Инновация
3 мин оқу 748

Қажеттілік қамтылып, тәуелділік төмендейді

4 қараша 2021
Қажеттілік қамтылып, тәуелділік төмендейді

Қарағанды өңірінде арнайы кокс шығаратын зауыт салынады. Жаңа кәсіпорын қуатымен импортты алмастыру бағытындағы нақты міндеттерді шешу көзделіп отыр. Өндірістік салаға тиімді өзгеріс әкелетін жобаның қадасы жуырда ERG құрамына кіретін «Шұбаркөл көмір» АҚ алаңында қағылды.

Қазіргі таңда қара металлургияның дамуымен бірге арнайы коксқа деген сұраныс артып отыр. Арнайы кокс ферроқорытпалар мен таза кремний өндірісінде тотықсыздандырғыш ретінде қолданылады.

Қазақстан тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіп­орындары қауымдастығының бағалауы бойынша, елімізде бұл өнімге ішкі қажеттілік жылына миллион тоннадан асады. Нәтижесінде өнім Ресей мен Қытайдан үлкен көлемде импортталады. Мысалы, өткен жылы осындай өнімдердің 992,7 мың тоннасы әкелінді. Қазір республикадағы арнайы коксты іс жүзінде тек ERG құрамына кіретін «Сарыарқа спецкокс» компания­сы шығарады. 2020 жылы онда 212,5 мың тонна арнайы кокс өн­дірілді. Және небәрі 2 мың тонна өнімді Қарағандыдағы бұрынғы N7 көмір фабрикасы негізінде жұмыс істейтін екінші қолданыстағы өндіріс нысаны шығарған. Осыған байланысты ERG жоспарлы қуаты жылына 400 мың тонна болатын тағы бір арнайы кокс шығаратын зауыттың құрылысын бастап отыр. Қолданыстағы «Сарыарқа спецкокс» сияқты, ол Қарағанды облысындағы «Шұбаркөл көмір» АҚ тобының еншілес кәсіпорны негізінде салынып, онда арнайы кокс Шұбаркөл кенішінің күлі мен фосфоры аз көмірінен өндірілетін болады. Құрылыс аяқталғаннан кейін жылына 600 мың тоннадан астам тотықсыздандырғыштар шығарылады және республика кәсіпорындарының ресейлік және қытайлық арнайы кокс­ке тәуелділігі азаяды. Зауыт ERG кәсіпорындарының ішкі қажет­тіліктерін қанағаттандырып қана қоймай, экспорттық әлеуетті де нығайта түседі.

– Бұл өңірдегі ең табысты жобалардың бірі. Кәсіпорынға 40 млрд теңгеден астам инвестиция құю жоспарланған. Және өндірісте 120 жұмыс орны құрылады. Тұтастай алғанда, бұл аймақ экономикасының дамуына көпқырлы әсер беретін болады, – деп атап өтті Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек.

Негізгі өнімнен бөлек, онда жылына 72 000 тонна көмір шайыры мен көмір майын өндіру жоспарланған. Өндіріске қажетті шикізат – Шұбаркөл кенішінің «д» маркалы көмірі. Зауытқа барлық талаптарға толық сәйкес келетін заманауи жабдықтар жеткізіледі. Ең озық құралдар мен технологияларды қолдану есебінен Нұра ауданында жоспарланып отырған арнайы кокс өндірісі анағұрлым тың, серпінді сипат алады. «Шұбаркөл көмір» АҚ басшысы Рустам Ибрагимовтың айтуынша, өндірісте электр энергиясын, жылу мен суды үнемдеу мәселесіне көп көңіл бөлінеді. Ол үшін үнемдеу жөніндегі нақты іс-шаралар кешені әзірленді. Сондай-ақ технологияда пайдаланылатын барлық су ресурстары мен ластанған ағындар тазартылып, қайтадан сумен жабдықтаудың айналым жүйесіне жіберілетін болады. Жобада пиролизді орнату алаңында скрининг, ұсақтау және тасымалдау, көмір мен жартылай коксты сақтау және тасымалдау кезінде пайда болатын көмір шаңын қармап қалуға арналған аспирациялық жүйе қарастырылған. Мұның бәрі өз кезегінде өндірістің қауіпсіздігі мен қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз етеді.

– Арнайы кокс шығаратын зауыттың құрылысы – «Шұбар­көл көмір» мен жалпы ERG қуаттылықтарының артып жат­қанының жарқын көрінісі. Біз жоғары қосылған құны бар өнімнің өндірісін ұлғайтып, импорттың едәуір бөлігінен бас тарта аламыз. Осылайша, біз өз тобымыз шығаратын феррохром құрамындағы қазақстандық компоненттің пайызын арттырамыз, – деп ниеттенеді Еуразиялық топ басшылығы.

Топтың Қазақстанда ауқымды жоспарлары бар. Таяу жылдары компания жаңа жобаларға және қолда бар өндірістерді жаңғыртуға 6 млрд доллардан астам инвестиция салуды жоспарлап отыр.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

Қажеттілік қамтылып, тәуелділік төмендейді · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар