Шағын шаруашылық
3 мин оқу 1,018

Тоған шаруашылықтарына мемлекет қолдауы қажет

18 қараша 2021
Тоған шаруашылықтарына  мемлекет қолдауы қажет

ҚР Үкіметінің 2030 жылға дейін балық шаруашылығы саласын дамыту жөніндегі бағдарламасында балық өндірісін жылына 270 мың тоннаға дейін өсіру көзделген. Мемлекеттік бағдарламада жергілікті өндірісті қамтамасыз ету үшін селекциялық-гибридтік орталықтар құру, балық тұқымдарымен қамту, балық өндірісін жеке қожалықтар арқылы өсіру және басқа өзекті мәселелер қарастырылған. Әзірге Қазақстанның ішкі нарығында еттің осы түрімен қамтамасыз ету 60 пайызға жетпейді.  Бұл ретте жасанды су қоймаларында балық өсірумен айналысатын шаруашылықтар аталған бағдарламада көзделген міндеттерді іске асыруға қомақты үлес қоса алады.    

Отандық балық шаруашылығы балық аулауды және балық өндіруді – аквамәдениетті қамтиды. Су  қой­маларында балық және теңіз өнім­дерін өсіру немесе аквамәдениет – ауыл шаруашылығының маңызды бір саласы. Олар халық тұтынатын өнімдер ұсынумен қоса жойылуға жақын балық түрлерін сақтаумен, шабақтар өсірумен де айналысады. Осындай балық шаруашылығының бірі – Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Көлді ауылындағы «Halyk Balyk» ЖШС. Серіктестік бұрынғы Шелек тоған шаруашылығының бүгінгі қожайыны болып табылады. Кезінде Шелек тоған шаруашылығы республика ғана емес, одақтық деңгейде танымал іргелі өндіріс орны болатын. Мұнда балықты ұрықтандыру мен көбейтуден бастап, дайын тұқым мен тауарлық өнімге дейінгі бүкіл үдерісті қамтитын үлкен шаруашылық болған және жылына 1500 тонна тауарлы балық өндірілген.

Қазіргі таңда «Halyk Balyk» серік­тестігі республикадағы бір­ден бір балық тұқымын өсіретін шаруашылық болып отыр. Тауарлы балық өндірісі тұқы, бекіре тұқымдастар, алабалық, шабақтар өндіру, су арналары мен жабық су қоймалары, уылдырыққа арналған инкубаторлар бар үлкен жүйені құрайды. Арнайы тоғандарда қазақстандық тұқы мен өсімдікқоректі балық­тардың аналықтары өсіріледі. Мәселен, мұндағы инкубация цехы бір маусымда тұқы балықтың 70 миллион шабағын береді, ал жалпы қуаты 300 миллионға жетеді. Әзірге бұл көрсеткішке қол жеткізу қиын, өйткені тоғандарда су жетіспейді. «Балық шаруашылығы үшін су мәселесі өте өзекті. Мәселен, біздің тоғандарға су Лавар, Жарсу, Ащысай секілді тау өзендерінен келеді. Бұл өзендерді арнаның жоғарғы ағысында орналасқан жеміс-көкөніс өсіретін шаруа қожалықтары жосықсыз бұрып алады. Соның салдарынан 20 тоғанның үштен бірі ғана суға толы. Биыл көктемде тоғанға су жетіспей, 10 миллионға жуық шабақ қырылып қалды. Және де өзендердің ластануы да су тапшылығына әсер етіп отыр. Біз өз тарапымыздан Лавар өзенін лайдан, қамыстан, бұталардан, қоқыстан тазалап отырамыз. Су мәселесі шешілсе, балық өндірісін толық қуатына жеткізуге мүмкіндік бар», – дейді «Halyk Balyk» ЖШС директоры Бақыт Дәуренқұлов .

Тоған шаруашылығының жалпы аумағы 3221 гектар, оның 1050 гектарын су қоймасы алып жатыр. Балық қыстайтын, семіртетін арнайы тоғандар бар. Мұнда тұқы, дөңмаңдай, алабалық, бекіре, ақ амур өсіріледі. «Біз тоған шаруашылы­ғын әзірге өз қаражатымыз есебінен жаңғыртып отырмыз. Ал инфра­құрылым, электр энергиясын тарту, жол және су мәселелерін шешу мемлекет қолдауынсыз мүмкін емес, – дейді шаруашылық басшысы Б.Дәуренқұлов. – Балық өндірумен қатар өнім өңдеу цехтарын ашып, балықтарға арналған жем өндірісі мен салқындатқыш жабдықтары бар қоймалар құруды жоспарлап отырмыз. Селекциялық-генетикалық орталық құрып, ғалымдармен бірге жаңа технологияларды қолдана отырып, шабақ өндірісін дамытуға мүмкіндік мол. Алдағы уақытта балық өндірісін ұлғайтумен қатар, туризм және спорт бағытын да қамтуды көздейміз. Бұл жоспарлар іске асырылса, жылына мың тоннаға дейін балық өндіруге әлеуетіміз жеткілікті».

Бас технолог Мейрамбек Пазыл­бековтың айтуынша, саланы дамытуға шағын тоған шаруашылықтары үлкен үлес қоса алады. Қожалық иелері ба­лық өндірісінің қуатын арттыру үшін селекциялық-генетикалық орталық құру қажет деп есептейді. Тоған шаруа­шылығы балық өндірумен қатар, жойылып кеткен және жойылудың алдында тұрған кейбір балық түрлерін қайта жаңғыртып, табиғи ортасына қайтару бағытында да жұмыс істеп жатыр. Бүгінде шаруашылықта өндірістік цехтарды қалпына келтіру, ғылыми-техникалық корпус ашу, маңайды абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Су арналары тұрақты түрде арнайы техникамен тазаланып отырады. Тоған шаруашылығында Толқын, Көлді ауылының тұрғындары – 20 адам жұмыспен қамтылған. Алдағы уақытта қосымша жұмыс орындары ашылмақ.

Дина ИМАМБАЕВА

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз