Ұлттық жобалардың діттегені – ел келешегі

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz
Ел экономикасын еселеуге, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бағдарламалар мен жоба-жоспарлардың барлығының көздейтіні – кемел келешек іргетасын қалау. Алайда, «алуан-алуан жүйрік бар» демекші, бұл жобалардың діттеген жеріне жетпей жығылғандары ойдағыдай орындалып, баянды болғандары да жеткілікті. Бұдан бұрындары атап өткеніміздей, биылғы халыққа Жолдауында Президент Қ.Тоқаев мемлекеттік бағдарламалардан ұлттық жобаларға көшу туралы тапсырма берген, ондағы құжатта бұл жобалар жалпыұлттық басымдықтар мен ұлттық қауіпсіздік стратегиясын іске асыру үшін әзірленетіні атап көрсетілген-ді. Биылғы шілде айында реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысында Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі мен Үкімет бірлесіп әзірлеген, 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарын жүзеге асыруға бағытталған он ұлттық жоба жұртшылыққа таныстырылды. Енді міне, көптен күткен сол жобалардың өткен аптада Жарлықпен бекітілгені жөнінде естіп-біліп жатырмыз.
Ұлттық жобалардың басым міндеттері – экономика тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін одан әрі күшейту, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту. Бюджет қаражаты мен жеке инвестиция есебінен қаржыландыру көзделген жобалар ішінде ел келешегі – жеткіншек жастарға сапалы білім беруге, олардың дүниетанымдық және рухани бет-бейнесін жақсартуға бағытталған «Білімді ұлт»; әрбір азаматқа қолжетімді денсаулық сақтау қызметін қалыптастыруды көздейтін «Дені сау ұлт»; тарих қатпарларына үңілуді және қазіргі заман ақиқатын түсініп-түйсінуді негізгі нысана тұтатын «Ұлттық рухани жаңғыру»; қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағдарланған «Орнықты экономикалық өсу» жобалары адами капиталды жетілдіріп, дамытуды мақсат тұтады. Ал, «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс», «Кәсіпкерлікті дамыту», «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері», «Жасыл Қазақстан», «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту» ұлттық жобалары ел ырыздығын арттыру, экономикалық өсімді еселеу міндетін шешетін болады. Антропогендік және техногендік, сондай-ақ саяси қатерлерлердің алдын алуға бағытталған «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы мемлекеттің саяси-әлеуметтік және экономикалық тұрақтылығын сақтауға негізделген. Жас ұрпақ тәрбиесінен бастап «жасыл энергетиканы» дамытуға дейінгі міндеттер ауқымы көзделген мазмұны терең, ауқымы кең ұлттық жобалардың қажеттігі бүгінгі алмағайып өмір талабынан туындап отыр. Осыған байланысты мемлекет басшысы «қазір біз ең қажетті деген азық-түлік бағасының шарықтауына, жалпы инфляцияның өсуіне қатысты шешім қабылдауға мәжбүрміз. Бұдан бөлек халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қатысты қыруар мәселе бар. Мәселен, қуаңшылық мал шаруашылығына кері әсер етіп отыр. Біз қалыптасқан жағдайға шынайы қарайық. Бұл жерде алдымызда тұрған міндетті терең түсініп, үйлесімді жұмыс істеу керек», деп атап өтті. Бұл орайда бұдан 5 жыл бұрын, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап Елбасы Н.Назарбаевтың «5 институтционалды реформасын жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын орындаудың практикалық кезеңі басталғанына тоқтала кеткім келеді. Сол кезеңде мемлекетті, экономика мен қоғамды дамыту үшін қағидатты жаңа құқықтық орта қалыптастыратын 59 заң күшіне енді. Елбасы бұл жөнінде «Бізге тарихымыздағы бұрын-соңды болмаған ауқымдағы ұлттық заңнамаға өзгерістерді бағамдау маңызды. Оның үстіне, олар біздің қазақстандық арманымыз – ХХІ ғасырда көшбасшы отыз елдің бірі болуға қол жеткізуімізге жол ашады», деп атап көрсеткен еді. Ілгері басудың аты аталып, түсі түстелген 13-қадамы «Жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуде», жаңа заңнамалар әзірлей отырып, мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің құрылымында жемқорлық құқық бұзушылықтың жүйелі түрде алдын алу және сауықтыру үшін жемқорлыққа қарсы арнайы бөлім құру туралы тапсырма берілген болатын.
Жемқорлық деген кез келген қоғамға тән әлеуметтік сырқат болып табылады. «Батпандап кірген ауру мысқалдап шығады» дегендей, осынау қауіпті құбылыспен күрес әзірге өз нәтижесін бермей отырғанына кезінде тоқталғанбыз. Жоғарыда айтылған ұлттық жобаларды қаржыландыруға 49 триллион теңге жұмсау жоспарланған. Оның 33 триллионы, яғни 67 пайызы – жеке инвестиция. Мемлекет басшысы ұлттық жобаларды жүзеге асыруға осылайша өте көп қаржы бөлінетінін айтты. «Осыған байланысты мені жемқорлық мәселесі қатты алаңдатады. Ірі жобаларды жүзеге асыруға байланысты, әсіресе, инфрақұрылымдық құрылыс саласында, мол қаржы туралы ақпарат шыға салысымен-ақ, мұндай жобалар жіті бақылап отырған «әккі аңшылардың» назарына бірден ілігеді. Олар бөлінген қаржының бір бөлігін қалталарына басып қалуға тырысады. Әңгіменің ашығын айтайық. Мұны бәріміз білеміз. Сондықтан Үкімет пен тиісті агенттікке аталған мәселені мұқият қарауды ескертемін. Ұлттық жобаларды жүзеге асырудың пайдасы халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталуы тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент ұлттық жобаларды жүзеге асыруға бөлінетін қаржының тиімді жұмсалуын бақылауды қамтамасыз етуге тапсырма берді. Осыған орай уәкілетті орган – Ұлттық жобалардың іске асырылуын мониторингтеу офисі ашылып, оның басшылығына ұлтжанды азамат Арман Евниев тағайындалды. Офис қызметкерлері ұлттық жобалар сапасыз іске асырылған жағдайда оның себептерін және кінәлі тұлғаларды айқындайды, стратегиялық және мемлекеттік жоспарлау органдары анықтамаларының объективтілігіне баға береді. Бұл, әрине, жақсы бастама, дегенмен «көптің көзі – көреген» деген, жобалардың орындалу барысына мүдделі жұртшылықты, бұқаралық ақпарат құралдарын да жұмылдыруды бақылау пәрменділін арттыра түсетінін айта кеткіміз келеді.







