Сутегі отыны пайдаланылатын алғашқы жоба

21 қазан 2021
Сутегі отыны пайдаланылатын алғашқы жоба

Мемлекет басшысының 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі тапсырмасына сәйкес дәстүрлі қуат көздерін пайдалану деңгейін төмендету энергетика саласын жаңғыртудың  басым бағыттарының бірі ретінде қарастырылып отыр. Осы тұрғыда  экологиялық балама  отын көздері – жаңартылатын  және сутегі энергетикасын дамыту бағытында қолға алынып жатқан жобалар бүгінде аз емес.

Елімізде сутегі энергетикасын дамыту бағытында алғаш қадам жасаған «ҚазМұнайГаз» компаниясы болды.

Өткен аптада «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы (ҚМГ), «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС және «Эр Ликид Мұнай Тех Газы» компаниясы (Air Liquide бөлімшесі) көміртегі бейтараптығына қол жеткізу міндеттері аясында Қазақстан Республикасында сутегі бастамаларын дамытуға бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Құжат тараптардың сутекті қоз­ғалтқышы бар автомобильдерге ар­налған сутегі құю бекеттерін ашу жөніндегі өзара іс-қимылын үйлес­тіру, сондай-ақ сутегі бекеттерін «Эр Ликид Мунай Тех Газы» компа­ниясының Атырау мұнай өңдеу зауытында жұмыс істеп тұрған қондыр­ғыларындағы отын сапасына сәйкес келетін сутегімен қамтамасыз етуді көздейді. 
Келісімге қол қою рәсімі барысында ұлттық компания мамандары бензин мен дизельге экологиялық балама ретінде сутегі отынын пайдалану технологиясы Қазақстанда алғаш рет ұсынылып отырғанын атап өтті. Қанатқақты жоба екі кезеңнен тұрады. Жобаны іске асырудың бірінші кезеңінде 2022 жылдың нау­рыз айының соңына дейін Атырау қаласында мобильді сутегі құю бекетін орнату, сондай-ақ Атырау мұнай өңдеу зауыты қызметкерлерін тасымалдайтын сутегі қозғалтқышы бар автобус­тар мен жеңіл көліктер сатып алу қарастырылған.
Жобаның екінші кезеңі аясында келесі жылдың соңына қарай «Эр Ликид Мунай Тех Газы» компаниясымен бірлесіп, станцияны тиісті сападағы сутегімен қамтамасыз ету бағытында қолға алынған жұмыстарды аяқтау және Атырау қаласында стационарлық сутегі құю бекетін іске қосу жоспарланып отыр.
– «ҚазМұнайГаз» компаниясы Мемлекет басшысының 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі тапсырмасына сәйкес және жалпы әлемдік трендтерді басшылыққа ала отырып, сутегі энергетикасын ұзақ мерзімді перспективада компания қызметін декарбонизациялау бағдарламасының басым бағыттарының бірі ретінде қарастырып отыр. Көміртегі көлемін азайту активтер құнының өсуіне ғана септігін тигізіп қоймай, біздің инвестициялық тартымдылығымызды да арттырады, – деп атап өтті ҚМГ басқарма төрағасы Алик Айдарбаев.
Қазіргі уақытта «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ 2022-2031 жылдарға арналған даму стратегиясында белгіленген өзекті мәселелер басты назарға алынып, төмен көміртекті даму бағдар­ламасы мақұлданды. Компания атмосфераға шығарылатын көміртегі қалдықтарын 2019 жылғы деңгейден 2031 жылға қарай 15 пайызға төмен­дету мақсатын қойды, бұл шамамен 1,6 миллион тонна көміртек қалдығын құрайды.
Осынау мақсатқа қол жеткізу үшін энергия тиімділігін арттыру және энергия үнемдеу саласындағы іс-шараларды жүйелі жолға қою, жаңартылатын және сутегі энергетикасын дамыту, көміртегіні өндіру және сақтау жөніндегі технологияларды қолдану, қоршаған орта мен экологиялық жағдайдың жақсара түсуіне оң әсері мол орман қорын молайту жобаларын іске асыру қа­рас­тырылған. ҚМГ осы бағытта ком­панияның әлеуетін арттыру және өндірілген сутегіні өз активтерінде пайдалану үшін сутектік мобильділік саласындағы қанатқақты жобаны іске асыра бастады. 
Сутегі отыны бензин мен дизельге экологиялық балама болып табылады, өйткені оны пайдаланғанда шығатын негізгі қосалқы өнім – су. Сонымен қатар, сутегінің бензинге қарағанда шығыны әлдеқайда аз – 100 шақырымдық қашықтыққа бар-жоғы 0,6 келі сутегі жұмсалады. Сутегі құю бекеті сутегіні сақтау, салқындату, сығымдау және тарату жүйелерінен тұрады.
Жобаның серіктесі – француздың әлемге әйгілі Air Liquide компаниясы соңғы елу жылда сутегі жеткізудің барлық өндірістік тізбегін жолға қойды. Бұл дегеніміз – сутегі отынын өндіруден бастап оны сақтауға, соңғы тұтынушыларға арналған қосымшаларды әзірлеу және тара­туға дейінгі аралықты қамтитын толық­қанды өндіріс. Бүгінгі күнге дейін компания дүниежүзі бойынша 120-дан астам сутегі құю бекетін жобалап, іске қосқан.

РЫМТАЙ САҒЫНБЕКОВА

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

Сутегі отыны пайдаланылатын алғашқы жоба · Мұрағат