Егін орағы
2 мин оқу 539

Жоба аясында атқарылар іс ауқымды

4 қараша 2021
Жоба аясында  атқарылар іс ауқымды

2019 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы жасалынды. Оның мақсаты – селолық аймақтардағы әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды жаңарту жолымен ауылдың жағдайын жақсарту болатын. 

Осы мақсатта бас-аяғы 6,9 миллион адам тұратын 3561 село таңдалып алынған. Бұл рес­публикадағы барлық ауыл тұр­ғындарының 89 пайызы. Соңғы екі жылдың ішінде осы жоба ауқымында жалпы құны 618 млрд теңге тұратын 12 мың жоба жүзеге асырылыпты.

Ұлттық экономика министрлігі таратқан ақпараттарға қарағанда, биылғы жылы  ауылға арналған 566 млрд теңгенің бағдарлама­лары ауқымында 6,9 мың жоба жүзеге асырылуыға тиіс екен әрі ол тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты, әлеуметтік және транспортты дамытуға бағытталмақ. Соның нәтижесінде 2,5 мың шақы­рым инженерлік торап пен 5000 шақырым ішкі жолдар жаңартылған көрінеді.

Әсіресе, бұл орайда 28 млрд теңгеге салынған курортты Бурабай мен Зеренді аралығындағы заманауи жолды айта кетуге тиістіміз.

Сондай-ақ таяудағы жылдары республика ауылдарында 632 мектеп пен балабақша, 70 денсаулық сақтау объектісі, 300 мәдениет үйі, кітапхана мен клуб, 96 спорттық мекеме салынбақ.

Жоғарыда айтылған бағдар­ламамен қамту үшін үкімет 7 миллионға жуық адам тұратын 1000-ға жақын село мен ауылды таңдапты. Әрі таяудағы 4 жылдың ішінде осы мақсатқа 1,3 трлн теңге бөлінбек.

«Ауыл – ел бесігі» жобасын жү­зеге асыру ауқымында үстіміздегі жылдары Қостанай, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстарында ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

Сондай-ақ үкімет жоба ауқы­мындағы жұмыстарды жандандыру мақсатында Алматы, Қы­зылорда, Атырау облыс­тарын­дағы жұмыстарды күшейте түсуді межелеп отыр.

Оның үстіне, соңғы 4 жылда аталмыш жобаны қаржыландыру көлемін арттыру үшін  800 млрд-қа жуық теңге бөлінбек. Оның ішінде 1,3 трлн теңге тікелей ауылды көгалдандыруға жұмсалады. Оған қоса 2025 жылға дейін ауылдық жерлердегі ауыз сумен қамту мөлшерін 100 пайызға жеткізу жоспарлануда. Сонымен бірге республика бойынша 10 000 ша­қырымдық ауыл ішіндегі жолдар жаңартылып, 12 мың шақырым инженерлік торап, 1000-ға жуық денсаулық сақтау, 1,7 спорт және 1,5 мың мәдениет мекемелері жаңартылады деп күтілуде.

Ұлттық экономика министрлігі таратқан деректерге қарағанда, 2025 жылға дейін республикадағы барлық ауыл тұрғындары ғаламтор қызметіне қол жеткізеді. Селолық аймақтарға таяудағы 4 жылдың ішінде 24 млн шаршы тұрғын үй салынбақ.

Ауылдың негізгі тұрмыс-тіршілігі ауыл шаруашылығына, оның ішінде егіншілік пен мал шаруашылығына тікелей қатыс­ты. Осы мақсатта үкімет жалпы құны 4,5 трлн теңгенің 934 инвестициялық жобасын жүзе­ге асыруды жоспарлап отыр. Ай­налымға жаңадан 600 мың гектар суармалы егістік қосу арқылы республика бойынша 70 мың отбасылық шаруа қожалықтарын құру жоспарлануда. Сол арқылы ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі қазіргі деңгейінен 2,5 есе ұлғайтылады деген болжам бар.

 Өмірзақ МҰҚАЙ

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

Жоба аясында атқарылар іс ауқымды · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар