Қамбадағы астық – халық қазынасы

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz
Кеңес заманының көзін көрген оқырмандар сол кезгі баспасөздің «Егінжайдан ескен леп», «Астық үшін алапат күрес басталды», «Қырмандағы қызу еңбек» деп жалаулатып, ұрандатқан суреттеме-очерктерін ұмыта қоймаған болар. Иә, есейген қыз-бозбаладан еңкейген кәрі-құртаңға дейінгі ауыл халқы тегіс жұмылдырылатын, бидай орып, дән тасыған техника үні ертелі-кеш бір толастамайтын егіс науқаны сән-салтанаты жарасқан кәдімгідей еңбек мерекесі-тін. Сондықтан да Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте қазіргі сала басшыларының «соңғы дерек бойынша республикада 15,5 млн гектар жердегі дәнді және дәнді-бұршақты дақыл жиналды. Бұл жалпы жинау алаңының 97,9 пайызын құрайды. Орташа өнімділік гектарына 9,7 центнерден айналып, 15 млн тонна астық түсті. Оның 11,7 млн тоннасы – бидай. Биыл Қазақстанда жиналатын дәнді және майлы дақылдар алаңы 18,9 млн гектарды құрайды. Өнімдердің жалпы түсімінің болжамды көлемі нақтыланған деректер бойынша шамамен 18 млн тоннаға жетеді. Орташа өнімділік гектарына 9,5 центнерден айналады», деген тақпа-тұқ есебін біздің буын өкілдері қоңылтақси қабылдағаны рас.
«Заманына қарай – амалы» деген, айтқандай-ақ бүгінгі заман сөздің емес, істің заманы. Даңғаза мен дүрмектің дәурені өткен. Атқамінерлердің баяндау тәсілі де басқаша. Алыстан орағытпай, мәселенің мәнісіне үңіледі. «Ауа райының қолайсыздығы едәуір қиындықтар туғызды. Бұл жағдайларға қарамастан егін жинау жұмыстары уақытылы басталды. Егін жинау қарқыны өткен жылмен салыстырғанда жоғары. Шаруалар барлық қажетті ресурстармен, оның ішінде қаржыландыру, жанар-жағар май, техника, қосалқы бөлшектер, тұқым, өсімдіктерді қорғау құралдарымен толық қамтамасыз етілді», дейді қысқа қайырып. Бұл үрдіске бас шұлғи отырып, «құрамында клейковинасы жоғары бидай үлесінің өскені байқалады. Әлемдік нарықта жоғары сұранысқа ие клейковинасы 28 пайыз және одан жоғары сапалы Hi-Pro бидайының үлесі өткен жылы 59,7 пайыз болса, биыл 71,3 пайызға жетті», дейміз біз де цифрға кезек беріп. Әрине, санның сапаға ауысқаны қуантпай қоймайды. Биылғы егіннің астығы жоғары сапалы көрсеткіштермен сипатталады. Лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына тапсырылған жұмсақ бидайдың жалпы көлемінің 91 пайызы 1-3 кластарға жатқызылған. 2020 жылы бұл көрсеткіш 83,8 пайызды құраған болатын. 4-5 класты және класқа жатпайтын бидайдың үлесі 2020 жылы 16,2 пайыз болған. Оған қарағанда биыл бұл көрсеткіш 9 пайызға дейін төмендеді. Республикада былтырғы жылдан қалған астықтың көлемі 3,5 млн тонна құрайды, оның 2,8 млн тоннасы – бидай. Бидай мен ұн экспорты Орта Азия елдеріне, дәстүрлі түрде Иран мен Ауғанстан нарығына бағытталатын болады. Астық сапасы жоғары болғандықтан Қытайға жөнелтілетін бидай көлемі артуы мүмкін. Бидайдың экспорттық әлеуеті ұнды қоса есептегенде шамамен 5,5-6 млн тонна көлемінде бағаланып отыр. Республикада сыйымдылығы 29,3 млн тонна болатын астық сақтау қоймалары бар. Оның ішінде астық қабылдайтын кәсіпорындарда 12,4 млн тонна, фермерлерде 16,9 млн тонна астық сақтайтын орын бар. Лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына 1,9 млн тонна астық, оның ішінде 1,67 млн тонна бидай, 163,9 мың тонна арпа және 56,4 мың тонна сұлы, тары, қарақұмық, күріш сияқты дақылдар түсті. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Азық-түлік корпорациясы ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуды жүзеге асырды. Азық-түлік корпорациясының ресурсына 769,4 мың тонна көлемінде бидай, арпа, сұлы, қарақұмық, күнбағыс, зығыр, рапс, соя дақылдарын жеткізу жөнінде келісімшарт жасалды. 3-класты бидайды сатып алу бағасы сапасына байланысты бір тоннасы 103-107 мың теңге көлемінде, 4-класты бидай 98 мың теңге, 2-класты арпаның тоннасы 87 мың теңге болып белгіленді. Сатып алу бағалары қазіргі ішкі нарықтың бағаларына сәйкес келеді. Бұл фермерлердің шығындарын жабуға және табыстарын арттыруларына мүмкіндік береді. Азық-түлік корпорациясының сатып алатын бағасы келісімшарттар жасасқанда бағдар болады. Бағаны әділ белгілеу астық бағасының күрт ауытқуын болдырмайды.
Бұлт – ала, жер – шола деп, қай кезде де ауа райының қабағын бағатын диқан қауым жер-жаһанда климат күнде өзгеріп жатқанда мемлекет қолдауына мұқтаж. Биыл да көктемгі егіс пен күзгі жиын-терім жұмыстарын жүргізу үшін фермерлерге үкімет тарапынан қаржы жеткілікті деңгейде бөлінді. Азық-түлік келісімшарт корпорациясы ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуды жүзеге асырды. Бұл мекеме минералды тыңайтқыш, тұқым, пестицид сатып алған шаруаларға субсидия берді. Сондай-ақ суармалы жерге жұмсалатын су шығынының бір бөлігін өтегені де бар. Онымен қоса инвестициялық субсидия бағдарламасы аясында техника сатып алған, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және қайта өңдеу объектілерін құрған, жылыжайлар мен өсімдік бақтарын салған, суару жүйелерін құрған әрі кеңейткен және тағы басқа да іргелі істерді қолға алған фермерлер шығындарының бір бөлігін жапты. Егін жинау жұмыстарын уақытылы атқару үшін фермерлерге 396,5 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. Мұнай өңдеу зауытындағы отынның тоннасы 189,0 мың теңге, литрі 156 теңге. Операторлардың жеткізу қызметінің құнын қоса есептегенде де, дизель отынының өңірлердегі орташа бағасы қымбат емес. Шаруалар дизель отынының бір литрін 177 теңгеден алды. Сөйтіп, қамбаға алтын астық құйып, халық қазынасын молайтқан диқандар биылғы егін жинау науқанын да ойдағыдай атқарып, діттеген межеден шыға білді.







