Жастар үйлі бола ала ма?

Еліміз астанасында жас мамандарға арналған «Elorda Jastary» атты жеңілдетілген әлеуметтік несиелендіру тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. 14 қазанда басталған өтініштерді қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін қатысушыларды іріктеу балдық жүйеге сәйкес жүзеге асырылады. Елордамызда осынау жақсы жаңалық тарағалы бері оған қызығушылық та арта түскені даусыз. Енді бағдарламаның нақты орындалуы қалай болмақ, күпті тұстары қандай деген сауалдарға жауап іздеп көрелік.
Шарттардың ең бастысы – бағдарламаға қатысушылардың жасы 35-тен аспауы тиіс. Elorda Zhastary тұрғын үй бағдарламасы – Нұр-Сұлтан әкімдігі мен Отбасы банкінің бірлескен жобасы. Өтінімдерді қабылдау 14 қазанда басталып, бағдарлама порталында жүзеге асырылады. Бағдарлама бойынша қарыз алушыларға несие беру үшін 3,6 миллиард теңге бөлінеді. Бұл қаражат бағдарламаның 200-ге жуық қатысушысын несиелендіруге көмектеседі. Бағдарламаны жүзеге асырушылардың тұрғын үйлі болудан үміткерлердің алдына қойған талаптарының негізгілері осылар.
Алайда, ә дегеннен мәселенің көмескі тұстары да қылтиып көрініс бере бастады. «Неге қатысушының жасы 35-тен аспауы керек?», «Қарыздың ең жоғары сомасы неліктен 18 миллион теңгеге дейін?», т.б. сауалдар астында қалдық деп отыр мамандар.
Шынында да, тұрғын үйге (пәтерге) бағаның ең жоғары деңгейін 18 миллион теңгеге тіреп қоюы да тегін емес. Бұл, мейлі, үкімет тарапынан бөлініп отырған, қыруар қаржының (жоғарыда аталғандай – 3,6 миллиард теңге) әлден-ақ «пысықайлар» мен делдалдардың қалтасына түсуін көздеген шара емес пе? Үміткердің Отбасы банкінде сатып алатын баспана құнының 10% мөлшеріндегі алғашқы жарнасы бар депозиті болуы тиіс (салымның бар екені туралы анықтама немесе шот бойынша үзінді көшірме) деген талаптың қандай қисыны бар?
«Айналайын, ағатайлар-ау, жаңағы 18 миллионның 10%-ы депозитте жатса, пәтер іздеп несіне сандаламын, бар-жоғы шауып шыққанда 100 немесе 120 мың теңге ғана қолыма жалақы алсам?». Нақ осылай деді, менімен әңгімесінде, өзі менен интервью алып тұрған жас әріптесім. Рас айтады, Қостанайдан астанаға ат арылтып келген бір жас жігіттің жағдайы осындай, бірақ ол жалғыз емес, ең өкінішітісі де осы емес пе?
Бағдарламаға қатыса алатын адамдар қатарына мұғалімдер, дәрігерлер, журналистер, мәдениет саласының қызметкерлері, спортшылар, әлеуметтік, коммуналдық сала қызметкерлері, полиция департаменті қызметкерлері, ТЖҚ қызметкерлері және жетім балалар енгізілген. Қоғамдағы аз қамтылып жүрген категориялар бұл тізімге мейлінше кеңінен тартылғаны қуантады. Дегенмен, олардың алдына қойылып отырған талаптар тым қатаң емес пе деген де пікір басым. Қатысушы және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің соңғы 1 жыл ішінде Нұр-Сұлтанда үздіксіз тұрақты тіркеуі болуы қажет. Кешегі кеңестер одағы кезінде еліміздің астанасы – Алматы қаласы мен облыстардың орталықтарына жергілікті халықты көптеп енгізбеуді көздеген тап осы «тұрақты тіркеу» деген саясаттың мұнда не қажеттігі бар еді?
«Соңғы 5 жыл ішінде бағдарламаға қатысушы мен оның отбасы мүшелерінің Қазақстан аумағында сатып алу құқығымен жалдамалы тұрғын үйі немесе меншік құқығында тұрғын үйі болмауы қажет» деген талапты қалай түсінуге болады? Қарағым-ау, жаңағы Қостанайдан келген баланың сол облыс орталығы емес, аудандарының бірінде үйі болуы әбден мүмкін ғой. Әке-шешесі жастары келген қария адамдар, үй соның атына тіркелсе, ол енді осы астанамыздан үй алуға құқы жоқ па? Осы мәселені де тиісті органдар оңды шешуге тырысулары тиіс, деп есептейді құқық қорғаушылар мен тиісті мамандар. «Қазір қалада пәтер кезегінде тұрған алты жарым мың жас маман бар. Олардың әрқайсысы осы бағдарламадан үмітті. Бірақ шенділер жобаға тек сегіз санатқа кіретін маман иелері ғана қатыса алады дейді. «Елорда жастарымен» 100-ден аса отбасы ғана баспаналы бола алады», – дейді Нұр-Сұлтан қалалық жастар саясаты басқармасының басшысы Қайрат Қамбаров.
Бұдан әрі ол: «Елорда жастары» бағдарламасы бойынша несие 5 процентпен беріледі. Алғашқы жарна көлемі – пәтер құнының 10 проценті. Ипотека 20 жылға қарастырылған. Бірақ «Отбасы банкі» АҚ оны 14 жылға дейін кемітіп тастауы да бек мүмкін. Бас қалада басталғалы жатқан жобада бақ сынайтын кімдер? Тұрақты тіркеуі барлар, кемі бір жыл болуға тиіс. Сосын тұрақты жұмыс істейтіндер. Жан басына шаққандағы табысы 140 мың теңгеден аспаса – «Елорда жастары» арқылы үйлі болуға мүмкіндігі зор», – деп түйіндеді өз пікірін.
Нағыз жанашыр маман пікірінен кейін тағы қосымша сұрақтар туындайды. Басында бұл бағдарламаға астана жастарының 200-ге жуығы қатыса алады деген болса, қалалық жастар саясаты басқармасы басшысының айтуынша, «100-ден аса отбасы ғана баспаналы бола алады» екен. Бұған қарағанда, қазірдің өзінде-ақ кімнің пәтер алып, кімнің одан қағылатыны белгілі болып тұрғандай емес пе?
Сондай-ақ «Қарыздың ең жоғары сомасы 18 миллион теңгеге дейін» деген талаптың тегіннен-тегін қойылмай отырғанын да аңғару қиын емес. Таяуда бір көршіміз 1 бөлмелі пәтерін 15 миллион теңгеге бағалап, өткізе алмай, ақыры сатпаймын деп шешімге келді. Соңғы кездердегі пәтер немесе жеке үй сатып алуға зейнетақы қорынан қаражат бөлінуіне мүмкіндік берілуі бағаны көтеріп жібергені рас. Осы жолдар авторы үлкен ұлдың сол қордағы қаржысынан екі бөлмелі пәтерге зейнеткерлік жасқа енді жеткенде ғана іліккенін дәтке қуат санап отырған жәйі бар. Еңбекке енді араласқан немесе 5-10 жыл ғана еңбек өтілі бар жастарда қайдан 18-20 миллион теңге қоры болады Отбасы банкінде! Әрине, жеке кәсіпкерлікпен айналысып, жоқ дегенде жылдық табысы 1 миллион теңгеден асып жығылатын жастар немесе айлық жалақысы 500 мың теңге болатын мемлекеттік сыңайлы мекемелердің қызметкері болса, олар аталмыш бағдарламаға еркін қатыса алады.
Дегенмен, үкімет тарапынан және астаналық әкімдік қолдап отырған бұл бағдарлама жастар арасында айтарлықтай серпін туғызды. Олар ерте бастан қамданып, банктерде тиісті депозиттер ашып, қаржылық біліктігін арттыра отырып, қорларын молайтуға ынта білдіре бастағаны даусыз. Ең маңыздысы осы деп білеміз.
Айта кету керек, осы бағдарламаға өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталған соң қатысушыларды іріктеу басталады. Ал, үміткерлер пулы балдық жүйе бойынша қалыптасады. Ол еңбек өтілін және өтініш берушінің (ерлі-зайыптылардың біреуінің немесе олардың балаларының) 1, 2, 3 мүгедектік тобына жататын-жатпайтынын ескереді. Пул құрылғаннан кейін оның қатысушылары Отбасы банкінен несие алуға жолдама алады. «Жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасын іске асыруға Отбасы банкі мен 2021-2023 жылдарға арналған Elorda Jastary бағдарламасы көмектеседі. Бағдарлама жастарға, соның ішінде тұрғын үй желісі бойынша толық қолдау көрсетуге бағытталған. Сонымен қатар, Elorda Jastary бағдарламасында білім беру, жұмыспен қамту, бос уақытты пайдалы өткізу және т.б. бағыттар бар», – деді қала әкімі Алтай Көлгінов осы бағдарламаға түсініктеме беру барысында.
Исатай ҚАМБАРОВ







