«Евразкабель»: Жаңа буынға бетбұрыс

Уақыт алға озған сайын өндіріс орындарының күн санап көбеюі, электр энергиясын тұтынудың сағаттап ұлғаюы етек алып келеді. Сәйкесінше, дамыған елдер, жеке ірі компаниялар энергия жүйелерін ұстауға кететін шығындарды азайтуды көздеп, кабельдік өнімдерге қойылатын талаптарын көтере түсуде.
Қазір көп зауыттарда жабдықтардың ескіріп, өндіріс шығындарының артуына байланысты, шығарылып жүрген кабельдік бұйымдар стандарттарға сәйкес келуді тоқтатқан. Кабельдік өнімдер нарығында Ресейде, Қазақстанда, Өзбекстанда және басқа да көршілес елдерде осы өнім түрін шығаратын көптеген зауыттар мен цехтар бар. Алайда, кабель зауыттары мен цехтарының көпшілігі МЕМСТ параметрлеріне немесе өткізгіштің омдық кедергісі мен қалыңдығына сәйкес келмейтін өнімдерді өздерінің ерекше техникалық шарттарына (ТШ) сәйкес шығарады. Өндірушілердің өздері әзірлеген бұл техникалық шарттар МЕМСТ-қа тек кейбір тұстарда: өткізгіштің қимасы, қолданылатын металдың сапасы, оқшаулаудың қалыңдығы бойынша сәйкес келуі мүмкін. Бұл ретте материалдардың 10%-дан 50%-ға дейін төмендеуі орын алады. Әрине, мұндай кабель адам қызметінің кез келген саласында қолдану үшін қауіпті болады, деп түсіндіреді зауыттықтар.
Осыған орай, мүлде жаңа, тиімді кабельдік өнімдер шығаруға қабілетті инновациялық өндірісті құру қажеттілігі туындады. Нәтижесінде осыдан үш жыл бұрын Алматыдағы индустриалды аймақ аумағында мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде салынған Евразкабель зауыты іске қосылды. Бай коммерциялық, өндірістік, ғылыми-зерттеу тәжірибесінің болуы кәсіпорын командасына Еуразиялық одақ аумағында әлемнің жетекші металлургия және мұнай-химия компанияларының үздік инновациялық материалдарын пайдалана отырып, энергиялық тиімді, экологиялық таза кабель өнімін өндіру бойынша зауыт құруға мүмкіндік берді. Мұндай соңғы үлгідегі өндірістер нарықтың дамуына ғана емес, сонымен қатар экологиялық проблемаларды шешуге едәуір ықпал етеді.
Зауыт 330 кВ дейінгі кабельдік өнімдерді шығаруға қабілетті инновациялық Siemens құралдарымен жабдықталған. Бүгінгі күні кабель зауытының қуаты жылына 25 мың тонна мыс сымды құрайды. Өндірістегі тың құрылғылар мен технологиялық желілер ең жоғары сапа стандарттарына сай келетін қимасы 1600 мм кв дейін және кернеуі 0,66 кВ-тан 330 кВ-қа дейін кабельдік өнімдердің барлық желісін шығаруға мүмкіндік береді. Жаңа технологияларды қолданудың нәтижесінде азаматтық және өнеркәсіптік құрылыстың барлық салалары үшін неғұрлым берік, қауіпсіз және ұзаққа жарамды кабель бұйымдары өндіріледі. Зауыттың барлық өнімі ұзартылған кешенді кепілдікпен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар кабельдерді температура, ылғалдылық және қажетті механикалық жүктемелерді ескере отырып, әртүрлі климаттық жағдайларға бейімдеп жасауға болады.
Жобаны жүзеге асыруға 11,3 миллиард теңге инвестиция салынып, алматылықтар үшін қосымша 80 жұмыс орны құрылды. Енді бүгін MEK халықаралық энергетикалық стандартына, Еуропалық DIN стандартына, BSI Британдық стандарттау институты мен Еуразиялық МЕМСТ-қа сәйкес келетін бірегей инновациялық кабельді әзірлеуге және өндіруге мамандандырылған зауыттың жақсартылған өнімдері жергілікті нарықты игерумен қатар, көршілес мемлекеттерге, оның ішінде ЕЭАО-ға, сондай-ақ Парсы шығанағына сатылымға шығарылуда.
БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ







