап жатқан коронавирус.
Осы аталған аспектілердің бәрінде де, Кейннің есептеуінше, болашақты жаһандық көшбасшылардың таңдаулары айқындамақ. Ол көптеген елдерде биліктің ауысқанын еске алды. «Биньямин Нетаньяху кетті, Жапонияда үкімет ауысты, ГФР-де Ангела Меркель отставкаға кетті, сондай-ақ Беларусьтің өзгеріссіз басшысы Александр Лукашенко 26 жылдан бергі басшылығында алғаш рет дағдарыспен бетпе-бет келді. «Бұл оқиғаларды қалай бағалауға болады және өрбитін үрдістер қалай құралмақ?» – деп сауал тастады өз сөзінің соңында спикер.
ҚАТЕР – АРЗАН БЕДЕЛГЕ ҚҰМАРЛАР ТАРАПЫНАН
Спикер сұрағына Ресей халықаралық істер жөніндегі кеңесінің директоры Андрей Кортунов ішінара жауап берді. Ол мәселе мемлекеттер арасында сенім жетіспеушілігінен деп есептейді. Ол ұжымдық қауіпсіздік жолындағы қимылдың үш бағытын ұсынады. Біріншіден – коммуникация арналарын босаңсыту қажет, бұл әсіресе Ресей мен Еуразияның басқа да елдері үшін маңызды. Екіншіден – алда күтетін, соның ішінде климат өзгерістеріне қатысты түйсігіміздегі олқылықтардың орнын толтыру. Үшіншіден – керексіз институттар құруға емес, мәселелерді шешуге күш жұмылдырған жөн. Қажет болғанда, не Ресей немесе Қытай, не АҚШ қолданбайтын «шеберліктерді» меңгеруге мүмкіндік беретін, коалицияларға, тактикалық не болмаса стратегиялық коалицияға бірігу қажет.
Халықаралық зерттеулер институтының директоры, «Моральдық реализм және Қытай стратегиясы» бестселлерінің авторы Ян Сюэтун қауіпсіздік бойынша құрылып жатқан топтар тақырыбын жалғастыра келе, мынадай, соның ішінде АҚШ, Аустралия мен Ұлыбритания мемлекеттерінің қорғаныс саласы мен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ынтымақтастық туралы келісімін мысалға келтірді. Бірақ та сосын қытайлық сарапшы Ангела Кейннің көшбасшылық әлемде шешуші факторға айналатыны туралы ойын қайталап айтты. «Арзан беделге құмарлар (популистер) көптеген елдерде билік басында тұр. Жаһандық көпқырлы кооперация ілгерілеушілік танытуда, осының аясында аймақтық кооперация да пайда болуда, аймақтық және жаһандық жүйелер популизм, яғни арзан беделге құмарлық әсеріне ұшырайды», – деп ескертті ол.
ЖАППАЙ ҚАРУЛАНУ ТАЙТАЛАСЫ
Америкалық политолог, Энергетика мен қауіпсіздік бағдарламасының (ITIC) директоры Ариэль Коэн: «Біз бәріміз де, қолымызға түскен нәрсенің, барлығын қаруға айналдырып жатқан дәуірде өмір сүрудеміз. Бүгінде энергетика қару болып табылады. Газ жаһандық саясаттың құралына айналды. Қазір біз ақпаратты қаруға айналдырудамыз, оған мысал – АҚШ-тағы сайлау. Бүгінгі күндері көшіп-қону (миграция) да – қару. Сондықтан біз бұл үдерістердің зардабының орнын қалай толтыратынымызды, халықаралық қатынастардың көптеген факторларын қаруға айналдырудан құтылу үшін бүкіләлемдік күштер орналасуын қалайша қайта құрастыра алатынымызды ойластыруымыз қажет», – деп өз көзқарасын білдірді.
ӘРБІР МЕМЛЕКЕТТІҢ ӨЗ ОРНЫ БАР
Әлемдік көшбасшылық мәселесіне қатысты Forbes.kz басылымында «Қазақстан мен Грузия сияқты әлемдік көшбастаушылар санатына кірмейтін елдер әлемдік күн тәртібінде қандай да бір рөл атқара ма?» деген сауалға грузиялық саясаткер, «Бірегей Грузия» партиясының көшбасшысы Нино Бурджанидзе: «Мен Қазақстанды кішкентай ел дей алмаймын. Бұл – байсалды мемлекет, тұрғындары мен ауқымы жағынан ғана маңызды емес, өзінің аймақтағы орнымен, қабылдаған шешімдері және көтерген ұсыныстарымен де маңызды ел. Басқа жағынан қарар болсақ, әрине, негізгі мәнге үлкен мемлекеттер ие, сондықтан түйткілді мәселелерді шешуде олардың атсалысуына көп нәрсе тәуелді. Дегенмен, жаһандану мынаны көрсетіп отыр, бірде-бір мемлекетті ескермеуге болмайды, мәселе әлемнің кез-келген түпкірінде, тіпті ең кішкентай мемлекетте туындауы мүмкін, сосын ол өте үлкен мемлекетті де шарпып өтеді. ХХІ ғасырда әлемде бәрі соншалықты өзара тығыз байланыста, әрбір мемлекеттің орны мен іс-қимылы маңызды. Әйтсе де, әрине, негізгі ауыртпалық супердержавалар иығына түседі, бұл – шындық», – деп жауап берген.
Редакциядан:
«Пандемиядан кейінгі жаңа әлем» тақырыбында өткен «Астана клубының» алтыншы отырысына әлемнің 50-ден астам беделді спикері қатарында бұрынғы мемлекет және үкімет басшылары, зерттеу орталықтары және халықаралық ұйымдардың жетекшілері мен БАҚ өкілдері қатысты.







